Accessibility links

АҚШ-тағы келіссөз, Путиннің конференциясы және Одессаға шабуыл


АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Кремльдің өкілі Кирилл Дмитриев Санкт-Петербургтегі кездесу кезінде. 2025 жыл.
АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Кремльдің өкілі Кирилл Дмитриев Санкт-Петербургтегі кездесу кезінде. 2025 жыл.

Кремльдің өкілі Кирилл Дмитриев Флоридада АҚШ пен Украина арасындағы келіссөз "конструктивті" өткенін және бейбітшілік келіссөзі 21 желтоқсанда жалғасатынын мәлімдеді. Бірақ кездесудің жай-жапсарын айтпады.

"Талқы конструктивті жалғасып жатыр. Басталды, бүгін-ертең де жалғасады" деді Дмитриев 20 желтоқсанда журналистерге.

АҚШ-тың бейбітшілік жоспарына қатысып жатқан тараптардың барлығы үнемі "ілгерілеушілік" туралы айтады, бірақ жай-жапсарын айтпайды.

Ақ үй келіссөзге түсініктеме берген жоқ, алайда Reuters аты-жөнін айтпаған АҚШ-тың шенеунігіне сүйеніп "бүгінше келіссөз аяқталғанын" жазды.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио демалыс күнгі келіссөздерге қатысатынын айтқан, алайда жай-жапсарын нақтыламады.

Трамп осы демалысты Флорида штаты Майамидің солтүстігінен шамамен 110 шақырым жердегі Палм Бичтегі Мара-Лаго курортында өткізіп жатыр, бірақ келіссөзге қатыспайды.

28 пункт 20-ға дейін қысқарды

Бұл келіссөз – Трамптың мыңдаған адамның өмірін қиған Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату бойынша жасаған қадамдарының кейінгісі. Соғыстың жалғасып жатқанына ақпанда төрт жыл болады.

Қараша айында Трамп әкімшілігі Киевке 28 пунктіден тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынып, қысым жасағаннан кейін дипломатиялық қимылдар жанданған еді. Сыншылар аталған шарт айтарлықтай Мәскеудің мүддесіне орайластырып жазылғанын айтқан.

Украина мен оның Еуропадағы одақтастары – Ұлыбритания, Франция және Германия бастаған ел жетекшілері – Трамп ұсынған бейбітшілік шартына оны біржақты етпейтін және ең бастысы Украинаны Ресейдің болашақ шабуылдарынан қорғауға мүмкіндік беретін өзгерістерді енгізуге талпынып жатыр. Ақпаратқа қарағанда, қазір 28 пункт 20-ға дейін қысқарған және онда Киевтің мүдделері де ескеріле бастаған.

Флоридадағы келіссөздің алдында Рубио Вашингтон ешбір тарапқа келісімді тықпаламайтынын айтты.

"Біз Украинаны аталған келісімге қол қоюға мәжбүрлей алмаймыз. Ресейді де аталған келісімге қол қоюға мәжбүрлей алмаймыз. Оларда келісімге қол қоюға ынта болуы керек" деді ол.

"Менің ойымша, [бұл процесте] алға жылжыдық, бірақ әлі көп нәрсе істеуіміз керек. Және ең күрделі мәселелер әрдайым ең соңында шешіледі" деді Рубио.

Әзірленіп жатқан жоспардың егжей-тегжейі белгісіз, алайда жалпы алғанда Украина қауіпсіздікке кепілдікке қол жеткізеді, бірақ есесіне бірқатар аумақты беруі мүмкін.

Әскери және дипломатиялық қадамдардың үдеуі

Ресей Украинаның азаматтық, инфрақұрылымдық және әскери нысандарына соққы жасауын жалғастырып жатыр. Ал Киев Украинаның шығысындағы позициясын қорғауға талпынып, қарымта соққы жасап жатыр.

Осы аптада Америка уәкілдері Еуропа және Украинаның ресми тұлғаларымен келіссөз жүргізді, Еуроодақ саммиті кезінде Киевке $106 миллиард көлемінде пайызсыз несие беру туралы шешім мақұлданды. Ал Ресей президенті Владимир Путин 4.5 сағатқа созылған конференция кезінде майданда орыс әскерінің "үздіксіз алға жылжып жатқанын" айтып, Кремльдің қатаң талаптарын қайталады.

Ақпарат агенттіктері дереккөздерге сүйене отырып, Америка барлау қызметінің баяндамасында Путин тұтас Украина мен бұрын Совет одағына тиесілі болған аумақтарды басып алуға тырысатыны жөнінде ескерту барын жазды. Бұл АҚШ-тың "Ресей бейбітшілік келісімге ұмтылады" деген ресми мәлімдемесіне қайшы. Путиннің өзі бұрыннан бері "Еуропаға шабуылдамайтынын" айтып келеді.

Өкілдер палатасының барлау жөніндегі комитетінің мүшесі, конгресмен-демократ Майк Куигли Reuters агенттігіне “барлау деректері әрдайым Путин құлқының шексіз екенін көрсетіп келеді” дейді.

“Еуропалықтардың бұған көзі жеткен. Поляктардың бұған шүбәсі жоқ. Балтық елдері біз бірінші боламыз деп топшылайды” деді Куигли Reuters агенттігіне.

ОДЕССА ПОРТЫНА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

2022 жылдың ақпанынан бері АҚШ санкциясына ілінген ресейлік тіке инвестиция қорының жетекшісі Кирилл Дмитриев "соғыс өртін тұтандырушылар" Вашингтоннның бейбітшілік жоспарына тосқауыл қойғысы келеді деп мәлімдеді.

Оның мәлімдемесінен кейін ізінше Ресей Одесса және оның маңындағы елді мекендерге ракетамен шабуылдап, 8 адамды опат қылды, 25-тен астам адам жарақаттанды.

Ресей күштері Одесса аймағына желтоқсанның басынан бері күн сайын-дерлік шабуыл жасап келеді. Қыс кезінде он мыңдаған адам жарықсыз қалды. Шабуыл сумен жабдықтау жүйелеріне де әсер етті.

20 желтоқсанда Украина президенті Владимир Зеленский Кремль Одесса облысындағы порттар мен өзге де аймақтардағы энергетика нысандарына бірнеше күн бойы әуеден үздіксіз соққы жасап, Украинаның Қара теңізге жолын қиғысы келеді деп мәлімдеді.

"Одесса облысындағы жағдай Ресейдің порт инфрақұрылымы мен логистикасына соққы жасауымен күрделенді. Ресей кезекті рет Украинаның теңізге жолын шектеуге және жағалаудағы елді мекендерге шығатын жолды бекітуге талпынып жатыр" деді Зеленский Киевтегі басапасөз жиынында.

"Кремльдің діттегені – хаос туғызу, қыс кезінде моральдық қысым жасау.... отын, азық-түлік, дәрі-дәрмек тапшылығы туындасын деп отыр" деді ол.

Ресей қаншама дәлел барына қарамастан 2022 жылдың ақпанынан бері Украинаның азаматтық нысандарына соққы жасағанын мойындамай келеді. Ол Украинаның әскери емес инфрақұрылым нысандарына, мектептер мен ауруханаларға, электр станциялары мен тұрғын үйлерге талай соққы жасаған.

XS
SM
MD
LG