Accessibility links

Балаларын жоқшылықтан емес, тоқшылықтан тастайтын аналар да бар


Қостанайдағы "Дельфин" балалар үйіндегі жетім балалардың бір тобы. Қостанай, тамыз, 2009 жыл.
Қостанайдағы "Дельфин" балалар үйіндегі жетім балалардың бір тобы. Қостанай, тамыз, 2009 жыл.

Ресми деректер бойынша өткен жылы Қазақстанда ата-анасының қарауынсыз қалған 42 мың сәби тіркелген екен. Олардың саны жыл сайын өсе түспесе, кемімегенін айтады сарапшылар. Мұны ҚР Әділет министрлігінің азаматтық хал-актілерді тіркеу бөлімінің бастығы Зайда Нұрабаева да растады.

АЛТЫНҒА МАЛЫНЫП, ҚЫМБАТ ІШІК ЖАМЫЛҒАН ӘЙЕЛДЕР ДЕ БАЛАЛАРЫНАН БАС ТАРТАДЫ

Нұрабаеваның айтуынша, мұндай балалар саны қазіргі уақытта жүз мыңнан асады, ал солардың тең жартысы тастандылар. Тастанды балаларды асырауға бір балаға бюджеттен ай сайын елу мыңнан 250 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалады.

Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Екатерина Слобеденюктің сөзіне сүйенсек, бұдан бұрын перзентінен бас тарту қаңғыбастарға, нашақорлар мен маскүнем әйелдерге тән болса, енді тұрмыстық жағдайы жақсы келіншектер де туған балаларынан жиі бас тартатын көрінеді. Тіпті олардың арасында алтын-күміске малынған, қымбат ішік жамылған әйелдер де бар екен.
"Дельфин" жетім балалар үйі. Қостанай тамыз, 2009 жыл.

«Дельфин» балалар үйінде бес жылдан бері «Үміт» деп аталатын эксперименттік палата жұмыс істейді. Балалар үйінде жыл сайын 200-ден астам бала тұрса, солардың отызға жуығы өз аналарымен қайта табысқан. Ана алақанын көрмеген басқа бөбектер үш жасқа толғаннан кейін Рудный қаласындағы балалар үйіне жіберілсе, жеті жасқа толған кезде облыстық балалар үйіне қоныс аударады. Осы күні бір ғана Қостанай облысында 3654 бөбек мемлекет қарауына берілген. Ал облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерінің саны 221-ге жеткен.

«Қостанай облыстық балалар үйі» мемлекеттік мекемесінің директоры Кенжегүл Салықова: «жыл сайын балалар мұқтажына 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Балалар тағдырына алаңдап, демеушілік көрсетіп жатқан жеке кәсіпкерлер де аз емес. Балаларға тәулігіне бес мезгіл тамақ беріледі. Алайда, осының бәрі оларға ешқашан да отбасын, аялы ана алақанын алмастыра алмайды» – дейді.

БАЛАСЫН АЖАЛҒА ҚИҒАН АТА-АНАНЫ КІМ ДЕЙМІЗ?

Рудный қаласында шілде айының отызы күні тағы бір жантүршігерлік оқиғаға орай сот процесі басталды. Эллина және Виктор Гунькоға ҚР Қылмыстық кодексінің 119 -бабының 2- тармағы бойынша «қауіпті жағдайда қалдырған» деген айыппен жаңа туған баланың өліміне байланысты іс қозғалған болатын.

Эллинаның сотта берген мәліметтеріне қарағанда, дүниеге келген сәби кездейсоқ байланыстан туған. Оның бұрынғы күйеуі Виктор бұл кезде басқа әйелмен тұрып жатқан, бірақ, алғашқы әйелімен жолыққан соң барлығын қайтадан бастауға уәде берген. Үйде босанған әйел шарананы Викторға беріп, перзентханаға апарып тапсыруды өтінген. Осыдан бір жыл бұрын ол тағы бір баласын перзентханаға өткізген екен. Сондықтан есепке тұруға да, перзентханаға өз еркімен баруға да оның тәуекелі жетпеген. Виктор сәбиді гинекология бөлімінің есігі алдына қойып, қоңырау шалдым, содан кейін есіктің ашылғанын көрген соң кетіп қалдым деп ақталады.

Перзентхана қызметкерлері оның барлық сөзін теріске шығарады. «Баланы кісілер тез байқайтын, жарық түсіп тұрған жерге де қалдырмаған, ешкім қоңырау шалмаған, денесі суып қалған бала мүрдесін таңертең қоқыс төгуге шыққан санитар қыз көрген» – дейді дәрігерлер.

Сот дәрігерлік сараптама маманының сотта айтуына қарағанда, жаңа туған сәби айы-күні жетіп туған, салмағы да, бойы да қалыпқа сай болған, бірақ, сол күні есік алдында көп жатып қалғандықтан және жаялығы жұқа болғандықтан ажал құшқан.

Аталмыш сот процесі жалғасып жатыр. Оған қатысушылардың барлығы дерлік «көкек» ананы, ажалға себепкер болған намыссыз әкені айыптап отыр. «Баласын ажалға қиған ата-ананы адам деп есептеуге бола ма? Оларға қатаң жаза қолдану керек!» – дейді айыптаушы прокурор.

Ал дәл осыған ұқсас жағдайлар облыста бұдан бұрын да бірнеше рет тіркелген. Сәбилерін тұншықтырып өлтірген, қоқыс жәшігіне тастаған, тірі күйінде жөргегіне орап кеткен оқиғалар естіген елдің төбе шашын тік тұрғызған.

Бізбен пікірлескен қостанайлық тұрғындардың бірі Сәлима Хамзина: «жетім балалар тағдырына қоса олардың ана тілін меңгеруі елді қатты алаңдатады, өйткені, олардың арасында қаракөздеріміз көп, бірақ, барлық тәлім-тәрбиені олар орыс тілінде алады» – дейді.

Ал қазақ балаларын асырап алды деген желеумен шетелге асырып жіберудің өзі бөлек тақырып.

Интернеттен мынандай мәліметтерді оқыдық: Қазақстандағы интернаттарда 16000 бала тәлім-тәрбие алса, солардың ішінде: 3000–нан астамы тірі жетім, бір мыңнан астамы әкесі де, шешесі де белгісіз тастанды балалар, 6000–ы ата-ана құқынан айырылған адамдардың, 1146–ы әртүрлі қылмыстық жазасын өтеп жатқандардың, 3000–ы қашып кетіп, іздеу жарияланған кісілердің, 1000–ы медицина мекемелерінде емделіп жатқандардың балалары екен.
XS
SM
MD
LG