Accessibility links

Украина-Ресей келіссөзі: Еуропа елдерінің қандай жоспары бар?


Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта), арнайы уәкіл Стив Уиткофф.
Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта), арнайы уәкіл Стив Уиткофф.

Соңғы аптада Франция, Германия және Ұлыбритания бастаған Еуропа елдері АҚШ, Украина мен Ресей арасындағы келіссөзге араласуға барын салды.

17 сәуірде Парижде жоғары деңгейдегі сәтті кездесулер өтті, алты күннен кейін Лондонда болды, алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен арнайы уәкіл Стив Уиткофф соңғысына барудан бас тартқаннан кейін кездесудің мәртебесі төмендетілген еді.

Киев Қырымды Ресей жері деп атаудан бас тартқаннан кейін АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері Лондонға баруға ықылас танытпаған.

26 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен Рим папасымен қоштасу рәсімі барысында Италияда кездесті.

Еуропа Ресей мен Украинаны бітістіру үшін не істеп жатыр?

Бірінші басымдық – америкалықтарды келіссөзден шығармау және олардың украиналықтармен қарым-қатынасын үзбеуіне күш салу. Бұл талпыныстың қаншалықты сәтті жүзеге асатыны әзірге белгісіз, себебі Вашингтон келіссөзде ілгерілеушілік болмаса, одан шығатынын айтып, ескерткен еді.

Алайда Азат Еуропа/Азаттықтың тілшісі Рикард Йозвяк сөйлескен шенеуніктер бұл Украинаға қысым жасауға бағытталған келіссөз тактикасы болуы мүмкін дейді. Олардың айтуынша, Трамп көптің көзінше қатаң ойнағандай кейіп танытып, соңынан келіссөз үстеліне оралуға бейіл. Мұны кейінгі апталарда әлем елдеріне ауқымды баж салығын енгізіп, ізінше алып тастағаны соған дәлел.

Еуропалықтар "бірізділікті" қамтамасыз етуге талпынып жатыр, яғни әуелі екі жақ та атысты тоқтатуы керек, одан кейін тұрақты бейбітшілікке ұмтылады.

Бұл Украинаның қауіпсіздік тұрғысынан мүдделерінің сақталуына кепілдік береді және барлығы Мәскеу шарттарымен жүріп жатпағандығын көрсетеді.

Өткен айда Украинаның атысты тоқтатуға дайын екендігі – Ресейдің бұған дайын еместігі Мәскеу емес, Киевтің адал әрекет етіп жатқандығынан хабар береді деген үміт бар.

Бұл сонымен бірге еуропалықтарға Украинаның батысында "кепілдік" жасағын (Reassurance force) құруға да уақыт береді. Еуропа дипломаттарының сөзінше, дегенмен Америка бұған қатыспайды.

Қазіргі кезде "құрлықпен" қатар, Украина үшін көлік торабы болып отырған Львов әуежайы мен оның маңындағы аудандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әуе қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлініп отыр

Еуропалықтар сонымен бірге Украинаға әскери көмек үзілмегенін де қалайды.

Бірақ АҚШ қалдырған бос орынды тұтас Вашингтонмен толтыру ендігәрі мүмкін емес екенін тараптар түсініп отыр – Еуропа қаржысы үзілмейді және мамырдың басында келетін немістің жаңа үкіметі Киевке көптен күткен Taurus қанатты зымыранын жеткізу мәселесінде біршама ашықтық танытады деген үміт те жоқ емес.

Ал АҚШ-тың Қырымды Ресей жері деп тану туралы ниеті ше?

Американың бейбіт келісім бойынша кейбір талаптарына қатысты еуропалықтардың ұстанымы айқын.

Украинаның өзі Қырымды де-юре Ресей жері деп танымайынша Еуропа ешқашан мұны мойындамайды. Қырымды де-фактор Ресей бақылап отырғаны басқа мәселе. Украинаның НАТО-ға мүшелігі де келіссөз үстелінде талқыланбайтындығымен көнуге тура келеді.

2023 жылы Вильнюстегі саммитте және бір жылдан кейін Вашингтондағы НАТО елдерінің саммитінде Байден әкімшілігі Украинаны әскери одаққа шақыру мүмкін еместігін айтқан кезде Еуропаның бірқатар елдері АҚШ-қа қарсы шықпаған.

Ал Украинаның Еуроодаққа мүшелігі басқа мәселе. Брюссель және Еуропадағы елдер бұл тұрғыда Мәскеудің бұған араласуға құқығы жоқ деумен келеді.

Америка ұсынған бейбітшілік жоспарымен таныс дипломаттардың айтуынша, Ресей Украинаның ЕО-ға қосылуына қарсы емес. Бұл тұста "кипрлік сценарий" деген атпен белгілі сценарий жүзеге асуы мүмкін яғни, Украина одақтың мүшесі саналғанмен іс жүзінде тек Киевтің бақылауындағы бөлік қана құрамында болмақ.

Украинада жаңа сайлау өткізуге шақыру туралы мәселенің талқыланбағаны еуропалықтарға сәл жеңілірек тыныстауға мүмкіндік берді. Дипломаттардың сөзінше, бұл пункт әуел баста шарттардың бірі ретінде талқыланып, кейін Америка жағының мәлімдемелерінен ың-шыңсыз ысырылған.

Еуропа Ресейге санкцияны жеңілдетуі мүмкін бе?

АҚШ Ресейге қарсы санкцияны жеңілдетуді ұсынған кезде еуропалықтар мұны қолдамады. Санкцияны жеңілдету үшін бұл тұста одаққа мүше елдердің ортақ шешімі керек және мұндай ортақ шешім қазір жоқ.

Іс жүзінде Париж бен Берлин Ресейге қысымды үдетіп, жақын арада тағы шектеу шараларын енгізуі мүмкін деген хабар бар.

Сәуір айында сәл ертерек Ресей әскерінің Сумы мен Кривой Рогқа қанды шабуылынан кейін Кремльге қарсы 17-санкция пакеті әзірлене бастады және Брюссель енді бұл талпынысын жылдамдата бастайды.

ЕО сонымен бірге ЕО-ға гибридтік шабуыл жасады деп айыпталған 15 ресейліктің активтерін бұғаттау мен визаға тыйым салу шараларын аяқтап жатыр. Бұл бөлек санкция болмақ.

ЕО шенеуніктері бұл тұрғыда Венгрияның келісімін алу қиын болатынын айтып отыр және сол себепті келесі пакет қатты қысымнан гөрі символдық мәнге ие болатын сияқты.

Оларға сонымен бірге шілдеде Ресейге қатысты секторлық санкцияны ұзарту үшін де Будапештің келісімі керек. Санкция ұзартылмайды деген қорқынып барған сайын зорайып барады және тіпті одақтың өзге мүшелері де өздеріне ұнамаған шектеу шараларын таңдай бастаған, сондықтан санкция шараларын сақтау мақсатында балама шешім іздеу де маңызды болып тұр.

ЕО елдерінің басым бөлігі келісіп отырған жалғыз нәрсе – бұл Ресейдің бұғатталған шамамен 200 млрд еуро қаражаты. ЕО мұны Украинаны қалпына келтіру үшін жұмсағысы келеді.

Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен кіріс қазір Украинаның әскери қажеттіліктеріне жұмсалып жатыр, ал "Үлкен жетілік" елдері берген, 2025 жылы Киевтің макроқаржылық қажеттіліктерін өтеп жатқан 45 млрд еуролық несие бұғатталған қаржыға кепілдік ретінде бекітілген. Сондықтан Еуропа болашақта да Ресейге қарсы кейбір санкция түрлері күшінде қалғанын қалайды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG