Accessibility links

Хельсинки қоры: Ресей саяси баспана сұраған қарақалпақ белсендісін Өзбекстанға жіберді


Жеткербай Әбдіраманов. Сурет жеке архивтен алынған.
Жеткербай Әбдіраманов. Сурет жеке архивтен алынған.

Желтоқсан ортасында Ресейден саяси баспана сұрап келген қарақалпақ белсендісі Жеткербай Әбдірамановты 27 желтоқсанда Мәскеу әуежайында өзбек арнайы қызметі ұстап, Өзбекстанға алып кеткен. Бұл жөнінде Норвегияда тұратын “Алға Қарақалпақстан” ұйымының жетекшісі Аман Сағидуллаев Адам құқығы жөнінде Түркімен Хельсинки қорына хабарлаған.

Қордың жазуынша, Әбдіраманов Норвегияға баруды жоспарлап, Мурманск арқылы кетпек болған. Алайда ол жерде ФСБ өкілдері оған Мәскеу арқылы кетуге “кеңес беріп”, ақыры ол жақта оны өзбектің арнайы қызметі “қарсы алған”. Қор өкілдері мұны “жақсы ұйымдастырылған қақпан” деп атайды.

Жеткербай Әбдіраманов Ресейге желтоқсан ортасында келген еді. Содан бері ол бірнеше ұсталып, қайта босатылған.

Өзбекстанда Әбдірамановқа "конституциялық құрылымға нұқсан келтіру" және "қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін үнпарақ тарату" баптары негізінде іздеу жарияланған.

Өзбекстанда өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Әбдіраманов Қазақстанға барған. Алайда 2022 жылы жазда Қарақалпақстанды егемендігінен айыратын Өзбекстан Конституциясына түзету енгізуге қарсы қол жинағаны үшін ұсталып, "көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін" 2023 жылы қаңтарда Қырғызстанға шығарылған.

Ақпаратқа қарағанда, ол бірнеше елден саяси баспана алуға ұмтылғанмен талпынысы сәтсіз аяқталған. Ресейге барғанға дейін оны Стамбулдан Біріккен Араб Әмірліктеріне депортациялаған, оны Түркия, Қазақстан, Қырғызстан да кіргізбейді. Таныстарының сөзінше, әбден қапаланған Әбдіраманов Ресейден саяси баспана сұрамақшы болған.

  • 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстандағы наразылықтан кейін Қазақстанда бірнеше қарақалпақ белсендісі ұсталған. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар. Оларға Өзбекстан билігі "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, іздеу салған. Белсенділердің бірі Тілеубике Юлдашева Қазақстаннан Ресейге өтпекші болғанда шекарада тұтқындалды. Қазақстан билігі олардың босқын мәртебесін сұрап берген арыз-өтінішін орындамады. Бесеуі де бір жылдан кейін босап шықты. Бұдан кейін кейбірі шетел асып кетті.
  • Биыл жыл басында Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратов (Мұратбай) ұсталып, бір жылға қамалды. Өзбекстан билігі Ақылбек Мұратовқа "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған. 23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігін беру туралы шешім шығарған. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға экстрадицияламауға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG