Accessibility links

Орталық Азияда базар саудасы өркендеп тұр


Алматыдағы қытай тауарларын сататын базарда.
Алматыдағы қытай тауарларын сататын базарда.

Орталық Азия базарларында жыл сайын шамамен 10 миллиард доллардың тауары сатылады. Сарапшылар заманауи сауда орталықтары мен супермаркеттер тегеурініне қарамастан, аймақтағы базар саудасы әлі де дами беретіндігін айтады.


ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАНДАНУЫ

«Қырғыз революциясынан кейін шекараның жабылуы мен Қазақстанның Ресеймен бірге Кедендік одаққа енуі биыл Орталық Азиядағы жүздеген мың ұсақ саудагерлер мен шетелден тауар тасып әкелетін кәсіпкерлер үшін жаңа қиыншылықтар туғызды» деп жазады «Силк Роуд интеллидженсер» сайты. Алайда, көлемі көптеген миллиард долларға пара-пар болатын аймақтағы базар саудасы әрқашан жаңа ахуалға шапшаң икемделе білетін қасиетін тағы да көрсетті.

Жұрт арасында «барахолка» аталып кеткен Алматының орталық әмбебап базарының бір бұрышында қоныс тепкен дүңгіршекте Шыңжаңнан келген Мәриам есімді ұйғыр әйел саудамен айналысады. Ол тауарлары таусылып бара жатқанына назалы. Ескі металдан жасалған контейнердің ішіндегі оның ас-үйге арналған ыдыстар сататын дүкеншесі төбесіне дейін әр түрлі тауарға лық толған. Мұнда электр шәйнектен бастап ірімшік үккіштерге дейін небір тауарды көресіз. Оның көпшілігі Шыңжаң мен Гуанчжоуда жасалған.

«Барахолкадағы» көптеген басқа да саудагерлер тәрізді Мәриам да Қазақстанның Беларусь және Ресеймен бірге Кедендік одаққа енуінің соңы не болар екен деп алаңдап отырғанын атап көрсетеді басылым.

Әрине, шекараның ауық-ауық жабылып қалуы мен кедендік бақылау ережелерінің аяқ асты өзгеріп кететіндігіне саудагерлердің бойлары үйренгелі қашан! 2009 жылдың екінші жартысында этникалық бүліктен кейін Шыңжаңға баруға тыйым салынды. Ал биылғы жылы Қырғызстандағы сәуір революциясынан кейін Қырғызстан мен оған көршілес елдердің арасындағы шекараның жабылуы ең үлкен қиыншылыққа айналды.

Таяуда Ташкент өзбек-қырғыз шекарасын қайта ашудан бас тартты. Шекараның жабылып қалуы қырғыз тарабына қатты әсер етті. Себебі, бұл елдің солтүстігіндегі фермерлер өз өнімін Қазақстанға экспорттау мүмкіндігінен айырылды.

Сонымен қатар, қытай тауарларын Қырғызстаннан Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдеріне реэкспорттау арқылы күнін көріп жүрген ондаған мың саудагер де, Қырғызстанның бүкіл тігін өнеркәсібі де бұдан көп қиындық көрді.

МАТАДАН БАСТАП ҚАРУ МЕН ЕСІРТКІГЕ ДЕЙІН

Бағзы заманда даңқты Жібек жолының бойындағы тасымал сауда бекетінің рөлін атқарған Орталық Азияның қалалары өткен 20 жыл ішінде сауданың жаңа түрінің орталығына айналды. Бұл жаңа сауда – электрондық тауарлар мен әйгілі өндірушілер маркасын пайдаланып, заңсыз жасалған жасанды көшірме тауарлар сату.

Бөлшек және көтерме сауда желісі арқылы өткізіліп, аймақ базарлары арқылы жылына шамамен 10 миллиард доллардың тауары сатылады. Бұл туралы «Жібек және бітпейтін базар түйдектері: CAREC елдеріндегі базарлар мен сауда интеграциясы» деп аталатын Дүниежүзілік банктің баяндамасында айтылады.

2008 жылы аймақтың төрт еліндегі – яғни, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстандағы – халықаралық импорттың жалпы көлемінің ең аз дегенде бестен бір бөлігін осы базарлардың халықаралық қамтамасыз ету желісі арқылы келетін импорт құрады. «Орталық Азиядағы базарлар өткен жиырма жыл ішінде даму процесін басынан өткерді әрі нарықтық экономиканың өте маңызды бөлігіне айналды» делінеді әлгіректе сөз болған Дүниежүзілік банктің баяндамасында.

Қырғызстан – базар саудасы ең қатты дамыған ел болып есептеледі. Орталық Азияның ең ірі төрт базарының екеуі осында орналасқан. Бішкек маңындағы Дордой базары Орталық Азиядағы ең үлкен базар болып саналады. Онда қырық мың сауда нүктесі бар, ай сайын 331 миллион доллардың саудасы жасалады әрі елу бес мыңдай адам жұмыс істейді.

Бішкек тұрғындары бұл базарда адамға керектінің бәрін бәрін сатып алуға болатындығын айтады, яғни, мұнда мата мен DVD-плеерден бастап, тірі хаюанаттар мен атыс қаруын, сонымен қатар, есірткіге дейін сатып алуға болады.

Дордойдың ең күшті бәсекелесі – Алматыдағы «барахолкада» он бес мың сауда нүктесі барын түсіндіреді «Силк Роуд интеллидженсер».

Тұтастай алғанда, Қырғызстан базарларында сатылатын тауардың төрттен үш бөлігін шетелдіктер сатып алады. Дордойдан алынған тауарлар Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен оңтүстік Ресейде саудаға түседі. Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында орналасқан тағы бір басты аймақтық базар саналатын Қарасуда сатылатын тауардың 65-75 пайызы Өзбекстанға кетеді. Ал қалған бөлігі Қырғызстан аумағындағы Ферғана аңғары аудандарына және Тәжікстанға жеткізіледі.

Қырғызстан ішінара қолайлы географиялық орналасуы және дамыған логистика жүйесінің арқасында саудада осылайша алдыңғы орынға шығып отыр. Дегенмен, Дүниежүзілік банктің деректеріне қарағанда, Орталық Азиядағы басқа елдер үкіметтерімен салыстырғанда Қырғызстан билігі базарлардың іс-әрекетіне неғұрлым кең ерік беріп отыр екен.

Дордой, Қарасу және Алматының «барахолкасынан» басқа аймақтағы ең ірі сауда орталығы қатарына солтүстік Тәжікстанның Ходжент қаласындағы Пянджшанбе базары енеді. Бұл базарлар «қала ішіндегі қала» түрінде дамыған, жетілген инфрақұрылымы бар базарлар болып саналады. «Бұл инфрақұрылым ішіне қоғамдық көлік, қонақ үйлер, сауналар, асханалар, қоймалар, автобус вокзалдары тәрізді қызмет түрлері енеді» деп атап көрсетеді онлайн-басылым.

Әйткенмен, Өзбекстанда ахуал сәл басқаша. Билік мерзімді түрде салатын әртүрлі тыйымдар, шекарадағы өте күрделі кедендік тексеру рәсімдері, осы елдің ұлттық валютасының айырбасталмайтындығы жергілікті базарлардың өсуіне бөгет болып отыр. Өзбекстан үкіметінің қолма-қол ақша орнына адамдарды несие карталарын қолдануға күштеп көндірмек болуы аталған бөгет санын одан әрмен арттырды. Дегенмен, базарлар бұл елде де ештеңеге дес бермей, үсті-үстіне дамып бара жатыр.

АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ОРТАЛЫҚТАРЫ

Орталық Азия базарларында сатылатын бұйымдар өзінің әр алуандығымен көз тартады. Мұнда небір заттар сатылады. Бұл жерден ұсақ фермерлер өсіріп, күнделікті әкеліп сататын көкөністен бастап трансұлттық корпорациялар өндірген тауарларға дейін табуға болады. Трансұлттық корпорациялар бұл базарларды Орталық Азияда өз өнімін өткізетін басты сауда желісінің бірі ретінде пайдаланады.

Мәселен, Unilever компаниясы жергілікті ұлттық нарықтың ерекшеліктеріне бейімделіп, өз өнімінің шамамен 25 пайызын нақ осы базарлар арқылы сатып келеді. «Біздің дистрибьюторлар бұйымдарымызды мөлшермен алғанда Қазақстандағы 18 000 сауда нүктесі мен дүкендерге жеткізіп беріп отыр. Ал Қазақстанда шамамен он төрт миллион адам тұрады. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш болып саналады» деп мәлімдейді Unilever компаниясының ресми өкілі.

Орталық Азия базарларында сатылатын тауардың шамамен төрттен бір бөлігін жергілікті компаниялар өндіреді. Ал импортталатын тауардың басым көпшілігі Қытайдан тасылады. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, 2009 жылы Қытайдан аймақ елдеріне экспортталған базар арқылы сатылатын тауардың құны мөлшермен бес миллиард долларды құраған.

2006 жылы Орталық Азия базарларына Түркия мен Иран сәйкесінше 255 миллион және 104 миллион доллардың ғана тауарын экспорттай алған. Қытай азаматтары Орталық Азия базарларында ерекше белсенділік танытып жүр.

Мысалы, Бішкектің іргесіндегі «Мәдина» тігін бұйымдарының базарына қырғыз және қытай бизнесмендері біріге иелік етеді. «Қарасудағы тауар қоймаларының 70 пайыздайын қытайлар, ал 15 пайыздайын өзбектер жалдап отыр. Тәжікстандағы аса ірі саудагерлердің көбі Қытай азаматтары болып табылады». деп түсіндіреді «Силк Роуд интеллидженсер».

Орталық Азиядағы базарлардың тез өсуінің тағы бір басты себебі, оларға жергілікті тұрғындардың көп баратындығында жатыр. Адамдардың көбі, әсіресе табысы аз тұрғындар санатына жататындар, өздерінің көптеген затты базарда сатып алатынын тілге тиек етеді. Бұл сөз тіпті Алматы мен Астана тәрізді гүлденіп тұрған қалаларға қатысты да ақиқат.

Аймақтағы тұрмыс деңгейі бойынша ең артта қалған деп есептелетін Тәжікстанда азық-түлік емес тауарлардың бағасы дүкендерде базардағыға қарағанда 15-20 пайыздай, ал ауыл шаруашылығы өнімдері 50 пайыздайға дейін қымбат болып келеді.

Тұрғын халықтың кірісінің өсуі де бөлшек сауда саласындағы басты белсенділіктің базардан супермаркеттер, сауда орталықтары мен басқа да қазіргі заманғы бөлшек сауда дүкендеріне орын ауыстыруына түрткі болуда. Қазақстанда базарлар «(әр түрлі көрсеткіші бойынша) кішірейіп барады, алайда, әлі де маңызды сауда арнасы болып қалып отыр. Ең дамыған саналатын Қазақстан нарығында ұйымдасқан сауда бизнестің жалпы көлемінің шамамен жиырма бес пайызын құрайды, ал Тәжікстанда мұндай көрсеткіш нөлге дейін төмендейді», – дейді Unilever компаниясының бір маманы.

Алайда, тазалық сақтау себептері бойынша, 2008 жылы жарияланған Алматы базарларын қала сыртына көшіру жөніндегі жоспар әлі күнге дейін орындалған жоқ. Әйтеуір, Алматыдағы орталық «Көк базардағы» ахуал біршама түзеліп қалғандай болды.

«Барахолка» маңында базарлар мен сауда орталықтарының арасында тізбектеле сап түзеп, орасан-зор қоймалар қаптап кетті. Контейнерлердегі немесе пластмассадан жасалған шатырлар астындағы дүкеншелерде қызу сауда жүріп жатыр.

Алайда, Орталық Азияның ең бай қалаларының өзінде базарлардағы сатып алушылар санының сиреп бара жатқаны байқалады. Әйтсе де, бұған да қарамастан, бұл базарлар ауқымын кеңейтіп, үсті-үстіне өсіп-өніп келе жатыр.
XS
SM
MD
LG