Украина әскері Ресейдің Курск облысында басып алған аумағының шамамен жартысынан айырылды, енді қалғанын алдағы бірнеше айда жоғалтуы мүмкін. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Bloomberg жазды. Агенттік дереккөзінің сөзінше, бұл Ресеймен атысты тоқтату бойынша келіссөз кезінде Украинаның позициясын қиындатуы мүмкін.
Әскер тапшылығы мен қару-жарақ жеткізудегі қиындықтың салдарынан аумақты тек көктемге дейін ғана ұстап тұруға болады деді дереккөз. Бұдан кейін Украина күштері не шегінеді, не қоршауда қалады.
Америка шенеуніктері Bloomberg агенттігіне украин күштері онда АҚШ-тың Ресей аумағын ракетамен атқылауға рұқсат бергендігінің арқасында ұзағырақ шыдағанын атап өткен. Дегенмен дереккөздің сөзінше, Киевтің басты мақсаты – аумақты ұстап тұру емес, басып алу қабілетін көрсету. Мұны Украина күштерінің тактикалық сәттілігі деп бағалауға болады деген.
Кей сарапшылар Украина президенті Владимир Зеленский көп адам шығыны болмас үшін Курск облысынан шегінуге рұқсат беруі мүмкін деп санайды. Украина президентінің кеңсесі ақпаратқа түсініктеме бермеді.
- Украинаның қарулы күштеріндегі дереккөз желтоқсан басында BBC ақпарат агенттігіне Курск облысындағы жерді 20 қаңтарда АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясына дейін ұстап тұру қажет деген бұйрық берілгенін айтқан. Инаугурация 2025 жылы 20 қаңтарда өтеді.
- Бұған дейін Reuters агенттігі Украина күштері Курск облысында басып алған аумақтың 40 пайызынан астамынан айырылғанын хабарлаған еді. Желтоқсан басында Ресей қарулы күштері бас штабының жетекшісі Валерий Герасимов украин әскерінің алға жылжуы тоқтағанын, адам шығыны 40 мыңға жеткенін айтқан. Президент Владимир Путин украин күштері аймақтан толық тықсырылады деген.
- АҚШ және Оңтүстік Корея барлау қызметінің айтуынша, Курск облысындағы шайқастарға Ресей жағында 10 мыңнан астам солтүстіккореялық солдат қатысып жатыр. Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, солтүстіккореялық контингент жараланғандар мен қаза болғандарды қоса есептегенде үш мыңнан астам адамынан айырылған. Сеул дерегінше, адам шығыны 1100 адамға жеткен.