Accessibility links

Қазақ премьер-министрінің әкесі жақсы атпен көрінгісі келеді


Кәсіпкер Қажымқан Мәсімов, қазақ үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің әкесі. Алматы, 21 желтоқсан, 2009 жыл.
Кәсіпкер Қажымқан Мәсімов, қазақ үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің әкесі. Алматы, 21 желтоқсан, 2009 жыл.

Осының алдында дау-дамаймен атағы шыққан Қажымқан Мәсімов енді Қазақстан экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция тартқан кәсіпкер ретінде көрінуге тырысып жатыр.


ӘКЕСІНЕ ҰЛЫ БОЛЫСУДА

Қазақ премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімовтің компаниясы «Париджи групп» инвестициялық компаниясының құрамына кірді. Олар енді бірлесіп мега-орталықтар, мектептер салып, Қазақстанның экономикасына 8 миллиард доллар инвестициясын тартпақ ниетте. Бұл туралы 21-желтоқсан күні Алматыда арнайы ұйымдастырылған симпозиумда үлкен Мәсімовтің өзі хабарлады.

«ХАC-ЕР КЗ» компаниясының әрі қазіргі премьердің әкесі Қажымқан Мәсімов өз компаниясы үшін жаңа жобалар мен жұмыстар тапқанын айтты.

– Біз енді «Париджи групп» деп аталатын осы компанияның құрамына кірдік. Бұл дегеніңіз, енді бізде шынымен де қаржы бар дегенді білдіреді. Екі жыл бұрын шетелде жүріп Джампауло мырзамен («Париджи групп» инвестициялық компаниясының президенті) танысқан едік. Әрине, жағдайларымызды біліп, пікір алыстық. Сол кезде ол бізге келіп, бірқатар облыстарды аралап, қандай жобаларды қолға алуға болатындығын қарап көретіндігін айтқан. Бұл жобаларды облыстар бойынша белгіледік. Әзірге бұл жобаларды мен құрылтайшы болып табылатын «ХАC-ЕР КЗ» фирмасы қаржыландыруда, – деп мәлімдеді Қажымқан Мәсімов.

Үлкен Мәсімовтің айтуынша, Джампауло Париджи жетекшілік ететін «Париджи групп» инвестициялық компаниясы қонақ үй құрылысымен айналысады. Алайда, оның жаңа серіктестері оған балабақшалар, мектептер салу жөнінде кеңес берген. Қажымқан Мәсімовтің айтуынша, Париджи бұл ұсынысты қабыл алыпты, енді аталған мәселені Қазақстан үкіметі шешіп жатыр екен.

ШАТАҚПЕН АТАҒЫ ШЫҚҚАНДАР

Сонымен бірге, бұл инвестициялық компанияның құрамына Олег Нам басқаратын «Қуат» құрылыс корпорациясы да енді. «ХАC-ЕР КЗ» және «Қуат» компанияларының аты үлескерлерімен шықты. «Қуат» корпорациясынң үлескерлері Алматы көшелеріне бірнеше мәрте шығып, наразылықтарын білдірді. Сонымен бірге, «ХАC-ЕР КЗ» компаниясының үлескерлері де бірнеше мәрте баспасөз-мәслихаттарын өткізіп, өз ақшаларын қайтаруды талап еткен.

Алайда, 21 желтоқсанда бұл компаниялардың жетекшілері үлескерлерге қатысты проблемалардың барлығын жоққа шығарды. «ХАC-ЕР КЗ» компаниясының құрылтайшысы Қажымқан Мәсімов биылғы жылдың 8 желтоқсанында үлескерлер жасаған мәлімдемеге түсінік
Әлия Матаева, Қажымқан Мәсімовтің адвокаты. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл.
беріп жатпады.

Оның орнына адвокаты Әлия Матаева жауап берді. Матаеваның мәлімдеуінше, олар баспасөз-мәслихатын өткізіп жатқан адамдармен соттасуда және олар үлескерлер болып табылмайды.

– Әрине, олар жала жауып отыр. Неге олар осы күнге дейін сотқа бермеді? Неге олар қылмыстық іс қозғамады? Тамыз айынан бері осының барлығын біз жасап жатырмыз. Біздің шағымымыз Астана қалалық ІІД-де жатыр, біздің ісіміз сотта қаралуда. Біз заңнан аттамай, заң шеңберінде жұмыс істеудеміз. Біз үшін баспасөзге барып олардың айтқандары дұрыс деп айдай әлемге жар салудың еш қажеттілігі жоқ. Біз барлығын заң жүзінде жасап жатырмыз: заңды органдар арқылы, сот арқылы, Ішкі істер министрлігінде қаралып жатқан қылмыстық істерді қозғау арқылы, – деді үлкен Мәсімовтің адвокаты Әлия Матаева.

Бұдан бөлек, адвокат Әлия Матаева баспасөз-мәслихатында «Время», «Взгляд» сынды бірқатар қазақстандық басылымдарды сотқа беретіндігі жайында мәлімдеді. Алайда, түстен кейін Азаттық радиосының тілшілеріне берген сұхбатында Әлия Матаева барлық құжаттарды журналистерге бергендігін және олар бұлардың ұстанымын жариялайтындығын айтты.

ҮЛКЕН МӘСІМОВТІҢ ТАЛАП АРЫЗЫ

Бұдан бұрын Азаттық радиосы қазақ премьер-министрінің әкесі Қажымқан Мәсімов пен құқыққорғаушы Талас Сағымбаевтың соттасуы жайында хабарлаған. Сағымбаев «ХАC-ЕР КЗ» компаниясына ренішті адамдар мен үлескерлердің құқын қорғаған. Үлкен Мәсімов құқыққорғаушы Талас Сағымбаевтың әрекетіне байланысты болған моральдық нұқсан үшін сот арқылы 10 миллион теңге өндіріп алмақшы болған.

– Алдыңғы күні Сапаргүл Маханбетоваға Талас Сағымбаев шығып, мәселені сотқа жеткізбей шешу жайында ұсыныс жасаған. Біз әзірге бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Біз келіссөздер жасауға даярмыз. Бірақ, қояр бір шартымыз бар. Ол жария түрде бізден кешірім сұрауы керек, – деді Әлия Матаева.

Құқықорғаушы Талас Сағымбаев үлкен Мәсімовтің қорғаушыларына бірінші болып шыққанын жоққа шығарады. Оның айтуынша,
Мен оларға не соттасыңдар, не болмаса келісіңдер дедім. Ал келісу өте оңай: елге қарыздарын қайтарып, осымен әңгімені тәмамдау керек.
олардың өзі бұған мәселені бейбіт жолмен шешуге ұсыныс жасауда екен.

– Бұл ойдан шығарылған фантазия. Мен ешқашан байланысқа шыққан емеспін. Бұны тексеріп көруге болады. Екіншіден, бұның барлығы жалаң мәлімдеме ғана. Қазіргі уақытта үлкен Мәсімовтің жағы – қаржы директоры, адвокаты келіскісі келеді. Мен оларға не соттасыңдар, не болмаса келісіңдер дедім. Ал келісу өте оңай: елге қарыздарын қайтарып, осымен әңгімені тәмамдау керек. Олар бұның барлығын ауызша айтады. Мен оларға жазбаша ұсыныс жасаңдар дедім, бірақ, әзірге жазбаша ұсыныс түскен жоқ, – дейді құқыққорғаушы Талас Сағымбаев.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың көктемінде Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ бизнесмендері Астанадағы Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік (қаржы полициясы) ғимаратының алдына жиналып «ХАC-ЕР КЗ» компаниясының басшылығына қатысты шара қолдануды талап еткен. Олардың айтуынша бұл компания кәсіпкерлердің ақшасын алып, бірақ, цемент беру туралы келісімді орындамаған.

Сол кезде кәсіпкерлердің мүддесін қорғаған құқыққорғаушы Талас Сағымбаевтың айтуынша, ақшаның бір бөлігі қайтарылған, бірақ барлығына бірдей емес. Кейінірек ақшасын қайтып ала алмаған адамдар Алматыда баспасөз-мәслихатын өткізіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған.

Осы баспасөз-мәлслихатынан бір апта өткен соң Астананың Алматы аудандық сотында үлкен Мәсімовтің талап арызы бойынша сот болды. Алайда, құқыққорғаушының мекен-жайы дұрыс көрсетілмегендіктен, бұл іс Сарыарқа аудандық сотына өткізіліп берілген.
XS
SM
MD
LG