Accessibility links

Әзербайжан парламентінің депутаты: Ресей ұшақ апаты үшін кешірім сұрауы керек


Ақтау маңындағы ұшақ апаты. 25 желтоқсан 2024 жыл.
Ақтау маңындағы ұшақ апаты. 25 желтоқсан 2024 жыл.

Әзербайжан парламентінің депутаты, сондағы халықаралық істер жөніндегі комитеттің мүшесі Расим Мұсабеков Turan агенттігіне бірген сұхбатында "Ұшақ Ресей аумағында, Грозный әуесінде атқыланған. Мұны жоққа шығару мүмкін емес" деп мәлімдеп, Ресей ұшақ апаты үшін кешірім сұрауы керек деді.

Оның сөзінше, Ресейде кінәлілерді қылмыстық жауапқа тартудың орнына "кейбір медиа ізін жасыру үшін" талпынып жатыр.

Депутаттың пікірінше, Ресей жағы тиісінше әрекет етіп, кешірім сұрауы керек.

"Мұны жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек, қаза болғандар мен зардап шеккендерге өтемақы төленуі керек. Бұл болмаса, онда әрине, қатынас басқа дәрежеге көшеді" деді депутат.

Бейсенбі күні Euronews телеарнасы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сүйене отырып, алдын ала тергеу Azerbaijan Airlines ұшағының апатына Ресейдің ракетасы себеп болғанын анықтағанын жазған еді. Одан кейін Reuters агенттігі бірнеше дереккөзіне сілтеп, апатқа Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болды деп хабарлады.

Бұған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты "тергеу қорытынды жасағанша қандай да бір болжам жасау дұрыс емес" деп мәлімдеген еді.

"Тергеу қорытынды жасағанша қандай да бір гипотеза жасау дұрыс емес. Біз де, әрине өйтпейміз және ешкім де өйтпеуі керек. Тергеудің аяқталғанын күту керек" деді Песков бейсенбі күні журналистерге.

Бейсенбі күні Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев Reuters агенттігіне тергеу әзірге, ресейлік әуе қорғанысының апатқа қатысы бары жөнінде қорытындыға келген жоқ деп мәлімдеген.

25 желтоқсанда Ақтау маңына құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза болды. Олардың арасында Қазақстанның алты азаматы бар. Аман қалған 29 адам ауруханаға түскен. Апаттан зардап шеккен 9 ресейлік және 14 әзербайжан азаматы 26 желтоқсанда арнайы бортпен елдеріне әкетілген. Қазір Ақтаудағы ауруханада үш қырғыз және үш әзербайжан азаматы емделіп жатыр.

Euronews телеарнасының жазуынша, Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан ұшаққа Грозный аспанында зымыран сынағы тиген. Дәл сол мезетте Грозныйда дрон қаупіне байланысты ракета ұшырылып, зымыран аспанда ұшақтың маңында жарылып, сынықтары жолаушылар мен бортсеріктерге тиген.

Әзербайжан үкіметіндегі дереккөз Euronews арнасына "бүлінген ұшаққа Ресейдің әуежайларына қонуға рұқсат етпей, рейсті Каспий теңізі арқылы Ақтауға бұрғанын" айтқан.

Апатты тергеу жөніндегі Қазақстан үкіметі комиссиясының жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаев 26 желтоқсанда кешкі брифинг кезінде "барлық нұсқаны растай да, жоққа да шығара алмаймыз" деген.

Көлік министрі Марат Қарабаев Ақтау әуежайының Azerbaijan Airlines ұшағын қабылдауға дайын болды дейді. Оның сөзінше, ұшқыштар ұшақты жолаққа екі рет қондыруға тырысқан.

Ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің ұшақ апатына қатысын Әзербайжан билігіндегі тағы бірнеше дереккөз де растаған.

Бейсенбі күні израильдік El Al әуе компаниясы "Ресейдің әуе кеңістігіндегі оқиғаларға байланысты" Тель-Авивтен Мәскеуге ұшыратын рейстерін уақытша тоқтатынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG