Accessibility links

Зеленский мен Уиткоффтың кездесуі болмай қалды. Путин талабынан қайтпай отыр


АҚШ президенті Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф (оң жақта) пен Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер (сол жақта) Кремльде. 2 желтоқсан 2025 жыл.
АҚШ президенті Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф (оң жақта) пен Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер (сол жақта) Кремльде. 2 желтоқсан 2025 жыл.

АҚШ президенті Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен бес сағат келіссөз жүргізіп, кейін Вашингтонға ұшып кетті. Негізі Уиткофф Путинмен келіссөзден соң Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі керек еді. Осылайша Вашингтон мен Киев арасында жоспарланған бұл кездесу болмай қалды.

Вашингтонның төрт жылдан бері жалғасып жатқан соғысты тоқтату амалы Мәскеуде тағы сәтсіздікке ұшырағандай. Себебі Кремль мен Ресейдің ресми өкілдері өздерінің қатаң талаптарынан бас тартпайтынын мәлімдеді.

Дипломатиялық жұмыстарда тәжірибесі жоқ, бұрын жылжымайтын мүлік бойынша компанияларды басқарған Уиткофф Кремльден шыққан соң журналистерге пікір бермеді. Ол Вашингтонға оралмас бұрын Мәскеудегі АҚШ елшілігіне барған, кейін АҚШ-қа жолға шыққан. Бұл – Путин мен Трамп өкілінің қаңтардан бергі алтыншы кездесуі.

Екі тарап та бес сағаттық кездесу "конструктивті болғанын" мәлімдеді (Мәскеу де, АҚШ өкілдері де бұған дейінгі кездесулерде де осыған ұқсас мәлімдемелер айтқан еді).

Дегенмен Путиннің сыртқы саясат бойынша негізгі кеңесшісі Юрий Ушаков Ресей басылымдарына бұл кездесуде тараптар "ымыраға келмегенін" айтты.

Ушаков "Американың кейбір ұсыныстары Ресейге қолайлы, кейбірі қолайлы емес" және "АҚШ бейбітшілік жоспарының нақты тұжырымдамасы талқыланбады" деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, кездесуде "жер мәселесі де" сөз болған.

"Біз территория мәселелері шешілмей Украинадағы дағдарыс шешіледі деп айта алмаймыз. Шынымен алға жылжу керек болса, Мәскеу мен Вашингтон дұрыстап іске кірісуі керек" дейді Ушаков.

Пуин мен Ушаков АҚШ делегациясымен кездесуде отыр. Мәскеу. 2 желтоқсан 2025 жыл.
Пуин мен Ушаков АҚШ делегациясымен кездесуде отыр. Мәскеу. 2 желтоқсан 2025 жыл.

Путиннің көмекшісі Мәскеу қазір АҚШ-пен ғана келіссөз жүргізіп жатқанын, 2 желтоқсандағы келіссөзде Украинаның НАТО-ға мүшелігі талқыланғанын айтты. Оның сөзінше, Мәскеу АҚШ өкілдерін "майдандағы ахуалмен де таныстырған". Ушаков Еуропа өкілдері Ресеймен байланысудан бас тартып отыр деді.

Ал Ресей президенті Путин 2 желтоқсанда Уиткоффпен кездесердің алдында Еуропа елдерін айыптай сөйлеп, "Еуропамен соғысатын ойымыз жоқ. Ал егер Еуропа Ресеймен соғыс бастағысы келсе, онда біз бүгін соғысуға дайынбыз" деген еді.

Уиткофф бастаған АҚШ делегациясы Путинмен кездесуге Трамп әкімшілігі ұсынған 28 пункттен тұратын бейбітшілік жоспары тарап кеткен соң келді. Бұл жоспарда Украина Донбасс аймағын толық Ресейге беретіні, НАТО-ға мүше болмайтыны, әскерін 850 мыңнан 600 мыңға азайтуы керегі айтылған еді. Кейін бұл жоспар өзгеріп, 19 пунктке дейін қысқарғаны хабарланған.

"Бұл кездесу ешқашан келіссөз болмады. Бұл – Ресейдің шарттарын әдейі көрсету амалы. Енді Путин осы тікелей сигналы Трамптың позициясын өзгерте ме деп күтеді" дейді шетелде тұратын ресейлік саясаттанушы Татьяна Становая.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Fox News телеарнасына берген сұхбатында "Алға жылжу бар, бірақ әлі діттеген жерге жеткен жоқпыз" деді.

Украина бейбіт жоспар болашақта Ресейдің қайта шабуылдауына мүмкіндік ашады деп қауіптенеді. Дегенмен АҚШ бұл елге он жылдық қауіпсіздік кепілін ұсынғаны айтылған еді.

Путин Еуропамен соғысуға дайынбыз деді. НАТО не деп жауап берді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:08 0:00
XS
SM
MD
LG