Accessibility links

Зеленский Донбасс бойынша АҚШ-тың ұсынысы туралы айтты


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

АҚШ өкілдері Украинада бейбітшілік орнатуды талқылау кезінде Киевке Донецк облысынан украин әскерін шығаруды ұсынған – есесіне Ресей әскері ол жаққа әскерін кіргізбейді және ол аумақ "демилитаризацияланған" немесе "еркін экономикалық аймағы" болып саналмақ. Бұл жөнінде бейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский журналистерге айтты. Оның сөзінше, Америка өкілдері мұндай ұсынысты "ымыра" деп санайды, алайда Украина мұнымен келіспейді.

Зеленскийдің сөзінше, Донецк облысы мен Запорожье АЭС-ін бақылау - бейбітшілік келіссөзі кезінде шешілмеген басты мәселелердің бірі болып отыр. Зеленскийдің айтуынша, Ресей қалай болған күнде "тұтас Донбасты өз бақылауына алғысы келеді", ал америкалықтар Украина келісетіндей "қандай да бір формат табуға" тырысып жатыр. Алайда Украина бұған келіспейді деді. Зеленскийдің айтуынша, украин әскері шығарылса, "демилитаризацияланған аймақты" кім басқаратыны америкалықтардың өздеріне белгісіз болып отыр.

Зеленскийдің сөзінше, Украина әскерін майдан сызығында қалдыруы керек деген ұстанымда отыр. Бірақ егер Ресей әскері қандай қашықтыққа ары кетсе, дәл сондай қашықтыққа да Украина өз әскерін әкетуге келісуі мүмкін. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, қазіргі бейбітшілік жоспары Ресей әскерін Харьков Сумы, Днепропетровск облыстарында өздері басып алған аумақтан әкетуді қарастырады - бірақ бұған Донецк, Луганск, Запорожье немесе Херсон кірмейді.

Қазір Ресей бақылап отырған Запорожье АЭС-і туралы айтқан Зеленский АҚШ станцияны екі жақ бірігіп басқарғаны дұрыс деп санайды. Украина президенті бұл орыс әскері станция маңынан кеткенде мұндай нәрсе мүмкін екенін жоққа шығармады.

Зеленскийдің сөзінше, жер мәселесі бойынша түпкілікті шешімді Украина халқы "сайлау форматында немесе референдум форматында шешуі керек" деді. Украинада атысты тоқтату үшін басып алынған аумақты Ресей бақылауында қалдыруға келісетінін, бірақ заң жүзінде мұны мойындамайтынын айтқан.

Зеленскийдің сөзінше, бейсенбі күні Украина мен АҚШ өкілдері қатысқан талқылау өткен. Онда Украинаға қауіпсіздік беру мәселесі қарастырылған. Оған Пентагон басшысы Пит Хегсет, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, НАТО бас хатшысы Марк Рютте де қатысқан. Бірақ жиынның жай-жапсары белгісіз,

Axios басылымының жазуынша, сенбі, 13 желтоқсанда Парижде АҚШ, Украина, Франция, Германия мен Ұлыбританияның жоғары лауазымды өкілдері АҚШ-тың бейбітшілік жоспарын талқылайды. Владимир Зеленский мен Еуропа жетекшілері де Трамппен телефонмен сөйлескісі келеді, бірақ әзірге жоспарланбаған деді Axios-тың Ақ үйдегі дереккөзі.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт бейсенбі күні кешке Париждегі кездесуге АҚШ өкілдері қатысатыны-қатыспайтыны белгісіз деді. Оның сөзінше, президент Трамп "кездесудің құр босқа уақыт өлтіру болғанын қаламайды". Оның айтуынша, Трамп "әңгімеден гөрі қимыл болғанын" қалайды және келісіміге келе алмаған екі жақтан да "көңілі қалған".

XS
SM
MD
LG