Accessibility links

Алматыдағы отель "АЭС керек емес" платформасының жиынын өткізуден бас тартты


"АЭС керек емес" платформасын құрған саясаттанушы Әсел Ізтаева, экологтар – Гүлсім Кәкімжанова, Қайша Атаханова, Вадим Ни, энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев (оңнан солға қарай) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 10 қыркүйек, 2024 жыл.
"АЭС керек емес" платформасын құрған саясаттанушы Әсел Ізтаева, экологтар – Гүлсім Кәкімжанова, Қайша Атаханова, Вадим Ни, энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев (оңнан солға қарай) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 10 қыркүйек, 2024 жыл.

Алматыдағы DoubleTree by Hilton Almaty қонақ үйі "АЭС керек емес" платформасының 16 қыркүйекте ұйымдастырмақ болған АЭС жайлы талқысын өткізуден бас тартты. Бұл туралы 13 қыркүйекте платформа өкілі Вадим Ни Азаттыққа хабарлады.

Оның айтуынша, платформа DoubleTree by Hilton Almaty өкілімен екі-үш апта бұрын келісіп, шара өтетін 50 адамдық залға 450 мың теңге төлеп қойған.

"Бәрі жақсы болған, бірақ бүгін таңертең БАҚ өкілдеріне шақырту жіберген соң қонақ үйден хабарласып, отель жабық болатынын айтып, шараны өткізуден бас тартты" дейді ол.

Вадим Ни шараны өткізбеуге билікке жақын және АЭС жақтастары себеп болды деп топшылайды. Ол шара өткізетін басқа жер іздейтінін айтады.

"Бұл жағдай 100 рет қайталанса таң қалмаймын. Қазір біздің платформаға қарсы негатив жазбалар шыға бастады. Жазбаларда балағаттап, жеке басқа өтіп жатыр. Біз әділ бәсекені қолдаймыз. Бірақ біздің күшіміз тең емес" дейді Ни.

Азаттық тілшісі DoubleTree by Hilton Almaty отеліне хабарласқанда Александр есімді менеджері "Өкінішке қарай, біз шара туралы ақпаратты таратуға құқығымыз жоқ" деп жауап берді.

10 қыркүйекте бір топ экология белсендісі "АЭС керек емес" платформасын құрғанын хабарлаған. Белсенділер платформа арқылы елде атом электр станциясын салуға қарсы азаматтардың көзқарасын көрсеткісі келеді. Сарапшылар "АЭС салынса, жеке компанияға емес, тұтас мемлекетке тәуелді болып қалу қаупі басым" деп санайды.

Платформаны экологтар – Қайша Атаханова, Гүлсім Кәкімжанова, Вадим Ни және энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев пен саясаттанушы Әсел Ізтаева құрған.

6 қазанда өтетін референдумда "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады. Орталық референдум комиссиясы АЭС бойынша референдум өткізуге 15,5 млрд теңге керек деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG