1994 жылы Жоғарғы кеңес таратылғанға дейін Серікболсын Әбділдин туралы мақалалар мен саясаткердің сұхбаттары республикалық БАҚ-тарда жиі жарияланғанын байқауға болады. Биліктен кеткен соң оның есімі көбіне оппозициялық немесе тәуелсіз ақпарат құралдарында ғана аталады.
ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛУ
Советтік кезеңде Қазақ ССР-інің Мәскеудегі өкілі, министр қызметін атқарған Серікболсын Әбділдин 1990 жылдан бастап Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болған.
Қазақстанның саяси тарихын зерттеушілердің жазуынша, Әбділдин Жоғарғы кеңесті басқарған кезде Қазақстан парламенттік-президенттік республика болған. Сол кездегі депутаттар совет өкіметінің соңғы жылдарындағы «демократиялық сайлаудан шыңдалғандар» деп сипатталады.
1991 жылы желтоқсанның 1-інде Қазақстан президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурациясы осы Жоғарғы кеңесте өтіп, тәуелсіздік декларациясы да осы сонда қабылданған. Серікболсын Әбділдин естеліктерінде Қазақ ССР-інің бұрынғы басшысы Геннадий Колбиннен кейін Назарбаевтың билікке келуіне септескенін жазады. Қазақ ССР президенті болып сайланған Назарбаевқа ресми куәлік берерде Жоғарғы кеңес Қазақстанның ресми атауын «Қазақстан Республикасы» деп шұғыл өзгерткенін, Тәуелсіздік туралы декларацияға өзі қол қойғанын атап өтеді.
1990 жылдары саясатқа белсене араласқан Сейдахмет Құттықадамның ойынша, Серікболсын Әбділдин басқарған Жоғарғы кеңестің атқарушы билікті бақылайтын құзыры болған. «Атқарушы билікпен ымыраласа кетпейтін Жоғарғы кеңесті ұнатпаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны таратып жіберуге күш салды» деп жазады публицист.
«Серікболсын Әбділдин Қазақстан делегациясын бастап Үндістанға кеткенде Жоғарғы кеңесті таратудың құйтырқы әдістері басталды. Нұрсұлтан Назарбаев (сол кездегі Жоғарғы кеңес депутаты – ред.) Заманбек Нұрқаділовтің көмегімен жергілікті кеңестерді жылдам таратуға тырысты. Жергілікті кеңестерді айтпағанда, бірер күнде Жоғарғы кеңестегі 360 депутаттың 200-і өкілеттігін доғарды. Онымен қоймай «Өзін-өзі тарату және Қазақстан Республикасының президентіне қосымша өкілеттіктер уақытша бере тұру туралы» заңды өз қолдарымен жазып берді. Үндістанға парламент спикері болып кеткен Серікболсын Әбділдин Қазақстанға оралғанда жұмыссыз қалғанын көрді. Халық сеніміне ие болған парламенттен Қазақстан осылайша трагикомедиялық формада айырылды» деп жазады Сейдахмет Құттықадам.
Сол кездегі ресми ақпарат құралдарының жазуынша, «Жоғарғы кеңес Қазақстандағы заң шығаруды кешеуілдетіп, нарықтық экономикаға көшуге кедергі бола бастаған». Осыған ұқсас ойлар Нұрсұлтан Назарбаевтың естеліктерінде де кездеседі. Ал Серікболсын Әбділдиннің естеліктерінде бұл оқиғаға басқаша баға берілген. Ол «президентке әрдайым қолдау көрсеткенін, онымен кеңесіп жұмыс істеуге тырысқанын, бірақ президент командасы тарапынан арандату материалдары баспасөзде жиі жарияланған соң Назарбаевтың өзімен кездесіп, хат тапсырғанын» жазады.
«Осы кездесуде толық түсінісіп, әрі қарай жұмыс істеуге келістік. Сөйтіп іссапармен кеттім» деп еске алады Серікболсын Әбділдин.
«Казахская драма: на сцене и за кулисами история современного Казахстана» деп аталатын естелік кітабын таяуда толықтырып қайта шығарған Сейдахмет Құттықадам Азаттық тілшісімен сөзінде деректерді Серікболсын Әбділдиннің өзі де растағанын айтты.
ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ
Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар Серікболсын Әбділдиннің потенциалын «билік керек етпеді» деп санап, оның тағдырын бір кездері жоғары билікте болып, кейін түрлі себеппен ығыстырылған Ерік Асанбаев, Еркін Әуелбеков, Өзбекәлі Жәнібеков және Марат Оспановтардың саяси қызмет жолымен ұқсастырады.
Жоғары кеңес таратылғаннан кейін Серікболсын Әбділдиннің өмірбаянында мемлекеттік қызмет атқарды деген сөз жоқ. Сол кезде-ақ ғылымға оралатынын мәлімдеген ол ұзамай-ақ оппозиция жетекшілерінің біріне айналды. 1999 жылы қаңтардың 10-ында кезектен тыс өткен Қазақстан президенті сайлауына қатысуы саяси процесті қыздырды.
Президент Назарбаевтың өкілеті 2000 жылға дейін созылса да, 1998 жылдың соңында кезектен тыс сайлау өткізетіні жарияланған. Билік Назарбаевпен қатар сайлауға түсетін кандидат іздеп біраз әбігерге түскен. Бұл кезде негізгі үміткердің бірі, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин сырттай сотталып, шетел асқан еді. Коммунист Серікболсын Әбділдин кандидат болып тіркелгенде кедергіге ұшырамаған.
Серікболсын Әбділдин президент сайлауында екінші турға өтетін еді. Әсіресе, батыс облыстарда өте көп дауыс алды. Өкінішке қарай жолын кесті. Ол туралы сол кезде билікте болған Алтынбек Сәрсенбайұлы да айтқан.
- Серікболсын Әбділдин президент сайлауында екінші турға өтетін еді. Әсіресе, батыс облыстарда өте көп дауыс алды. Өкінішке қарай жолын кесті. Ол туралы сол кезде билікте болған Алтынбек Сәрсенбайұлы да айтқан. Оның кейін оппозицияға өткенде кешірім сұрағаны көпшілікке мәлім, - деді Сейдахмет Құттықадам Азаттық тілшісіне.
Серікболсын Әбділдиннің өз сөзінше, «бірнеше облыста Назарбаевтан көп дауыс алғанын сол кездегі премьер Нұрлан Балғымбаев та растаған».
Қазақстанда бұнан кейін де бірнеше рет президент сайлауы өтті. Кейбір сарапшылардың сөзінше, «олар 1999 жылғы президент сайлауындай тартысты болмаған». Серікболсын Әбділдин сол жылы күзде өткен парламент сайлауында мәжіліс депутаты болды. Ол депутат кезінде «Қазақгейт» ісіне байланысты бірнеше депутатпен бірігіп, билікке сұрау салып есте қалды.
Кейін осы іс бойынша шығу тегі бұлыңғыр ондаған миллион доллар Швейцария банкінде бұғатталып, «Бота» қорына аударылды. Кейін «Қазақгейт» ісі бойынша америкалық Джеймс Гиффен АҚШ-та тұтқындалып, оған «Қазақстандағы бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларға пара берді» деген айып тағылып, 2010 жылы ол бір жылға сотталған.
КЕШІРІМ СҰРАМАУ
Серікболсын Әбділдин кейін биліктен оппозицияға кеткендермен де бірлесе жұмыс істеп, Қазақстанның саяси өміріндегі ірі оқиғаларға араласқанымен, негізгі жетекшісі бола алмады. Азаттық тілшісімен сөйлескен журналист Ермұрат Бапи «оппозициялық күштер оның беделін пайдаланғанымен жетекшілікке шығармай, ішке тартпағанын» айтады. Назарбаевты қатты сынап, оппозициялық күштерге жетекшілік етсе де, Әбділдиннің қандай да бір ерекше саяси қысымға алынбағаны байқалады.
Оппозиция жетекшілерінің бірі оққа үшіп, тағы бірі сотталып жатқанда, енді бірі шетелге кетуге мәжбүр болғанда Әбділдин оппозициялық қызметін іште жалғастыра берді. Бапидің сөзінше, кезінде лауазымды қызметте болса да, Әбділдинге қандай да бір қаржылық топтарға немесе жемқорлыққа қатысты деп айып тағу билікке қиынға түскен.
...билік оған іштей болсын құрметпен қарайды деуге болатындай. Бірақ 80 жасқа толғанда билік тарапынан ешбір марапат та жасалмады.
- Ол дүние жинап, байымаған адам. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы еңбегі зор. Билікке қатаң оппозицияда болса да, теке-тіреске бармады. Қолдаушылары көп еді. Аяғынан енді тұрып келе жатқан мемлекетте ондайға жол бергісі келмеді. Сол себепті билік оған іштей болсын құрметпен қарайды деуге болатындай. Бірақ 80 жасқа толғанда билік тарапынан ешбір марапат та жасалмады,- дейді Бапи.
1996 жылы жаңадан Коммунистік партия құрып, оны «бұрынғы компартияның идеясын жалғастырушы партия» деп таныстырған Серікболсын Әбділдинді совет кезеңіндегі компартияның қылмысы үшін жауап беруге шақырушылар бертінге дейін болды. «Азат» жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Болат Әбілев, қазіргі «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев әр кездері «Серікболсын Әбділдин бастаған компартия халықтан кешірім сұрасын» деген пікір айтқан.
Әбділдин оларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы:
«Бірде-бір рет компартияның тұтқасын ұстамаған адаммын. Мықты болсаңдар, [президент Нұрсұлтан] Назарбаевтан кешірім сұратыңдар. Өйткені компартияның ең соңғы жетекшісі сол болатын. Ал қазіргі компартияның ішінде ол кезде дүниеге келмегендері де бар» деп жауап берген еді.
Саясаткер соңғы сөздерінде коммунистік идеядан әлі де бас тартпағанын, советтік «социализм жамандығынан емес, басқарушылардың әлсіздігінен жүзеге аспағанын» айтады.
Ермұрат Бапидің айтуынша, Серікболсын Әбділдин коммунистік идеяны ұстанып қалғанымен «азаматтық ұстанымы демократиялық қағидаларға сай».
Сондықтан ол жұртшылық алдында сүйкімін жойған жоқ. Билікті әркім сынайды, бірақ Әбділдиннің жолы өзгеше. Өйткені тәуелсіздіктің іргесін қалаушылардың бірі.
- Сондықтан ол жұртшылық алдында сүйкімін жойған жоқ. Билікті әркім сынайды, бірақ Әбділдиннің жолы өзгеше. Өйткені тәуелсіздіктің іргесін қалаушылардың бірі, - дейді ол.
Азаттық тілшісі Серікболсын Әбділдин басқарған компартиядан билікпен ымырашыл «Қазақстан халықтық коммунистік партиясын» бөліп әкеткен Владислав Косаревпен де сөйлесіп көрген.
Серікболсын Әбділдинге телефон соғып, 80 жасқа толғанымен құттықтағанын айтқан Косарев:
- Әбділдин басқарған компартия билікті төңкеруді мақсат етті, ал біздің халықтық коммунистік партия халыққа қызмет етуді көздеді, - деді.
Қазақстанның коммунистік партиясын 14 жылға жуық басқарған Серікболсын Әбділдин 2010 жылы орнын босатты. Ол «осы әрекеті арқылы әр нәрсенің шегі барлығын, бір лауазым, бір орынтаққа мәңгілік тырмысып отыруға болмайтынын» көрсеткісі келгенін айтқан еді. 2015 жылы билік бұл партияны түрлі себептермен жапты. Ал «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» сайлауға қатысып, бірнеше рет парламент мәжілісіне өтті.