Accessibility links

"Гиффен - құрал" дейді қазақстандық сарапшылар


Тамыздың 6-cында аяқталған Джеймс Гиффенге қатысты сот тыңдауы жөнінде қазақстандық ресми өкілдер пікір білдіруден қашқақтайды. Ал елдегі саяси сарапшылар америкалық бизнесменге қатысты сот процесіне экономикалық мүдде мен барлау қызметінің лоббиі ықпал етті деп есептейді.


Джеймс Гиффенге қатысты Манхэттеннің федералдық сотындағы тыңдау аяқталып, бұрынғы Қазақстан үкіметінің мұнай ісі бойынша кеңесшісіне жемқорлыққа қатысты тағылған негізгі айыптардың түсіп қалғаны белгілі болды. Тек 1996 жылы салық төлеуден жалтарды және құзырындағы компаниясы қазақстандық лауазымды шенеунікке екі моторлы шананы пара ретінде берді деген екі айып бойынша Гиффен ары кетсе жарты жылға сотталуы мүмкін. Төлейтін айыппұлының да шамасы 25 мың АҚШ долларынан аспайтын сияқты. Сот үкімі қарашаның 19-ында шығады.

Гиффен Қазақстандағы саяси элитаға тікелей қатысы бар атышулы "Қазақгейт" ісінде негізгі айыпталушы болды. Оның сот процесіне қатысты қазақстандық ресми өкілдер қандай да бір пікір білдіруден қашқақтайды. Ал жергілікті саяси сарапшылар болса АҚШ-тың мемлекеттік департаменті экономикалық мүддесі үшін әділ сот, адам құқығы мен демократия принциптерін аттап өте береді деген пікір айтады.

Расул Жұмалы "салықтан жалтару" мен "екі шананы пара ретінде беру" мәселенің бір жағы ғана, екінші жағы - АҚШ-тың мұнай лоббиін экономикалық мүддесі үшін ықпал ету тетігі ретінде пайдаланып отырғаны дейді. Саясаттанушы "Батыстың мұнай компанияларының Қазақстанда салық төлеуден жалтарып, жергілікті заңдарды бұзғаны туралы мәселе көтерілсе, "Қазақгейтке" қатысты іс қайта көтеріледі. АҚШ-тың көздеп отырғаны адам құқықтары, демократия, сот жүйесінің әділдігі немесе жемқорлықпен күрес мәселесі емес, өздерінің қарақан басының қамы, саяси-экономикалық мүдделері. Гиффенді құрал ретінде пайдаланылып отыр. Қазақстанда АҚШ-тың ұзақ мерзімді экономикалық мүддесі тұрғанда мұндай арандату тоқтамайды" деп санайды.

Белгілі саясаткер Дос Көшім: "Менің пікірімше, бұл - АҚШ-тың мемлекеттік департаменті мен сот жүйесінің арасындағы келісім. Мүмкін Гиффеннің Орталық барлау басқармасында істегенінің растығының дәлелі, не болмаса Гиффен осы уақытқа дейін жұмыстарын үкіметтің тапсырмасымен істеген шығар. Қысқасы, бұның бәрі Гиффенді басынан бір сипап құтқарып алу. АҚШ-қа да, Қазақстанға да тиімсіз. Бұл іс осымен тоқтайтын шығар" деп түйді.
XS
SM
MD
LG