Accessibility links

АҚШ НАТО елдері мен Украинаға қару жеткізуді шатдаун кесірінен уақытша тоқтатты


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

АҚШ үкіметі қаржыландыру доғарылуына (шатдаун) байланысты НАТО альянсы бойынша одақтастары мен Украинаға қару жеткізуді уақытша тоқтатты. Бұл туралы Axios басылымы хабарлады. Оның жазуынша, қазан айында Мемлекеттік департаменттің қару жеткізуге жауапты бөлімінде қызметкерлердің тек ширек бөлігі ғана жұмыс істеген. Соның салдарынан қару-жарақ жеткізу процесі едәуір баяулаған.

Шектеу тікелей мемлекеттік келісімдерге де, арнайы лицензиясы бар жеке компаниялар арқылы қару-жарақ жөнелту ісіне де әсер еткен. Атап айтқанда, Украина армиясы пайдаланатын AMRAAM және HIMARS зымырандарын, сондай-ақ Дания, Хорватия мен Польшаға арналған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері зымырандарын жеткізу кейінге қалды.

Мемлекеттік департаменттің көптеген қызметкері ақысыз демалысқа жіберілген. АҚШ-та федералды үкіметтің жұмысы 1 қазаннан бері тоқтап тұр. Бұл ел тарихындағы ең ұзақ шатдаун болып отыр. Оның себебі — Конгресс мүшелері бюджет мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмай жатыр.

Қаржыландыру болмағандықтан, шамамен 1,5 миллион мемлекеттік қызметкер ақысыз демалысқа кетті немесе еңбекақысыз жұмыс істеп жатыр. Егер шатдаун желтоқсанға дейін жалғасатын болса, АҚШ әскери қызметкерлері де жалақысыз қалмақ.

XS
SM
MD
LG