Accessibility links

Қазақстан автонарығында жаңа көлік тапшы. Неге?


Автосалондағы жаңа көліктер. Көрнекі сурет.
Автосалондағы жаңа көліктер. Көрнекі сурет.

Әлемдік автонарықтағы жаңа көлік тапшылығы Қазақстанда да қатты сезіліп отыр. Соның салдарынан қазір базарда тебілген ескілеу көлік қымбаттап жатыр. Азаттық көлік нарығындағы жағдайды анықтап көрді.

"БАРЛЫҚ КӨЛІК АЛДЫН АЛА САТЫЛЫП КЕТТІ"

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Мұхит пен Бибінұр (ерлі-зайыпты фамилиясын жарияламауды сұрады) жаңа көлік сатып алуды бұрыннан армандайтын. Биыл жазда олар су жаңа көлік сатып алуға автосалонға барған.

– Алты жарым миллион теңгеге JAC S3 (Қытайда шығарылған кроссовер) аламыз деп ойлағанбыз. Бірақ автосалонда бұл көлік болмады, сондықтан кезекке тұруға тура келді. Бізге қымбатырақ басқа бірнеше моделін ұсынды, бірақ оны қалтамыз көтермеді. Басында көлікті төрт пайыздық жеңілдетілген кредитпен алсақ дегенбіз. Алайда ондай несиеге кезекте тұрғандар тым көп екен. Сондықтан автокредиттің кәдімгі түрі – 18 пайыздығымен аламыз деп шештік. Бұл несиенің проценті аз деп есептеледі, себебі көліктер Қазақстанда құрастырылған, – дейді Бибінұр.

Нұр-Сұлтан көшесінде автокөлік. 10 қазан 2021 ж.
Нұр-Сұлтан көшесінде автокөлік. 10 қазан 2021 ж.

Банк Мұхит пен Бибінұрға автокредит беруге келіскен, бірақ шарт бойынша олар көлікті төрт айдың ішінде сатып алуы тиіс. Ал ерлі-зайыпты таңдаған автосалонға жаңа көлік қашан түсетіні белгісіз еді.

– Автосалон менеджеріне жаңа көлік келген бетте бізге хабарласыңыз деп ақша да төледік. Бірер айдан соң ол бізге хабарласып, бір клиентке кредит берілмеді, көлікті бір сағаттың ішінде тез алып кетіңіздер, әйтпесе басқа адам сатып алып қояды деді. Автосалонға келіп, 2021 жылғы JAC S3 көлігін сатып алдық. Сөйтсек, біз көлік күтіп жүргенде бағасы тағы 100 мың теңгеге өсіп кетіпті. Айтпақшы, арзанға көлік табылып қала ма деп басқа автосалондарға да бардық. Бірақ ондағы менеджерлер барлық көлікті жыл соңына дейін алдын ала сатып алып қойғанын айтты, – дейді Бибінұр.

"ҚЫТАЙ ҮШІН БІЗ НӨМЕРІ БІРІНШІ НАРЫҚ ЕМЕСПІЗ"

Жаңа автокөлік тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сезіліп отыр. Сарапшылар бұған негізгі себеп – мәшине мен тұрмысқа арналған техникада қолданылатын микрочип жетіспей жатыр деп түсіндіреді.

– Көліктің негізгі бөлшектері бізге Корея мен Жапониядан келеді. Ол елдерде жұрттың табысы өзіне жетеді, орташа жалақы деңгейі өте жоғары, сондықтан автокөлік қана емес, басқа да техника сатып алуға жағдайы бар. Пандемия кезінде бұл елдерде автомобильге қарағанда теледидар, "ақылды" тоңазытқыш сынды тұрмыс техникасы көп сатылды. Сондықтан микрочиптер тұрмыс техникасына жұмсалды. Ал автокөлік саласы екінші орынға ығысты, өйткені олар үшін аса қажет дүние саналмайды, – дейді автожурналист Олжас Оқас.

Олжас Оқас көліктерді алыс шетелден Қазақстанға жеткізу де қиындап, кезек көбейгенін айтады. Мысалы, қазақстандықтардың көбі отбасы бюджеті көтереді деп сатып алатын кореялық Hundai және Kia көліктері Қытайда тұрып қалған. Себебі бұл елдегі порттар мен теміржол көліктерді жеткізіп үлгермей жатыр.

– Қытай үшін біз нөмері бірінші нарық емеспіз, сондықтан олар автокөліктерді асықпай жіберіп жатыр. Біз [кезек келуін] күте тұратын үшінші елдердің қатарындамыз, – дейді автожурналист.

Қазақстан автобизнес қауымдастығы дерегінше, 2021 жылғы тамыз айында (қыркүйектің дерегі әлі түспеген) елде жаңа көлік саудасы 5,4 пайызға құлдыраған, ал жаңа көлікке сұраныс артып барады.

"Дилерлер мен көлік шығарушылар Қытай арқылы келетін көлікті жеткізу бойынша шешім күтіп отыр. Көлік жөнелту кезегі бірнеше айға созылып кетті. Бұған қоса, әлемдік нарықтағы электронды бөлшек тапшылығынан ұсыныс пен сұраныс арасында алшақтық ай сайын ұлғайып бара жатыр" деп жазды қауымдастық сайтында.

Сайт сарапшыларының есебінше, жұрт ең көп алатын бес модельдің қатарына Chevrolet Cobalt, Chevrolet Nexia, Hyundai Accent, Toyota Camry және Hundai Elantra кіреді.

Жапониядан шетелге жөнелтілетін автокөліктер портта тұр. Көрнекі сурет.
Жапониядан шетелге жөнелтілетін автокөліктер портта тұр. Көрнекі сурет.

Автожурналист Олжас Оқас бұл жерде негізінен әдеттегідей құрастырылған (базалық) автокөлік жайлы сөз болып отырғанын, ал егер көлік сатып алушы қандай да бір қосымша бөлшектер қосуды (эксклюзив) қаласа, онда ұзағырақ күтуіне тура келетінін айтады.

– Қазақстанда байқалып отырған тағы бір тенденция – микрочиптің зәру затқа айналуы бағаға әсер етіп отыр, өйткені шынымен мәшине жетпей жатыр, ал сұраныс артқан, – дейді Олжас Оқас. – Дилерлер осыны пайдаланып, қосымша қызмет бағасын көтеріп, көлік құнын айтарлықтай қымбаттатып жатыр. Бірақ олардың солай жасауға хақы бар, себебі олар да қосымша сервис арқылы пайда тауып қалғысы келеді. Қазір олар қымсынбай саудаласуға көшкен. Бұрын автосалоннан мәшине сатып алсам, қосымша сервисті сыпайы түрде ұсынатын, яғни, "бізден 100 долларға көлікке қажет төсеніш сатып алмайсыз ба?" деп сұрайтын. Ал қазір көлікке бірден шуды бәсеңдететін қаптама жапсырып, төсеніш салып, әлдебір мультимедиа орнатып, "мінеки мәшинеңіз, тек 700 мың теңгеге қымбат, өйткені қосымша заттар орнатылған, егер алғыңыз келмесе, басқа клиент бар" деп қарап тұрады.

"ЖАҚСЫ КӨЛІККЕ ҚАШАН ДА СҰРАНЫС БАР"

Қазақстандық автодилерлер елдегі көлік тапшылығын әлемдік дағдарыс әсері деп түсіндіреді.

"Астана моторс" компаниясы Азаттыққа берген жазбаша жауабында "Барлық көлік моделі тапшы, маркасы мен моделіне байланысты жаңа көлікті 1-6 ай шамасында күтуге тура келеді. Компания шетелдік автокөлік брендтері және мәшине шығарушылармен Қазақстанға бөлінетін квотаны арттыру жайлы келіссөз жүргізіп жатыр" деп мәлімдеді.

Жаңа автокөлік сататын салон. Көрнекі сурет.
Жаңа автокөлік сататын салон. Көрнекі сурет.

Су жаңа көлік тапшылығы тебілген ескі көлік бағасына да әсер етіп отыр. Қазір ондай көлік бірнеше айда қымбаттап кетті. Әзірге ескі мәшине бағасының төмендейтін түрі жоқ.

Алматы тұрғыны Сергей Артемьевтің ескі көлік сатылатын базардан қалтасы көтеретін бағаға өзі қалайтындай көлік іздеп жүргеніне екі айдың жүзі болды. Ол бұрын тепкен көлігін екі миллион теңгеге сатып жіберген. Өзі несиеге басқа көлік сатып алмақшы болған.

– 2005 жылғы Lexus RX көлігін бес-алты миллион теңгеге алсам деп ойлаған едім. Бірақ бірнеше айдың ішінде баға шарықтап кетті. Алты миллион теңгеге қағылған-соғылған Lexus қана келеді, оған бір миллион теңге жұмсап жөндеу керек. Ал тебілген, бірақ жағдайы жақсы Lexus RX бағасы сегіз миллион теңгеге дейін барады, – дейді ол.

Сергей ескі көліктің қымбаттауына жаңа мәшине тапшылығы себеп болып отыр деп біледі.

– Қазір автосалондарда таңдау жоқ, бұрынғыдай барып, өзің іздеген көлігіңді ала алмайсың. Сондықтан ескі көлік сатылатын базарға барасың. Бұл жерде жақсы көлікке сұраныс артқан соң бағаны көтеріп жібереді.

Автожурналист Олжас Оқас та Сергейдің сөзімен келіседі: "Тебілген көліктің жағдайы жақсы болса қазір қымбатқа сатылады. Жағдайы жақсы 2012-2013 жылғы Kia, Hyundai көліктері шамамен бір миллион теңгеге қымбаттады".

Автонарықтағы жағдай қашан қалыпқа келетіні белгісіз. Бірақ базардағы бағаны үнемі қадағалап отырған сарапшылар мен көлік алушы жұрт жақын бір жылда емес деп санайды.

Ал "Астана Моторс" компаниясы Қазақстан автонарығында жаңа көлік тапшылығы әлі кемінде бір жылдай болады деп болжайды. "Жаңа автокөлік жеткізу шамамен 2022 жылдың екінші жартысында реттеледі деп ойлаймыз" дейді компания өкілдері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG