Accessibility links

Алматының әкімшілік соты оппозиционер Болат Әбіловке айыппұл салды


«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбліов сөз бостандығын қорғауға арналған наразылық шарасында. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбліов сөз бостандығын қорғауға арналған наразылық шарасында. Алматы, 24 маусым 2009 ж.

«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов 24 маусым күні БАҚ-ты қолдап заңсыз митингі ұйымдастырғаны үшін айыпты деп танылды. Аталмыш жиынға қатысқан 12 адамға да хаттама келген. Олардың ішінде тәуелсіз басылымдардың бас редакторлары, қоғамдық ұйымдардың жетекшісі мен оппозиция өкілдері бар.

Шілденің 21-інде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотындағы отырыс белгіленген уақыттан екі сағат кешігіп басталды. Бас аяғы жарты сағатқа созылған сот процесі соңында «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбіловті айыпты деп тауып оған 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 64800 теңге (шамамен 440 доллар) көлемінде айыппұл салуға шешім шығарды.

Нұржан Пақырдинов, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы. 21 шілде 2009 жыл
Судья Нұржан Пақырдинов, Болат Әбілов 24 маусым күні бұқаралық ақпарат құралдарын қолдап заңсыз митингі ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 377 бабы бойынша айыпты деп танылғандығын жариялады.

Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубының алдында маусымның 24-інде өткен арнайы шарада бір топ журналистер елдегі тәуелсіз басылымдарға көрсетіліп жатқан қысымға өз наразылықтарын білдірген еді.

Аталмыш жиынға қатысқан 12 адамға хаттама келіп, оларға қатысты сот процестері басталып кетті. Олардың ішінде тәуелсіз басылымдардың бас редакторлары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен оппозиция өкілдері бар.

Шілденің 17-сінде осы 12 адамның алғашқысы, қоғамдық белсенді Ризада Жақыпбекке қатысты сот шешімі шыққан болатын. Оған да сот 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тақты. Алайда бұған дейін де бірнеше мәрте жауапқа тартылған ол өзінің қайта шағымданатындығын мәлімдеп отыр.
«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов (оң жақта) және оның орынбасары Петр Своик әкімшілік соттың отырысында. Алматы, 21 шілде 2009 жыл.


Сотқа «шақырту» алғандардың ішінде «Журналистер қауіп қатерде» қоғамдық қорының жетекшісі Розлана Таукина да бар. Демократиялық қоғамда әр адамның өз пікірін бейбіт түрде жеткізуге құқы бар екендігін алға тартқан ол, жүргізіліп жатқан сот процестері арқылы билік елдегі сөз бостандығына жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, белсенділік танытқан адамдарға жасанды айыптаулар тағып отыр дейді.

Шілде айының 11-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев интернетке мемлекеттік бақылау орнатуды көздейтін заңға қол қойған болатын. Енді Қазақстанда барлық интернет ресурстар, оның ішінде форумдар, блогтар, чаттар мен электрондық кітапханалар баспасөз құралдарына теңелді.

24 маусым күні, Қазақстан баспасөзінің мерекесі қарсаңында, Алматыда оппозициялық қайраткерлер мен журналистер өткізген наразылық шарасында «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов: «Біз қазір үндемей қалсақ, «БАҚ туралы» заңға енгізілгелі жатқан түзетулер қабылдануы мүмкін. Ал ол қабылданған жағдайда елде біз оқитын бір де бір басылым қалмайды және «Хабар» мен «Қазақстаннан» басқа телеарнаны көре алмайтын боламыз. Оған қоса интернетті ауыздықтаса, әлеммен байланысымыз үзілетін болады» деген еді.
XS
SM
MD
LG