Accessibility links

Өзбекстан "Талибанның" мұнайын өңдеуге келіскені хабарланды


Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов (оң жақта) пен "Талибан" қозғалысының СІМ басшысы Әмір Хан Муттаки. 17 тамыз, 2024 жыл.
Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов (оң жақта) пен "Талибан" қозғалысының СІМ басшысы Әмір Хан Муттаки. 17 тамыз, 2024 жыл.

Америкалық S&P Global қаржылық-аналитикалық агенттігі дереккөзіне сілтеп, "Талибан" мен өзбекстандық "Saneg" компаниясы жылына 2 млн тонна ауған мұнайын өңдеу туралы келісім жасасқанын хабарлады.

Келісім бойынша, шикі мұнай Ауғанстанның "Хайратон" терминалынан Өзбекстанға темір жол вагондарымен жеткізіледі. S&P Global агенттігінің дереккөзі ауған мұнайы артылған алғашқы вагондар ендігі жолға шыққанын айтады. Дереккөздің сөзінше, Ауғанстанның солтүстігінен алынатын мұнайды Өзбекстанда өңдеу бойынша келісім бірнеше айдан бері жалғасып келеді.

"Талибан" үкіметі жанармай тапшылығы күшейген тұста мұнай өндірісін қалпына келтіруге тырысып жатыр. Ауғанстанда шикі мұнайды өңдеу бойынша өндіріс орны жоқ. Сондықтан тәліптер Түркіменстан, Иран мен Қырғызстаннан келетін жанармайға кіріптар. Ресейлік басылымдар Батыс санкциясынан соң жанармай экспорты шектелген Мәскеу де Ауғанстанға жіберетін жанармай көлемін арттыруға тырысып жатқанын хабарлап еді.

Өзбекстанның "Saneg" компаниясы бұл туралы ақпарат беруден бас тартып, "қазір ауған мұнайын өңдеумен айналыспайтынын" айтқан. Дерек расталса, бұл ауған мұнайын ел аумағынан тыс өңдеу бойынша алғашқы келісім болуы мүмкін.

1996-2001 жылдары билік құрған "Талибан" Ауғанстанның аудан-қалаларын қайта бақылауына ала бастаған соң мұнда 20 жыл болған Батыс әскері 2021 жылы елден кете бастады. Сол жылы 15 тамыз күні олар Кабулға кіріп, бүкіл Ауғанстанды өз қолына алғанын мәлімдеді. "Талибан" билікке келгеннен кейін Ауғанстанда адам құқықтарын, әсіресе әйелдер бостандығын шектейтін заңдар қайта күшіне енді. "Талибан" қозғалысы әлемнің көп елінде "террористік ұйым" деп танылған.

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан "Талибанды" террористік ұйым тізімінен шығарып тастаған. Биыл маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз" деп айтқан. Бішкек те биыл қыркүйектің басында "Талибан" қозғалысын ел аумағында қызметіне тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG