ЖАҢАЛЫҚТАР
Трамп АҚШ әскери бюджетінің көлемі 1 трлн долларға жуық болады деген

Дональд Трамп өз әкімшілігі мақұлдаған "АҚШ тарихындағы ең ірі" әскери бюджет көлемі шамамен 1 триллион доллар болатынын айтқан. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі хабарлады. 2026 жылға арналған ресми әскери бюджет көлемі қанша болатыны әлі жарияланған жоқ, қазір АҚШ-тың қорғаныс бюджеті 850 миллиард долларға тең.
"Біз ақшаны қатты үнемдеп жатырмыз, бірақ армиямызды жасақтауымыз керек және күшті болуымыз керек, өйткені қазір айналамызда жаман күш көп", – деді Трамп.
Пентагон басшысы Пит Хегсет АҚШ қорғаныс министрлігі америкалық салық төлеушінің әр долларын "қару-жараққа және жауынгерлік дайындыққа" "ақылмен" жұмсауға ниетті екенін жазды. Ол Трамп "америкалық қарулы күштерді тез арада қалпына келтіреді" деп уәде етті.
Мұндай көлемдегі шығындарды Конгресс мақұлдай ма, жоқ па, ол жағы әзірше белгісіз. Қос палатада да Трампты қолдайтындар аздаған басымдыққа ие, сондықтан дауысқа салған кезде тіпті 1-2 дауыстың өзі маңызды.
2025 жылдың қаңтарында АҚШ-тың сол кездегі қорғаныс министрі Ллойд Остин үкіметке 2026 қаржы жылы қорғанысқа арналған шығын көлемін 926,5 миллиард доллар, 2027 қаржы жылы - 972,8 миллиард доллар, ал 2028 қаржы жылы - 1 триллион доллардан астам сомаға ұлғайту жөнінде кеңес берген. Бірақ ол сомаға АҚШ-тың Украина мен Израильге берген әскери көмек шығындары кірмейді.
Басқа да жаңалықтар
Украина мен АҚШ жақын сәтте сирек металдар келісіміне қол қояды

Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Киев пен Вашингтон арасында сирек металдар келісімге жақын сәтте қол қойылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 30 сәуірде РБК-Украина сайтына хабарлады.
Reuters және Bloomberg агенттігі де келісімге «бүгін-ертең қол қойылатынын» жазды.
Reuters дереккөздеріне сілтеп, Украина премьерінің бірінші орынбасары Юлия Свириденко келісімге қол қою үшін АҚШ-қа аттанғанын айтады.
"Украиналық шенеуніктер келісімге қол қою АҚШ-тың Киевке қолдауын күшейтеді деп үміттенеді" дейді Reuters.
Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланған соң Украинаның сирек металдарын пайдалануды талап еткен. Ол сирек металдарды АҚШ-тың Украинаға соғыс кезінде берген көмегінің қайтарымы деп санайды.
Ақпанның соңында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа келісімге қол қоюға барғанда Трамппен сөзге келіп қалған еді. Кикілжіңнен соң құжатқа қол қойылмаған.
АҚШ пен Украина арасындағы минералдар келісіміне Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдары мен порттары қосылмайды деп жазды келісімнің жобасын көрген Reuters агенттігі. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Украинадан сирек металдардан бөлек порттар мен энергетикалық инфрақұрылымдарды да талап еткені айтылған.
Путин Волгоград әуежайын "Сталинград" деп атау туралы жарлыққа қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин Волгоград халықаралық әуежайын "Сталинград" деп атау туралы жарлыққа қол қойды деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.
Оған дейін ақпарат агенттіктері Путин Волгоград әуежайын Сталинград деп атау туралы идеяны қолдағанын жазды.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, бұл "Волгоград облысының тұрғындары, ардагерлер қауымдастығы, сонымен бірге арнайы әскери операциясы қатысушыларының" өтініші болған. Ресей билігі Украинаға басқыншылығын "арнайы әскери операция" деп атайды.
Әуежайдың атын өзгерту туралы өтінішті Путинге Волгоград облысының губернаторы Андрей Бочаров жеткізген деп айтылады. Путин өтініш айтушылардың сөзі өзі үшін заң екенін айтқан. Ізінше тиісті құжат қабылданған.
Бұдан сәл ертерек "Фонтанка" басылымы Петербургтегі Пулково әуежайы 8-10 мамыр аралығында "Ленинград" деп атауын уақытша өзгертетінін жазған. Сол кезде осыған ұқсас акция Волгоград әуежайына да қатысы болатыны айтылған еді.
Оңтүстік Корея: Украинамен соғыста Солтүстік Кореяның 600 сарбазы қаза болған

Украинадағы соғыста Ресей әскері қатарында болған Солтүстік Кореяның шамамен 600 әскери қызметкері қаза болған. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея ұлттық барлау қызметінің парламентке арнап өткізген тыңдауынан кейін сол елдің депутаттары мәлімдеді.
Жалпы соғыста Солтүстік Корея шамамен 4700 адамын жоғалтқан: 4 мыңнан астамы жараланған, қалғаны опат болған.
Депутаттардың сөзін Reuters және оңтүстіккореялық Yonhap агенттігі келтіреді.
Депутат Ли Сон Квонның сөзінше, жыл басынан бері шамамен 2 мың солтүстіккореялық сарбаз Ресейден Солтүстік Кореяға қайтарылған. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Ресей әскері қатарында соғысқан солтүстіккорялықтардың санын 15 мың деп бағалайды. Депутаттың сөзінше, солтүстіккореялықтардың мүрдесін Курск облысында өртеп, күлін еліне жөнелткен жағдайлар да кездеседі.
Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметінше, әзірге Пхеньянның Ресейге жаңа әскер жібергені жөнінде мәлімет жоқ, бірақ алдағы уақытта жіберуі де ғажап емес.
Бірнеше күн бұрын Мәскеу мен Пхеньян солтүстіккореялықтардың Украинадағы соғысқа қатысқанын ресми түрде мойындаған. Олар Ресейдің Курск облысындағы шайқастарға қатысқан. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның мәлімдемесінен солтүстіккореялықтар арасында соғыста қаза болғандар бар екені байқалады.
Солтүстік Корея Ресейге өз әскерін жібергенін және олардың соғысқа қатысып жатқанын былтыр күзде Оңтүстік Корея мен батыс елдерінің барлау қызметі хабарлаған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің айтуынша, Ресейдің Украинадағы соғысына қатысып жатқан Солтүстік Корея әскери қимылдың созылуына әсер етіп жатыр және соғыс үшін де жауапты. АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс "қырғынға өзге елдер де" қатысып жатқанын атап өтті, бірақ аттарын атамады. Брюс сонымен бірге Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери әріптестікке алаңдаушылық білдіріп, Ресейдің солтүстіккореялықтарды жаттықтыруы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарына қайшы деді.
Мәскеу мен Пхеньянның айтуынша, солтүстіккореялықтар Ресейге екі ел арасындағы келісімшартқа сәйкес жіберілген. Мәскеу өкілдерінің түсіндіруінше, Солтүстік Кореяға шабуыл жасалған жағдайда олар да өз әскерін көмекке жібере алады.
Астана банкінің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа сырттай үкім оқылды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында "Астана банкі" АҚ бұрынғы басшылары мен бұрынғы қызметкерлеріне сот үкімі оқылды. Сот банктің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровты 10 жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлады жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров.
"22 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Астана банкі» АҚ-ның бұрынғы басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Сот директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы және мажоритарлық акционер Олжас Тоқтаровты банкроттыққа дейінгі кезеңде Алматыдағы бизнес орталықтарын өзінің бақылауындағы компаниялардың пайдасына қарай заңсыз иеліктен шығарды және қызмет көрсету деген желеумен ақша жымқырды деп кінәлі таныды" деді Данияр Бегайдаров брифинг кезінде.
Сот үкімі бойынша, Тоқтаровқа тиесілі тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар, жер телімдері, құнды қағаздар, криптовалюта тәркіленбек. Тәркіленетін активтердің жалпы құны 14 млрд теңге.
Бұған қоса, банктің бірнеше бұрынғы қызметкері де кінәлі деп танылған. Агенттіктің мәліметінше, сот олардың "өз кінәларын мойындап, тергеу органдарымен әріптестік орнатқанына байланысты" бостандықты айыру жазасына қатысы жоқ жаза түрін тағайындаған.
Олжас Тоқтаров қазір Қазақстан аумағынан тыс жерде жүр. Былтыр қыркүйекте жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Олжас Тоқтаровты "қылмыстық топ құру" және "жымқыру" бабы бойынша айыптап, ақпарат құралдары арқылы оны тергеуге шақырған еді.
2018 жылы "Астана банкі" "төлем және аударма операциялары бойынша келісімшарттық міндеттемелерді жүйелі түрде орындамағаны үшін, пруденциялық нормативтерді бұзғаны үшін, сонымен бірге уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін" банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған еді. Оның алдында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше банкті сынап, "олардың көрсеткіштері өте нашар" екенін айтқан еді. Арасында "Астана банк" те бар. Халықаралық басылымдар Олжас Тоқтаровты экс-президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа жақын адам ретінде сипаттаған.
Мәжіліс жаңа салық кодексі жобасын қабылдады

Парламенттің төменгі палатасы жаңа салық кодексі жобасын қабылдады. Құжатта қосымша құн салығы (ҚҚС) көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
"Үкімет ұсынған бастапқы 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегі 15 миллион теңгеден 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды", - деді депутат Берік Бейсенғалиев.
Жаңа өзгерістерге сай, медицина саласында қосымша құн салығы тек ақылы қызметтерге салынбақ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Жоба қабылданса, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болмақ. Корпоративтік табыс салығы банк секторы және ойын бизнесі үшін 25% болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы тауары өндірушілерін қолдау мақсатында қосымша есептелген қосымша құн салығы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Депутаттың айтуынша, оларға "салмақ қазіргіге қарағанда азаяды".
Бұған қоса, "байлық салығы да" салынбақ. Жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асқан мүлікке салық көлемін арттыру ұсынылып отыр.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған.
Жұрт әлеуметтік желіде үкіметтің бастамасын сынға алған. Сарапшылар салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түседі деді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде үкімет ұсынған ҚҚС мөлшері тым жоғары деп, бұл мәселені зерттеуді әрі биыл нақты шешім қабылдауды тапсырған.
Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.
Bloomberg: Ресеймен атысты тоқтату бойынша келіссөз тығырыққа тірелді

Ресей президенті Владимир Путин соғысты аяқтау бойынша кез келген келісім аясында Украинаның жартылай оккупацияланған аумақтарына толық бақылау орнатуды талап етіп отыр. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар Мәскеудегі өз дереккөздеріне сүйенген Bloomberg жазды. Мәселе Украинаның Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон областары жөнінде болып отыр.
Bloomberg-тің айтуынша, Путиннің талабы АҚШ президенті Дональд Трамптың соғысты тезірек тоқтату бойынша талпыныстарына соққы болмақ. Агенттік сонымен бірге Ақ үйдің келіссөздерде ілгерілеушіліктің жоқтығынан көңілі қалғандығын айтып отыр.
Bloomberg-тің екі дереккөзінің айтуынша, Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф өткен жұмада Кремльдегі ұзақ келіссөз кезінде Путинді қазіргі майдан сызығында атысты тоқтатуға көндіруге тырысқан. Алайда Ресей басшысы аннексияланған аумақтарға қатысты өзінің бұрынғы ұстанымын өзгертпеген.
Келіссөз қазіргі кезде тығырыққа тірелді және оны жылжыту үшін Путин мен Трамптың өзі тіке сөйлесуі керек деді агенттік дереккөздерінің бірі.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған қатысты пікір айтпаған. Ал АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джеймс Хьюитт "қазіргі талқылауларға комментарий бермейміз" деді.
- Ресей билігі 2022 жылы күзде Украинаның шығысы мен оңтүстік бөлігінде орыс әскері басып алған төрт облыста "референдум" өткізіп, соңынан Путин оларды "Ресей жері" деп жариялаған. Бірақ Ресей аталған облыстарды тұтас бақылауда ұстап отырған жоқ.
- Халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі Қырым мен Украинаның аталған төрт облысын Ресей емес, Украина жері деп таниды. Киев бұған дейін аннексияланған аумақтарды Ресей жері деп мойындамайтынын талай мәлімдеген.
Ресейлік ТМД елдері институтының қызметкері Қазақстанға кіргізілмеді

Ресейлік ТМД елдері институтының қызметкері Андрей Грозин Қазақстанға кіргізілмеді. Бұл жөнінде ұйымның ресми сайты хабарлады.
Грозин институттың Қазақстан және Орталық Азия бөліміне жетекшілік етеді. Институттың мәліметінше, 27 сәуірде Астанадағы паспорттық бақылау аймағында Грозин Қазақстанға "себебі түсіндірілместен" кіргізілмеген.
"Кіргізбеу себебін анықтауға тырысқанымызбен еш нәтиже болмады. Дүйсенбі, 28 сәуірге қараған түні Андрей Грозин Мәскеуге оралуға мәжбүр болды" деп жазылған хабарламада.
Ұйымның жазуынша, Андрей Грозин Астанаға 28-29 сәуірде өтетін "Ресей-Қазақстан қарым-қатынасындағы инвентаризация мәселесіне" арналған шара және "Ресей – Қазақстан: қауіпсіздік және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы өзара іс-қимыл динамикасы" атты дөңгелек-үстелге қатысу үшін барған.
Қазақстан билігінен әзірге бұл жайтқа реакция болмады. Азаттық Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады. Жаңалық шыққанға дейін келген жоқ.
Институт өкілдерінің айтуынша, 2023 жылы осы ұйымның директоры, мемлекеттік дума депутаты Константин Затулин Байқоңыр айлағында ғарыш кемесін ұшыру шарасына қатыспақ болып келген кезде де Қазақстанда оны "бірнеше сағат бойы кіргізбеуге тырысқан".
БАҚ-тың жазуынша, ара-тұра шовинистік көзқарас-пікірлерімен көзге түсіп қалатын Андрей Грозин мысалы, 2022 жылдың басында, Қаңтар оқиғасынан кейін Ресей үшін Украинадан бұрын Қазақстан мәселесін шешіп алу маңызды екенін айтқан. Ол кремльшіл ақпарат құралдарымен тығыз әріптестік орнатқан.
28 сәуірде саясаттанушы Марат Шибутов өзінің телеграм-арнасында Грозинді Қазақстанға кіргізбеуді "қазақстандық ғалымдардың Ресейге жаппай кіргізілмеуіне" жауап ретінде бағалаған.
АҚШ соты АЕ/АР медиакорпорациясына сәуір айына тиесілі қаржыны беру жөнінде шешім шығарды

Вашингтонда федералды судья 29 сәуірде АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін (USAGM) АҚШ Конгресінің Азат Еуропа/Азаттық Радиосы (Азаттық) медиа корпорациясына бөлген қаражатын беруге міндеттеді.
Судья Ройс Ламберт «Конгресс бөлген қаражат Азаттық радиосына аударылуы қажеттігі» жөнінде жазылған уақытша тыйым салу туралы қаулы шығарды. Судья сонымен бірге президент Трамптың тиісті заң жобасына қол қойғанын да атап өтті. Қаулы сәуір айына бөлінген 12 млн доллар қаражат жөнінде болып отыр.
Ақ үйдің өкілдері сот шешіміне түсініктеме берген жоқ.
«USAGM-ді Азаттықтың жыл сайынғы бюджетінен ай сайынғы соманы бөлуге міндеттейтін бүгінгі шешім біздің журналистерімізге диктаторлар мен деспоттарды жауапқа тартуға шақырып, жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді. Сәуір айында берілмеген қаражатты кідіріссіз аламыз деп үміттенеміз, өйткені осы айда біз қызметкерлерді жұмыстан шығаруға және АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды аймақтардағы бағдарламаларды қысқартуға мәжбүр болдық" деді АЕ/АР президенті Стивен Капустың мәлімдемесінде.
Наурызда USAGM Конгрестің биыл Азаттыққа бөлген шамамен 75 млн долларын бұғаттағанын мәлімдеген. Мұндай шешімді USAGM-ның уақытша басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ салық төлеушілерінің қаражатын ысырапсыз жұмсауды жою туралы" бұйрығы негізінде қабылдаған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Вашингтондағы федералды округтік сотта USAGM басшылығының шешіміне қарсы шағым түсірген. 25 наурызда судья Ламберт Азаттық радиосының пайдасына шешім шығарды, бірақ UASGM "қолайсыз шарттарды" алға тартып, қаражатты бөлген жоқ. Нәтижесінде Азаттық қайтадан сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
- Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.
Алматы облысындағы әлімжеттік видеосынан соң қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысының полиция департаменті мектептегі әлімжеттік оқиғасы туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Азаттыққа полицияның баспасөз қызметі хабарлады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
29 сәуірде "НеМолчи" ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында әлдебір оқушының мектеп әжетханасында басқа он шақты баланы сапқа тұрғызып, шетінен ұрып жатқан видеосын жариялаған. Видеодағы оқиға Алматы облысы Қараой ауылындағы №49 мектепте болған.
Алматы облысының полициясы 29 сәуірде бұл оқиға былтыр қыркүйекте болғаны анықталды деп хабарлады. Баспасөз қызметінің жазуынша, бұл жайт бойынша полицияға ешкімнен арыз-шағым түспеген.
"Балаларды тәрбиелеу жөніндегі тиісті міндеттерін орындамағаны үшін құқық бұзушы жасөспірімнің және оқиғаны бейнетаспаға түсірген мектеп оқушысының заңды өкілдері әкімшілік жауапқа тартылды. Аталған жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізілді", – деп жазылған полиция таратқан хабарламада.
Іле аудандық әкімшілігі жанындағы Кәмелет жасына толмағандар құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Айдана Пошан осы видео желіге тараған соң жедел топ құрылғанын хабарлады.
– Жедел топта жеті адам бар. Оның ішінде Кәлемет жасына толмағандар құқығын қорғау комиссиясының өкілі, аудандық білім басқармасының өкілі, прокурор және психологиялық қолдау орталығының маманы бар. Олар бүгін таңертең, 29 сәуірде ауылға кетті. Қазір ата-аналармен, балалармен жұмыс істеп жатыр, – деді комиссия хатшысы.
2022 жылғы ресми зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың 17,5 пайызы буллингке ұшырайды. Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің жеті пайызға жуығы айына 2-3 рет айналасындағылардан қорлық не әлімжеттік көреді.
"Буллинг" ұғымы Қазақстан заңнамасында 2022 жылы ресми түрде бекітіліп, оның жазасы кейінірек, 2024 жылы көктемде анықталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізетін заңға қол қойып, құжатқа кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг жасалғанда қолданылатын 127-2-бап енгізілді.
Астана полициясы велосипедшіні күш көрсетіп ұстауды "заңды шара"деп атады

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі полиция қызметкерлерінің велосипед мінген адамды қолын қайырып ұстап жатқан сәті түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді.
Желіде тараған видеода Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында полиция қызметкерлері велосипед мінген адамды күш көрсетіп ұстап, жерге жығып алып, қолын қайырып, кісен салғаны көрінеді. Полицейлер әлгі адамды полиция бөлімшесіне алып кеткен. Оқиға сол жерден ары-бері өтіп жатқан адамдардың көз алдында болған.
Велосипедшіні ұстау сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар болған жағдайды аса қауіпті кәнігі қылмыскерді ұстаумен салыстырды.
Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттық Азияның сауалына берген жауабында полиция патрулі қызметкерлері жаяу адамдарға арналған көпірде велосипед теуіп бара жатқан азаматты тоқтатқан деп түсіндірді. Ол көпірде велосипедпен жүруге тыйым салынған.
"Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы ескерту жасамақ болған. Алайда ер адам бірден агрессивті әрекет жасап, заңды талаптарды орындаудан бас тартқан. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заңда көзделген шараларды қолдануға және оны тірек пунктіне жеткізуге мәжбүр болды", – деді полиция департаменті.
Баспасөз қызметі қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін тексеру тағайындалғанын хабарлады.
Песков: 30 күндік бітім болу үшін кейбір "нюанстарды" ескеру керек

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украина ұсынған 30 күндік бітім идеясын іс жүзінде жоққа шығарып, оған қоса Киевті Ресей президенті Владимир Путиннің 8-10 мамыр аралығында үш күнге атысты тоқтату туралы ұсынысына "реакция танытпағаны" үшін сынға алды.
Песковтың сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленский тағы бір рет көтерген 30 күндік бітім тек Путин бұған дейін айтқан "нюанстарды" ескерген жағдайда қана мүмкін болмақ. "Ол сұрақтарға жауап бермейінше, ондай ұзақ мерзімді бітімге бару қиын", — деді Песков.
30 күндік бітім жасау және оны ұзарту мүмкіндігі туралы ұсынысты Украина АҚШ-тың бастамасымен наурыз айының ортасында жасаған еді. Сол кезде Путин Мәскеу ол ұсыныстан бас тартпайтынын, бірақ "нюанстар" бар екенін айтқан. Олардың қатарында бақылау мен тексеруді ұйымдастыру мәселелері жайлы, сондай-ақ осы 30 күн ішінде Украинадағы мобилизация мен елге қару-жарақ жеткізуді тоқтату туралы талап айтылды. Жуырда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та бітімге келудің Мәскеу қойып отырған бір шарты – Батыс елдері Украинаға қару жеткізуді тоқтатсын деген болатын.
Дүйсенбі күні Путин Ресей әскерлерінің 8 мамыр сағат 00:00-ден 11 мамыр сағат 00:00-ге дейін (үш күнге) Совет одағы мен нацистік Германия арасындағы соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай барлық ұрыс қимылдарын тоқтататынын мәлімдеді. Зеленский Путиннің бұл әрекетін "манипуляция" деп атап, Ресей президенті ең алдымен Мәскеуде 9 мамыр күні парад өткізуді көздеп отырғанын меңзеді. Зеленский 8 мамырды күтпей-ақ әрекет ету керек деді.
"Атысты бірнеше күнге ғана емес, кейін қайтадан қантөгіс жасау үшін емес, дереу тоқтату керек. Тұрақты әрі сенімді болу үшін атысты кем дегенде 30 күн бойы толық әрі сөзсіз тоқтату қажет. Шынайы дипломатиялық күш-жігер негізін тек осылай қалауға болады", – деп мәлімдеді Зеленский дүйсенбі, 28 сәуір күні кешкі видеоүндеуінде.
Кремльдің баспасөз хатшысы Песков "манипуляциямен" Зеленскийдің өзі айналысып отыр деп мәлімдеді. Өйткені Украина президенті Путиннің үш күндік бітім туралы ұсынысына тікелей жауап бермей отыр деді ол.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс: соғыс тағы бірнеше жылға созылса, Украина жерін қайтара алмайды

Егер соғыс "тағы бірнеше жылға созылатын болса", онда Украина өз жерін қайтара алмайды және соғыста жеңіске жетпейді, – деп мәлімдеді АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс америкалық подкастер Чарли Керкке берген сұхбатында. Вэнс ұзаққа созылған соғыс Украинаны демографиялық күйреуге, ядролық шабуылға ұшыратып, орны толмас шығын әкелуі мүмкін екеніне сенімі кәміл екенін айтты.
"Менің ойымша, негізгі бұқаралық ақпарат құралдарында мынадай оғаш идея айтылып жүр: егер соғыс тағы бірнеше жыл жалғасса, ресейліктер титығына жетіп, украиндар өз жерін қайтарып алады және барлығы қайтадан соғысқа дейінгідей болады. Алайда біз өмір сүріп жатқан шынайы жағдай ондай емес", – деді Вэнс.
Ол мұндай соғыс тағы бірнеше жылға созылса, қоғамның күйреуіне апарып соғатынын, өйткені "екі елдің де демографиялық көрсеткіштері – сұмдық" екенін айтты.
Вэнстің пікірінше, Ақ үй Украинадағы әскери қақтығысты реттеу бойынша елеулі жетістіктерге жеткен.
"Ресейліктер мен украиндар соғысты доғарды ма? Жоқ. Бірақ біз кейінгі үш айда алдыңғы үш жылмен салыстырғанда әлдеқайда үлкен жетістіктерге жеткеніміз шүбәсіз", – деді АҚШ вице-президенті.
Бұған қоса Вэнс "кейде қысым көрсетуге, енді бірде мейірімділік танытуға, кей кезде сияпат уәде етуге, ал кейде жазалау туралы айтуға тура келеді, себебі "бұл лас қарбалас жұмыс", – деп мәлімдеді.
АҚШ вице-президенті кейде ресейліктерден де, украиндардан да көңіл қалатын жағдайлар болатынын айтты.
"Білесіз бе, келіссөздердің табиғаты сондай: сіз үнемі барып-қайтып отырасыз. Кейде қолыңды бір сілтеп, бәрін тастай салғың келеді, бірақ президент Трамп ондайға жол бермейді. Ол үнемі бізді келіссөз үстелі басына қайта отыруға, мәселені шешудің жолын табуға, тараптарды жақындастыруға мәжбүрлейді. Қазір келіссөздер дәл сол тұста тұр", – деді Вэнс.
Осыдан жүз күнге жуық уақыт бұрын АҚШ президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуды өзінің басым шаруасына айналдырған. Содан бері Трамп бірнеше рет екі тарапты атысты дереу және толық тоқтатуға үндеді. Зеленский Трамптың ұсынысына келісім бергенімен, Путин атысты доғарудың егжей-тегжейін Вашингтонмен талқылауды жалғастырған.
Сарапшылар Путин келіссөздерді әдейі созып отыр, өйткені оның әскері майдан даласында басымдыққа ие. Ал дәл қазіргі майдан шебінде тұрғанда атысты тоқтату оған Киев Ресей 2022 жылы аннексиялап алды деп мәлімдеген Укринаның төрт аймағын – Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын толық жаулап алуға мүмкіндік бермейді.
Ресей Қырғызстанға С-300 зениттік-зымыран кешенін жеткізген

Қырғызстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында елге Ресейден С-300 зениттік-зымыран жүйесі жеткізілуі тиіс екенін растады.
"Біз Ресеймен әуе қорғаныс жүйесі жөнінде келіссөз жүргіздік қой? Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Шамасы, ол Қырғызстанға жеткізілген де болар. Толық ақпаратты қорғаныс министрлігі береді", – деді Иманқұлов.
Бұған дейін Иманқұлов "Известия" газетіне берген сұхбатында әуе қорғаныс жүйесінің Қырғызстан аумағына жеткізілгенін, бұл техника 8 мамырда Бішкектің орталық алаңында өтетін парадта көрсетілуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Қырғызстан С-300 зениттік-зымыран кешенін алатыны туралы алғашқы мәлімет 2021 жылғы ақпанда президент Садыр Жапаров Ресейге сапармен барған кезде белгілі болған. Қырғызстан нақты қанша техника алатыны әзірге белгісіз.
С-300 зениттік-зымыран жүйесі совет өкіметі тұсында, 1979 жылы жасалған. Бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қазіргі кезде Ресей және басқа да бірнеше ел пайдаланып отыр.
Зеленский: бізге парад емес, адам өмірі қымбат

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің елдің қарулы күштеріне 8-11 мамыр аралығында Украинада атысты тоқтату туралы бұйрығына жауап қатып, Кремль билігін халықаралық қауымдастыққа үнемі манипуляция жасауға тырысады деп айыптады.
"Бізге бәрінен де адам өмірі қымбат, ол парадтардан да маңызды. Сондықтан біз – барлық өркениетті әлем сияқты – 8 мамырды күтудің титтей де себебі жоқ деп білеміз. Атысты бірнеше күнге ғана емес, кейін қайтадан қантөгіс жасау үшін емес, дереу тоқтату керек. Тұрақты әрі сенімді болу үшін атысты кем дегенде 30 күн бойы толық әрі сөзсіз тоқтату қажет. Шынайы дипломатиялық күш-жігер негізін тек осылай қалауға болады", – деп мәлімдеді Зеленский дүйсенбі, 28 сәуір күні кешкі видеоүндеуінде.
Бұған қоса ол сол күні Ресей күштері тағы да соғысқа қатысы жоқ нысанға шабуылдағанын – "Шахед" дроны Черкасск облысындағы газбен жабдықтау жүйесін нысанаға алғанын айтты.
"Әрбір жаңа күн – Мәскеуге осы соғысты аяқтауға мәжбүр ететіндей қысымды күшейту қажет екендігінің айқын дәлелі, бұл соғыс Ресейдің өзіне ғана керек. Біз, Украина халқы, бұл соғысты бір сәтке де қалаған жоқпыз және бейбітшілік орнатуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесе алатын барлық серіктестермен тезірек жұмыс істеуге әрқашан дайын екенімізді үнемі мәлімдеп келеміз. Ал Ресей мұндай күш-жігерді ылғи жоққа шығарып, халықаралық қауымдастыққа манипуляция жасап, АҚШ-ты да алдауға тырысып бағуда", – деді Зеленский.
Қазақстан Балқаш көлін сақтау бойынша негізгі жоспарды Франциямен бірлесіп әзірлемек

Алматы қаласында Балқаш көлінің экожүйесін сақтау бойынша негізгі жоспар әзірлеудің жол картасы таныстырылды. Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Іле-Балқаш бассейнін зерттеу жұмыстарын Францияның Даму агенттігі (AFD), Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы (BRGM) және жергілікті мамандар бірлесіп жүргізеді.
"Бұл құжат бассейннің су ресурстарын басқаруда табиғат, экономика және қоғам мүдделерінің тепе-теңдігіне негізделген тұтас, саларалық тәсілді қалыптастыруда маңызды кезең болады. Негізгі жоспарды әзірлеу үшін су, экология, энергетика, ауыл шаруашылығы және Іле-Балқаш өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы сынды барлық негізгі бағыт бойынша кешенді зерттеу мен талдау қажет", – деп мәлімдеді Алматыда "Балқаш көлі экожүйесін сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеу" тақырыбында өтіп жатқан жиында Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз.
Жол картасында Іле-Балқаш бассейнінің жер үсті және жер асты су ресурстарының жай-күйі мен сапасын кешенді түрде зерттеу, Балқаш көлінің деңгейін бақылауға арналған цифрлық платформа құру, су нысандарын автоматтандыру және цифрландыру, сондай-ақ басым гидротехникалық құрылыстарды дамыту шаралары қарастырылған.
Қазір француз тарапы қажетті деректер жинаумен айналысып жатыр, BRGM сарапшылары Балқаш көлі бассейніндегі ұңғымаларды, гидробекеттерді және суармалы жерлерді тексеру үшін жергілікті жерге баруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Іле-Балқаш бассейнінің су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану шаралары әзірленді, сондай-ақ Қытаймен бірлесіп Іле өзені бассейнінің суын қорғау және тұрақты пайдалану мәселелері бойынша іс-шаралар әзірленген.
ПІКІРЛЕР