Accessibility links

Алматыда Серікболсын Әбділдин туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті


Серікболсын Әбділдин
Серікболсын Әбділдин

15 желтоқсанда Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

“Төраға Әбділдин” атты бір сағаттық деректі фильм замандастарының естеліктерінен басталып, тәуелсіздіктен бергі оқиғаларды қамтиды. Онда сонымен бірге Әбділдиннің сұхбаттарынан да үзінді келтіріледі.

“Cонау тоқсаншы жылдардың басында Серікболсын Әбділдин облыс әкімдеріне дейін сайлаймыз деп парламент мінберінен сөйлеп еді. Президенттің қолына барлық құзырды бермейтін Конституция қабылдады. Әрине, әріптестерімен. Бір ғана мысал, парламент конституциялық сотты, жоғарғы сот төрағасын сайлайтын. Бас прокурор мен Ұлттық банк төрағасын тағайындайтын. Өкінішке қарай, Қазақстан Әбділдиннің конституциясымен екі-ақ жыл өмір сүрді. Біз түсірген фильмде кейіпкеріміздің мемлекеттік тілге конституциядан қалай мәртебе алып бергені жайлы да айтылады” деп жазды фильмнің режиссері Қанат Тілеухан Instagram парақшасында.

Оның сөзінше, деректі фильмнің тұсаукесері енді Астанада өтпек. Одан кейін фильм YouTube-ке жүктеліп, көпшілікке ұсынылмақ.

1990 жылы он екінші шақырылымдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Әбділдин кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, ал 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болды. Ол басқарған Жоғарғы Кеңес 1991 жылы 16 желтоқсанда "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" декларацияны қабылдады.

Биліктен кеткен соң Әбділдин Қазақстан коммунистік партиясы төрағасы болып сайланып, оппозициялық ұйымды 14 жыл басқарды. Ол Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев орнатқан авторитарлы билік жүйесін сынады. 1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына Назарбаевқа балама кандидат ретінде қатысты. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 13 пайызы қолдаған оппозициялық саясаткер екінші орын алды, бірақ Әбділдин "сайлау нәтижесі бұрмаланды" деп мәлімдеді.

1999 жылы күзде парламент мәжілісінің депутаты болып сайланған Серікболсын Әбділдин үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын сынады. Елде азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары бұзылып жатқанын мәлімдеп, билікті демократиялық реформа жасауға үндеді. Оппозициялық саясаткер атышулы "Қазақгейт" жанжалына қатысы бар жоғары лауазымды шенеуніктердің жемқорлығын әшкерелеуге атсалысты. Ол 2003 жылы парламент үкіметтің талабы бойынша қабылдаған "Жер туралы" даулы заңға қарсы дауыс берді.

Әбділдин "бір лауазым, бір орынтаққа мәңгілік жабысуға болмайтынын" көрсеткісі келгенін айтып, 2010 жылы компартия басшылығынан кеткеннен кейін ғылыми және оқытушылық қызметпен айналысты. 2015 жылы билік түрлі сылтаумен оппозициялық партияны жапты.

Серікболсын Әбділдин 2019 жылы 31 желтоқсанда 82 жастан асқан шағында Алматыда дүниеден өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG