Accessibility links

Ауғанстан соңғы 40 жыл тарихын оқытпайтын болды


Ауған мектеп оқушылары. Джалалабад, 15 қараша 2011 жыл
Ауған мектеп оқушылары. Джалалабад, 15 қараша 2011 жыл

40 жылдық соғыстан мезі болған ауған елінің шенеуніктері ұзақ уақыттан бері бір-бірімен қырқысып келе жатқан этникалық және саяси топтардың араздығын өршіте түспеу үшін тарих пәнін оқытудың жаңа әдісін таптық деп отыр.


Ауғанстанның білім беру саласының өкілдері елдің соңғы 40 жылдағы қырғын кезеңін оқулықтан алып тастау керек деп шешті.

«ЖАЛҒАН ТАРИХ»

Елдің қазіргі заман тарихының соңғы 40 жылы шетелдік басқыншылыққа, азаматтық соғысқа, саяси дүрбелеңге толы. Тарихи әдебиеттер бір-бірімен бақталас этникалық және саяси топтардың дұшпандарын даттап, батырларын мақтап, қолдан бұрмаланғандықтан қарама-қайшылыққа толы. Мемлекет басшылары барлық ауғандықтар ұлтына, саяси көзқарасына немесе діни нанымына қарамастан таласы көп тарихты қабалдай алатындай етіп, оқытып-үйретудің тәсілін таптық деп отыр. Ол үшін Ауғанстанның соңғы 40 жылдағы тарихын оқулықтан тұтас алып тастау керек деп ұйғарды.

Көктемде басталатын жаңа оқу жылынан бастап, Ауғанстан үкіметі орта мектептерге СССР-дің басқыншылығы, азаматтық соғыс, Талибан режимі, 2001 жылғы АҚШ-тың кіруі және әлі күнге дейін жалғасып жатқан халықаралық ұйымдардың араласуы туралы ешқандай ақпарат бермейтін жаңа оқулықтар жазып таратпақшы. Ауғанстанның білім министрлігі үкімет ресми түрде бекітуі тиіс оқулықты бейсаяси білім беру бағдарламасының бір бөлігі деп санайды.

«ТЫҢ БАСТАМА»

Бұл әрекет осыдан үш жыл бұрын орта мектептердегі қазіргі заман тарихының даулы тұстарын айналып өтетін жаңа оқулықтарды қолдану туралы бастаманың жалғасы. Білім беру саласына жауапты басшылар оқулықты Ауғанстан үкіметі мен әртүрлі шетелдік демеушілер қаржыландырды деп айтады.
Ежелгі бақталастық пен дұшпандықты қоздырып, ұлттың бірлігін жоятын тарихи оқиғалар оқулыққа енбеуі керек.
Мұхамед Асеф Нэнг

АҚШ әскерінің шетелдік жәрдем беретін бөлімі – төтенше жағдайлар бағдарламасының басшылығы да бұл бастамаға демеу көрсетті деп хабарланған. Алайда Азаттық радиосының тілшілері өз беттерінше осы ақпараттың растығын тексермекке бірнеше мәрте талпынса да, ештеңе анықтай алмады. Оқулықтар негізінен Үндістан мен Ауғанстанда басылмақшы.

«ТАРИХТЫҢ МІНДЕТІ»

Ауғанстанның білім министрінің орынбасары Мұхамед Асеф Нэнг жаңа оқулық, әсіресе, жаңа ұрпақтың арасында ортақ ұлттық танымды қалыптастырады деп үміттенеді. Ол:

- Тарихтың міндеті - ұрпақты талқандау емес, оны сауықтырып, дұрыс қалыптастыру. Ежелгі бақталастық пен дұшпандықты қоздырып, ұлттың бірлігін жоятын тарихи оқиғалар оқулыққа енбеуі керек. Адамды араз қылатын парақтардан, таза парақтар әлдеқайда артық, - дейді.

Бұл бастаманы үкімет қолдаса да, қоғамның тарапынан біраз қарсылық туды. Бастаманың қарсыластары үкіметті азаматтық соғыс кезінде белсенді болып, бұл күндері жақсы қызметте отырған жетекшілердің қылмыстарын жасыру үшін жасалып жатыр деп санайды. Енді біреулер білім министрлігі өзінің оқу-ағарту саласындағы міндетін атқара алмай тоқырады деп айыптайды.
Тарих болған оқиғалар мен факітілерге негізделуі тиіс. Тарихты меңгеру арқылы болашақты дұрыс болжаймыз. Біз кешегі күннің бүгінді жасағанын, бүгіннің ертеңді жасайтынын жақсы білеміз.
Элай Эршад

Парламенттегі әйел депутат Элай Эршад мемлекет өзінің өткенін мойындап, тарихтан сабақ алып, сол қателіктерді қайталамауды үйренуге міндетті деп санайды. Ол:

- Министрлік бұл тарихты жазған кезде ақиқаттың бетіне қараудан қорқып, пессимизмге салынбау керек. Тарих болған оқиғалар мен факітілерге негізделуі тиіс. Тарихты меңгеру арқылы болашақты дұрыс болжаймыз. Біз кешегі күннің бүгінді жасағанын, бүгіннің ертеңді жасайтынын жақсы білеміз, - деді Азаттық тілшісіне.

Эршадтың ойынша, Ауғанстан жастары өз тарихын білуге құқылы. Оны оқытудан бас тарту – жастарға теріс қызмет көрсету. «Біздің балаларымыз бен жастарымыз елдің өткен тарихын толық білуге міндетті. Білім министрлігінің адамдар ақылын матап, оларды қараңғылықта ұстауға қақысы жоқ. Біздің елде халықтың өз тарихын оқып білетін тарихи кітаптар мен БАҚ-тың болғанына мың да бір шүкір!» деген ол тағы бір сұқбатында.

«ТАРИХ ҮШІН ТАРТЫС»

Тың бастама елдең біраз ұстаздарын алаңдатып отыр. Атын ғана айтып танысқан Абдулла сияқты мектеп мұғалімі жас ұрпақ өткен заманға өздері баға беруге құқылы деп есептейді.

- Өткен заманда не болғанын құжаттап отыру өте пайдалы іс. Келер ұрпақ тарихты оқыған кезде кім елге адал қызмет етті, кім отанды сатып кетті бәрін біледі, - дейді ол.

Соңғы 40 жылда Ауғанстанның білім беру жүйесі мың құбылған саяси климаттың кесірінен қатты өзгеріске ұшырады. Ауған шенеуніктерінің айтуынша, мектеп сыныптары кейбірде саяси топтардың үгіт-насихат алаңына айналып кетті. 1980 жылдары совет басқыншылығы кезінде бұл елде коммунизмді насихаттайтын кітаптар оқытылды. Бұған қарсы АҚШ-тың қолдауымен басылып шыққан СССР мен коммунизмді терістейтін оқулықтар пайда болды. Сосын Талибан билігі кезінде жиһадты уағыздайтын оқулықтар қаптады.

«АЯҚТАЛМАЙ ҚАЛҒАН ТАРИХ»

Орта мектептерге арнап жаңа оқулық жазып, оны тарату мәселесі ондаған жылдан бері саяси жетекшілер мен тарихшылардың және педагогтардың арасында тартыс туғызып келеді. Мемлекет басшылары ақырында бұл мәселені түбегейлі шешудің жалғыз жолы – қазіргі заман тарихы Ауғанстанда монархия құлаған 1970 жылдардың басына дейінгі кезеңді ғана қамтысын деп ұйғарды.
Оқушылар елдің тарихи тұлғалары салынған стэндтің қасында тұр. Кабул, 26 қыркүйек 2011 жыл
Оқушылар елдің тарихи тұлғалары салынған стэндтің қасында тұр. Кабул, 26 қыркүйек 2011 жыл

Елдегі азамат соғысы мен оған қатысқан түрлі топтардың әрекетін оқулықта қалай сипаттаймыз деген мәселе басшыларды ортақ мәмілеге келтірмей үнемі дауды үдете берді. Шенеуніктер бұрынғы өзбек қолбасшысы және қазіргі әскери штабтың басшысы Абдул Рашид Дустум, не болмаса тәжіктердің және Солтүстік альянстың бұрынғы жетекшісі Бурхануддин Раббани туралы анықтама материалдар бір сыныпта отырған оқушылардың жартысының ашуын туғызса, енді бір жартысының мақтанышын оятуы мүмкін деген уәжді алға тартады.

Оқу-ағарту саласына жауапты ауған шенеуніктері алдағы уақытта студенттерді, ата-аналарды және оқушыларды жаңа оқулықты қолдануға көндіру үшін біраз қиындықты бастан кешпек.
XS
SM
MD
LG