Спутниктен түсірілген суреттер мен қолда бар өзге де деректер 1 маусым күні украин дрондары Ресей әскери аэродромдарына жасаған шабуылдың салдарынан Ресей кемінде 10 стратегиялық бомбалаушы ұшағынан айырылғанын растайды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.
"Стратегиялық бомбалаушы ұшақтар жойылған"
OSINT-талдаушы Крис Биггерс 2 маусым күні таңертең Ресейдің Иркутск облысындағы "Белая" аэродромына украин дрондары жасаған шабуылдан кейін спутниктен түсірілген суреттерді жариялады. Бұл суреттер тіпті бұлттың ар жағынан да жер бетіндегі нысандарды "көре" алатын жасанды апертуралы радардың (SAR) көмегімен түсірілген.
Фотосуреттерге қарағанда, әскери әуе базасында 4 Ту-95 және 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшақ жойылғанға ұқсайды.
Шабуылға ұшыраған Ресейдің екінші әскери әуе базасы – Мурманск облысындағы "Оленья" аэродромының әзірге спутниктен түсірілген суреттері жоқ. Алайда Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) жариялаған дроннан түсірілген видеолардың көмегімен 1 маусымда Ресейдің әскери аэродромдарына жасалған, бұрын-соңды болмаған шабуылдың жалпы ауқымын бағамдауға болады.
Intelshizo деген атпен тіркелген Х әлеуметтік желісін қолданушы жүргізген есептеулерге жүгінсек, "Белая" және "Оленья" аэродромдарында кемінде:
• 7 Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы (тағы біреуі зақымданған),
• 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшағы,
• 1 Ан-22 әскери-көлік ұшағы жойылған.
Украинаның "Око Гора ✙ Жаңалықтар мен талдау" атты telegram-ресурсы Мурманск облысындағы "Оленья" аэродромының суреттерін жариялады. Оларға сәйкес, украин дрондары аэродромда тұрған бес ұшаққа шабуыл жасаған: төртеуі – Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы, ал біреуі – Ан-12 әскери-көлік ұшағы.
Украинаның "Өрмек" операциясы
Жексенбі, 1 маусым күні Ресейдің бірнеше өңіріндегі әскери әуе базаларына дрондар шабуыл жасады. Украинаның арнаулы қызметі Ресейдің 40 әскери ұшағын жоюды көздеген "Өрмек" ("Паутина") операциясы жайлы хабарлады.
Дрон шабуылдарының нәтижесінде 13 ұшақ жойылған деп хабарлады Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы жалған ақпарат таратумен күрес орталығының жетекшісі Андрей Коваленко.
Оның айтуынша, зақымдалған ұшақ саны бұдан да көп. Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) кейінірек таратқан мәлімдемесінде Ресейдің стратегиялық әуе күштерінің 41 ұшағы зақымданғаны айтылған. "Дрон жасалған шабуыл нәтижесінде А-50, Ту-95, Ту-22М3 және Ту-160 сияқты 41 ұшаққа залал келтірілді", – делінген СБУ басшысы Василий Малюктың мәлімдемесінде.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні Ресейдің бірнеше өңірінде 117 FPV-дронның көмегімен жасалған шабуылдар нәтижесінде "Ресейдің негізгі аэродромдарында тұрған қанатты зымыран тасымалдаушы стратегиялық ұшақтардың 34%", яғни 43 ұшақ зақымданды немесе жойылды" деп хабарлаған.
Қазіргі таңда анық белгілісі – Мурманск және Иркутск облыстарындағы екі әуе базасында ұшақтар зақымданған немесе жойылған. СБУ хабарламаларында аталған Иванов, Рязань және Амур облыстарындағы аэродромдарға жасалған шабуылдар тойтарылды деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі.
Мурманск пен Иркутск облыстарындағы әуе базаларына шабуыл жасаған дрондар жүк көліктерінен ұшырылған. Оған куәгерлер түсіріп, желіде тараған көптеген видеодеректер айғақ.
1 маусым, жексенбі күні Мурманск және Иркутск облыстарына шабуыл жасаған дрондар тиелген контейнерлер Челябинск қаласындағы қоймада жиналған болуы мүмкін. Мұндай жорамалды OSINT-мамандарының айтқанына сүйеніп, Baza және Mash telegram-арналары хабарлады. Мамандар украин дереккөздері жариялаған фотосуреттерді зерттеп, Челябинскідегі Свердлов тас жолы бойында соған ұқсас қойма барын анықтаған.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің стратегиялық аэродромдарына дрондармен шабуыл жасау – Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы операциясы болғанын растады. "Нәтижесі өте керемет болды. Мұны Украина өз күшімен іске асырды. Жоспарлауға кіріскеннен бастап сәтті жүзеге асырғанға дейін бір жыл, алты ай, тоғыз күн өтті. Бұл – ең алыстағы нысанаға соққы берген операциямыз", – деп жазды Украина президенті СБУ басшысы Василий Малюкпен кездескеннен кейін Telegram парақшасында.
Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны "теракт" деп атады. Ресейлік әскери блогерлердің көпшілігі теория жүзінде мұндай шабуыл Ресейдің ядролық доктринасында жазылған "стратегиялық ядролық күштер нысандарына жасалған шабуылға ядролық қарумен қарымта қайтаруға болады" деген қағидаға сай келеді деп жазды. Алайда әзірге Ресей басшылығы бұл шабуылға байланысты ешқандай ресми реакция білдірген жоқ.
"Жүк көлігімнің ішінен дрондар ұшып шықты"
Ресейлік телеграм-арналар украин FPV-дрондары Челябинск қаласындағы қоймада сақталған, ал оларды тиеген жүк көліктері Челябинск аймағына тиесілі мемлекеттік нөмірлермен тіркелген деп жазды.
Ресейлік құқық қорғау органдарына жақын Baza telegram-арнасының мәліметінше, дрондар автотұрақта тұрған жүк көліктерінен ұшып шыққан. Baza-ның жазуынша, ресейлік тергеушілер жауап алған жүк көлігі жүргізушілерінің бірі – Челябинск тұрғыны, 55 жастағы Александр – көліктің иесі 37 жастағы Артём есімді адам екенін айтқан. Артёмге Мурманск облысындағы бір кәсіпкерден Кольск ауданына төрт құрастырмалы үйді жеткізу туралы тапсырыс түскен.
Бағасын келіскеннен кейін Челябинск тұрғыны әлгі "тауарды" жүк көлігіне тиеп алып, межелі жерге қарай жолға шыққан. Жол бойы оған белгісіз біреу хабарласып, қай жерде тоқтау керегін айтып, жөн сілтеп отырған. Оның соңғы берген нұсқауы – әскери аэродром маңындағы "Роснефть" жанармай құю стансасы жанында тоқта деп айтқан. Дәл сол жерде көлігінен әуеге дрондар ұша бастаған.
Өзге жүк көлігін жүргізушілер де осыған ұқсас оқиғаларды баяндаған. 46 жастағы Сергей есімді жүргізуші Рязань қаласына кірген кезде, жүріп бара жатқан көлігінің төбесі сыпырылып қалып, ішінен дрондар ұша бастағанын айтқан. Құқық қорғау органдары көліктердің "иесін" іздестіріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ол – Украина тумасы көрінеді деп жазды ресейлік блогерлер.
"Осторожно, новости" telegram-арнасы Мурманск облысындағы Оленегорск қаласының тұрғындары жарылыстар мен өрт болғанын хабарлады деп жазды. Қаланың іргесінде "Оленья" әскери аэродромы бар. Supernova+ telegram-арнасы кемінде он жарылыс естілген дейді.
Әлеуметтік желілерде ақпарат тарап кеткеннен кейін Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис аймаққа дрондар шабуыл жасағанын растады. Алайда ол шабуылдардың нақты қай жерде және қандай нысандарға жасалғаны жайлы ақпарат бермеді. Шенеунік халықты дрондарға қатысты фото және видеоларды әлеуметтік желіге жүктемеуге және ешкімге жібермеуге үндеді.
Бұл Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастаған 2022 жылдан бері алғаш рет Сібірге жасалған дрон шабуылы болды. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің айтуынша, Средний кентіндегі әскери бөлім шабуылға ұшыраған.
"Новомальтинск елді мекеніндегі ескі ғимаратқа бір дрон түсті. Дрондардың нақты саны әлі анықталған жоқ", – деді ол.
Бұған қоса, Кобзев дрондар ұшып шыққан жүк көлігі "бұғатталғанын" хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Иркутск облысы Усольск ауданында әуеге түтін көтеріліп жатқаны көрінетін фотосуреттер мен видеолар жарияланған. Ол жерде ресейлік Ту-22М3 бомбалаушы ұшақтары жайғасқан "Белая" әскери аэродромы бар.
Рязань облысының губернаторы Павел Малков та өзі басқаратын өңірге дрондар шабуылдағанын хабарлады. Оның айтуынша, ешкім зардап шекпеген.
Украиналық "Бабель" басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, Украина арнаулы қызметтері 40-тан астам ресейлік әскери ұшақты (арасында А-50, Ту-95 және Ту-22М3 бар) жоюды көздеген "Өрмек" операциясын іске асырды деп хабарлады.
Журналистер бірнеше видео да жариялады. Солардың бірінде Иркутск облысындағы "Белая" әскери аэродромына дрон шабуылы жасалған сәт деп көрсетілген бейнежазба бар.
Кейінірек "Бабель" басылымының Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздері украин дрондары Ресейдегі төрт әскери нысанды – "Белая", "Дягилево", "Оленья" және "Иваново" аэродромдарына шабуыл жасағанын растаған.
Дереккөздердің айтуынша, Украина арнаулы қызметтері Ресей әскери аэродромдарына шабуыл жасау операциясына бір жарым жыл бойы дайындалған. Оны Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі тікелей қадағалаған, ал операцияны Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк пен оның қоластындағы қызметкерлер жүзеге асырған.
Алдымен Ресейге дрондарды, одан соң арнаулы контейнерлерді жеткізген. Кейінірек сол контейнерлерге дрондарды жасырып орналастырған. Ал контейнерлер қақпағын ашуды және ішіне жасырылған дрондарды ұшыруды қашықтан басқарған.
Украина арнаулы қызметі "жиынтығы 41 ресейлік ұшаққа шабуыл жасалды, бұл операцияға қатысқан адамдар қазір Украинада" деп хабарлады.
Axios басылымы аты-жөні аталмаған украин шенеунігінің сөзіне сүйеніп, Украина бұл операция жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігін алдын ала хабардар еткен деп жазды. Ал CBS News дереккөздері болса, Ақ үй бұл шабуылдан хабарсыз болған деп айтқан.
ПІКІРЛЕР