Accessibility links

Бес баласымен қоса тағы 13 балаға ата-ананың мейірімі мен шуағын сыйлаған шырайлы шаңырақ


Ысқақовтар балаларымен базарлы дастархан басында. Кентау қаласы, тамыз, 2009 жыл.
Ысқақовтар балаларымен базарлы дастархан басында. Кентау қаласы, тамыз, 2009 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын Жұмашевтар отбасы бұдан 15 жыл бұрын өзінің 5 баласына қосып тастанды 13 сәбиді бауырына басқан еді. Бүгінде олар ынтымағы жарасқан отбасында ата-ана мейіріміне бөленіп, ержетіп келеді.

«ЖЕТІМ КӨРСЕҢ ЖЕБЕЙ ЖҮР»

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласындағы көпбалалы шаңырақтың отағасы Ысқақ Жұмашевтың өзі жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан екен. Ата-анасынан айрылған бозбала жастайынан алдына мақсат қойып өседі.

Өзі секілді жетімдерді асырап адам етсем деген арман ата-анасыз есейіп, ержеткен жігіттің көкейінде ұялайды. Шаңырақ көтеріп, жасы алпысқа аяқ басқан шағында мақсатын орындауға кіріскен азамат, 1990-шы жылдардың басында ата-ана мейірімінсіз қалған жетім балаларды өз бауырына басып, тәрбиесіне алады.

Жұмашевтар отбасы дүниеге келісімен ата-ана мейірімінен айрылған тастандыларды асырап алып, шаңырағын отбасылық балалар үйіне айналдырады. Осылайша, 13 сәби ата-ананың мейіріміне бөленеді. Сол кезде олардың 8-і әлі бесіктен белі шықпаған қызылшақа сәби болса, қалғандарының жасы 1-ге толмаған бүлдіршін екен.

Кейіннен екі баланы туған аналары тауып, қайта табысады. Тағы 5 баланы бала сүюді армандаған өзге отбасылар асырап алған.
Үлкен отбасының отағасы Ысқақ Жұмашев. Кентау, 17 тамыз, 2009 жыл.


– Мен жасап отырған еңбек, өзімнің қолымнан келгенше, қаракөздерді қараусыз қалдырмау үшін мемлекетіме қосқан аз да болса үлесім деп білемін. Ата-анасыз өсудің қасіретін мен жақсы білем. Түсінем. Бұл ерлік емес. Бұл – менің парызым. Балалары ержетіп, үй болып жатса, әрбір ата-ана қуанып, іштей соған тілеулес болады емес пе, – дейді көпбалалы әке Ысқақ Жұмашев.

Жасы жетпіске келген ақсақалдың зайыбы Гүлжаһан Керімбайқызы отағасының қолға алған қайырымды ісін қуаттап, демеген. Түн баласы көз ілмей 8 бесікті қатар тербетіп, талай таңды атырған ақ жаулықты ана құрсағынан шықпаса да, балаларды өзінің бес перзентінен кем көрмей тәрбиелеуге тырысқанын айтады.

– Қазір қиындықты күліп еске аламыз. Баланың әрбір қылығын көрген сайын мейірлене бастайсың. Менің ана болып қалыптасуыма осылар себепші. Мен үшін олардың бәрі бірдей. Әрқайсысының қылығын, мінезін анадан артық кім білсін. Мысалы, ортаншы қызым мені құшақтап жатпаса ұйықтамайтын. Кенжеміз тәтті. Мен – бақытты анамын, – дейді Гүлжаһан Керімбайқызы.

«ӘР БАЛАМ ӨЗ АЛДЫНА БІР ТӨБЕ»

Жұмашевтардың өз кіндігінен тараған 5 баланың әрқайсысы өз алдына жеке отау құрып кеткен. Ал бұл шаңырақ бесік жасынан қамқорлыққа алған 6 қыздың үлкені бүгінде он беске келсе, кенжесі он үш жаста. Барлығы бірдей Арнұр деген бір текті иемденген. Бұл есімнің осы әулеттегі ата-бабалар атына еш қатысы жоқ. Ойдан шығарылған. Ар – арман. Нұр – жарқын болашақ деген мағынаны білдіреді.

Балалардың тегі бір болғанымен мінез-құлықтары әртүрлі. Үйдің үлкені Айым. Отбасындағылар оны Төлбасы деп те атайды екен. Ол ата-анасының қолғабысы ғана емес, сіңлілерінің ақылшысы.

Ал Айша болса атасына үйір. Оқуға да зейінді. Зияш болса керісінше, анасынан ажырамайды. Ылғи да өзінен кішілерге қамқорлық көрсететін балажан мінезді. Ал үйдің кенжесі Бота кербез де сұлу әрі сылқым бойжеткен болып өсіп келеді.
Гүлжахан Керімбайқызы кенже қызы Ботамен бірге. Кентау қаласы, тамыз, 2009 жыл.


– Мен бауырларымнан бір сәт алшақ кетсем, сағынамын. Сыныптас достарымыз да, көршілер де бізге қызығады. Сендер бәрің бірдей бір үйде тұрасыңдар, сонда да татусыңдар, ешқашан бір-біріңмен ұрыспайсыңдар ма деп таңқалады, – дейді үйдің кенжесі Бота Арнұр.

Тұлдыр жетімдерді тағдыр тәлкегінен арашалап қалған мейірімді отбасы елге сыйлы. Туған балаларынан немере сүйіп, бәрі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мейірімді жандар алдағы уақытта да жетімді жебеп, қанатының астына алу ойларында барын айтады.

Ысқақ ақсақал мен Гүлжаһан апаның ендігі арманы қыздарын оқытып, құтты ұяға қондыру. Бауырға басқан перзенттері еш нәрседен кемдік көрмей ғұмыр кешсе деген ата-аналық ақ тілекпен ғұмыр кешіп жатыр.

– Қазірде облыста 422 бала патронаттық тәрбиеге алынған. Бұл үлкен көрсеткіш. Тәрбиеге алынған әр балаға ай сайын 12730 теңге мемлекеттік көмек бөлінеді. Бұл мәселе 2004 жылдан бастап жүзеге асты. Ал Кентаудағы Жұмашевтар отбасы осы уақытқа дейін тастандыларды өз есебінен өсіріп келді. Олар кейіннен патронаттық тәрбиеге көшірілді, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру департаментінің бас маманы Жанат Омарова.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 5 жетімдер үйі бар. Бүгінде оларда 511 бала тәрбиеленуде. Облыс аумағында патронаттық тәрбиеге бала алу дәстүрге еніп келеді дейді мамандар. Оған өңірде жүргізіліп жатқан насихаттау жұмыстары басты себеп екен. Сала мамандарының айтуынша, облыс Қазақстан бойынша патронаттық тәрбиеден көш бастап келеді.
XS
SM
MD
LG