Ресей мен Украина 103-ке 103 формуласымен тұтқын алмасты.
Украина президенті Владимир Зеленский 82 қатардағы жауынгер мен сержанттың және 21 офицердің еліне оралғанын растады. Тұтқыннан шыққандар қатарында, Зеленскийдің сөзінше, Мариуполь мен "Азовстальдің" қорғаушылары бар.
"Тұтқын алмасуымен айналысып, Украинаға осындай сүйінші хабар жеткізіп отырған командамызға рақмет!" деп жазды Зеленский өзінің Telegram-арнасында. Тұтқын алмасу процесінде Біріккен Араб Әмірліктері арағайын болған.
Украина тұтқыннан босатқан ресейлік әскерилер Беларусь аумағына өткен. Олар, Ресейдің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Курск аумағында тұтқынға түскен. Министрлік "сарбаздарға көмек көрсетіліп, туыстарымен хабарласуға мүмкіндік берілді" деп жазды.
Ресей мен Украинаның тұтқын алмасқаны туралы хабар бұдан бұрын 13 қыркүйекте шыққан. Ресей қатарында Курск облысында тұтқынға түскен сарбаздар да бар 49 әскериін қайтарған. Ал Украина қайтарған 49 адамның құрамында ұлттық гвардия, полиция мен шекара күзеткен әскерилер бар. Әскерилермен бірге 2022 жылы Ресейде "тыңшылық жасау" бабымен ұсталып, қамауға алынған қырым татары Ление Умарова да босап шыққан.
ПІКІРЛЕР