22 қаңтарда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, пикетке шыққан белсенді Ақторғын Ақкенжебаласын полиция ұстап алып кетті.
Пикеттің басталғанына бірнеше минут өтер-өтпей жатып, полиция қызметкері оны көлікке отырғызды.
Белсенді пикет барысында Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, оны қамаудан босатуды талап етті.
– Билікке талабым – Темірланның үстінен қозғалған істі дереу доғарсын! Бостандыққа шығарсын! 15 күнге қамалған Әсем Жәпішева пен Руслан Бикетовті, саяси белсенділерді босатсын! Әйгерім Тілеужанға бостандық! Темірланға бостандық! Сатира – қылмыс емес! Сөз бостандығы – бұл бар болу құқығы. Бұл біздің ойымызды қудалау, – деді Ақторғын Ақкенжебаласы пикет кезінде.
Әкімдік өкілі оған пикеттің заңсыз екенін айтып еді, белсенді бұған келіспеді. Полиция оған сөзін аяқтауға мүмкіндік берген жоқ. "Сатира – қылмыс емес" деген жазуы бар плакатты тартып алмақ болып еді, белсенді "бұл – менің мүлкім" деді.
Пикет кезінде қарапайым киім киген бірнеше адам оқиғаны телефонға түсіріп тұрды. Белсенділер мен журналистер тарап кеткенге дейін оларды бақылап тұрды.
Бұл – Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, өткізілген алтыншы пикет. Еңсебекті қолдау пикеттері ол ұсталғалы бері күн сайын Қазақстанның түрлі қаласында өтіп жатыр. Оларды да полиция тез ұстап әкеткен. Ұсталған белсенділердің кейбірі қамалды, кейбіріне сот айыппұл салды.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталып, ертесінде екі айға қамалған. Оған "әлеуметтік алауыздық қоздырды" деген айып тағылған. Бұл бап бойынша оған айыппұл салынуы мүмкін немесе 2-7 жыл аралығында бостандықты шектеу немесе бостандықтан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
21 қаңтарда Алматы қаласының полиция департаменті сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебек ісі бойынша пікір білдірді. Полиция оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
Журналистер мен сарапшылар Еңсебектің ұсталуын "сөз бостандығына қысым" деп атап, сынға алған.
ПІКІРЛЕР