Accessibility links

Қазақстанда қысым көретініне шағымданған қырғыз мигранттары Бішкекте алаңға шықты


Қазақстанда жұмыс істейтін қырғыз азаматтары наразылық танытуға жиналды. Бішкек, 1 ақпан 2010 жыл.
Қазақстанда жұмыс істейтін қырғыз азаматтары наразылық танытуға жиналды. Бішкек, 1 ақпан 2010 жыл.

Қазақстанда жұмыс істейтін қырғыз мигранттары Бішкекте наразылық акциясын өткізді. Қазақстанның муниципалды органдары мен полиция сақшыларынан құқай көретіндерін айтқан мигранттар өздерінің құқығын қорғауды қырғыз үкіметінен талап етті.


НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Ақпанның 1-күні Бішкектегі «Ала Тоо» алаңында наразылық ақциясын өткізген жүзге жуық қырғыз мигранттары Қазақстанда қысым көретінін айтты.

Наразылық білдірушілердің дені саудагерлер болды. Өз айтуларынша, соңғы кездері оларға көрші мемлекетте тұрып еңбек ету ауырлап кеткен: қазақ полициясы оларды ұстап алып, уақытша қамауда ұстау орнына отырғызып қояды.

Полиция тарапынан зардап шеккендердің бірі – Меліс атты жігіт Алматыда саудагерлікпен шұғылданады.

– Бізге екінші сорттағы адамдар ретінде қарайды. Қазақ полицейлері барлығына бірдей, жаман қарайды. Жүкті әйел болсын, қартайған әже болсын – барлығына жаман қарайды, – дейді Меліс Азаттык радиосына.

Наразылық білдірушілер ресми Бішкектен қырғыз еңбек мигранттарының құқығын қорғау үшін шара қабылдауды талап етіп отыр. Бұл
Қырғыз еңбек мигранттарының наразылық жиыны. Бішкек, 1 ақпан 2010 жыл.
әрекетті іске асыру үшін олар үкіметке екі апта уақыт берді.

Ал нақты шара қабылданбаған жағдайда олар елге қайта оралып, митинг өткізетіндерін ескертіп отыр. Және де, ондай митингке қатысушылардың саны да көп болады, яғни саудагерлердің қатарына өзге мигранттар да қосылмақ дейді олар.

Азаттық радиосына сұқбат берген Сағындық есімді саудагер Қазақстанда құрылысшы-мигранттардың қалғанын айтты. Бұл жолы Бішкекке тек саудагерлер келді, дейді ол.

– Ол жақта барлығына бірдей қарайды. Бұл мәселе шешілсе жақсы болар еді, себебі, бұл тек маған ғана емес, менің туыстарыма ғана емес, күллі мемлекет мүддесі үшін керек, – дейді Сағындық есімді қырғыз мигранты.

МИГРАНТТАР ЕҢБЕК ЕТУГЕ РҰҚСАТ ҚАҒАЗ АЛЫП БЕРУДІ СҰРАЙДЫ

Биресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда 100 мыңға жуық мигранттар жұмыс істейді.

Олардың арасында саудагер, аспазшы, құрылысшы, дихандарды кездестіруге болады. Өз айтуыларынша, былтырдан бері олар қазақ билік өкілдері тарапынан қысымға жиі ұшырай бастаған.

– Біз екі жұма күтеміз. Егер осы уақытта мәселе шешілмесе, біз барлығымыз осында қайтып келеміз. Бізге сауда жасауға рұқсат алып берсін, біз мемлекеттен ақша сұрап отырған жоқпыз, – дейді Арстан Тұрдумаматов деген саудагер.

Бішкектің орталығындағы алаңда наразылық акция өткізгеннен кейін қырғызз еңбек мигранттары Қырғыз елінің жұмыспен қамту және көші-қон істері жөніндегі министрі Айгүл Рысқұловамен кездесті.

Соңынан бұл мекеменің баспасөз хатшысы Роза Даудова министр наразылық білдірушілердің үкіметке қойған талабын жазбаша түрде қабылдап алғанын айтты.

АДАМ ҚҰҚЫН ҚОРҒАУШЫЛАР ДӘРМЕНСІЗ ҚАЛЫП ОТЫР

Қазақстанның адам құқығын қорғау бюросындағылар да елде еңбек мигранттарының құқығы бұзылатындығынан хабардар. Осы бюроның өкілі Виктория Тюленеваның айтуынша, бұрын оларға жиі шағым жасайтын мигранттар соңғы екі жылда бұл жерге келіп көмек сұрауды қойған.

– Қазір олардың жағдайы тым нашарлап кетті, сол себептен олар бізге келмейді. Өйткені, біз оларға айтарлықтай көмек бере алмаймыз. Менің пікірімше, олар бар мәселе тек мемлекет саясаты өзгергенде ғана шешілетінін түсінеді, – дейді Виктория Тюленева.

Сондай-ақ, Виктория Тюленева Қырғызстан мигранттары кешіп отырған жағдай Қазақстанда жүрген Тәжікстан мен Өзбекстан мигранттарының басында да барын айтады.

Қырғыз мигранттары негізінен Алматыда – Қазақстандағы ең үлкен қаладағы сауда орындары мен құрылыстарда еңбек етіп келді. Олар көбінесе Алматы полициясынан жапа шегетіндерін айтып, шағымдануда.

Шетелдік еңбек мигранттарының шағым-өтінішіне орай, Азаттық радиосы Алматы ішкі істер департаментіне хабарласқан еді. Алайда осы мекеменің баспасөз қызметі редакциядан ресми хат жазуды талап етіп, қойған сауалымызға қандай да бір түсінік беруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG