Accessibility links

Орталық Еуропа елдері су тасқынына әзірленіп жатыр


Чехиядағы өрт сөндірушілер.
Чехиядағы өрт сөндірушілер.

Чехия, Польша, Словакия, Германия, Австрия мен Орталық Еуропаның тағы бірнеше елі нөсер жаңбырдан кейінгі тасқынға дайындалып жатыр.

Чехияда кейінгі 20 жылда жаумаған нөсер жауып, өзендерде су деңгейі көтеріліп жатыр. Влтаваның деңгейі 60-80 см-ге жетіп қалды. Сенбінің кешіне қарай жел соғып, ахуал қиындауы мүмкін. Синоптиктер желдің жылдамдығы сағатына 100 км жетеді дейді.

Елдің шығысында мыңдаған үй жарықсыз отыр. Билік тұрғындарға эвакуация жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сенбі күні қалада тасыған суды ұстайтын бекеттер қойыла бастады.

Чехияның премьер-министрі Петр Фиала халықты "ең қиын сценарийге әзір болуға" шақырды. Фиала алдағы апатты 1997 және 2002 жылдары болған, ондаған адам қаза тапқан тасқынмен салыстырды.

Румынияда сенбіге қараған түнгі тасқыннан бес адам қаза тапты. Құрбандар бұдан көп болуы мүмкін. Елде жолдар жабық тұр. Кейбір елді мекенде судың биіктігі үш метрге дейін жеткен.

Польшаның Вроцлав қаласында кризистік штаб құрылған. Синоптиктер бұл қалаға 380 миллиметр жаңбыр жауады деп отыр. Вроцлавта жаңбыр көлемін бақылау басталғалы бұрын-соңды мұнша көп жауын жаумаған. Польшаның қорғаныс министрлігі әскерилерді құтқару жұмысына әзірлеп қойды.

Австрияда да нөсер жауып жатыр. Сел жүреді деген қауіп бар. Вена мен елдің басқа өңірлерінде 200 миллиметр жауын күтіліп отыр. Австрия әскері төтенше жағдайға әзірленіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG