Украина АҚШ билігінің өкілдеріне америкалық ATACMS ракетасымен Ресейдің қай жеріне шабуылдауды көздейтінін хабарлаған. Бұл ақпаратты Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров растады.
26 тамыз күні Politico басылымы Умеров пен Украина президенті офисінің жетекшісі Андрей Ермак Вашингтонға сапарында америкалық әріптестеріне Ресей аумағындағы ықтимал нысаналар тізімін беретінін жазған.
АҚШ Украинаға берген қаруын Ресейдің шекаралас аудандарына қолдануға рұқсат бергенімен, ұзаққа ұшатын ракеталарымен ішкі Ресейді шабуылдауға рұқсат бермей отыр. Ал Украина болса, бұл рұқсат Ресеймен күш теңестіру үшін қажет дейді. Ресей әуе техникасын ішкі облыстарға көшіріп, Украина аумағын сол жерлерден шабуылдап келеді.
30 тамыз күні Вашингтонда АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остинмен кездескен Умеров CNN телеарнасына сұхбат беріп, америкалық әріптестерімен шектеулерді алып тастау мәселесін талқылағанын, оларға Ресей аумағындағы ықтимал нысаналар тізімін бергенін хабарлады.
"Азаматтарымызды Ресей террорынан қорғау үшін қандай құрал керегін түсіндірдік. Үнімізді естіді деп үміттенемін" деді Умеров ықтимал нысаналар ішінен әскери аэродромдарды мысал етіп.
2024 жылғы сәуірде АҚШ Украинаға 300 шақырымға дейінгі нысананы шабуылдай алатын ATACMS ракетасын бергені хабарланған. Украина бұл қаруды Ресей аннексиялап алған Қырымды және өзге аумақты шабуылдауға пайдаланып келген. Украина ішкі Ресейдегі аэродромға шабуылдап үлгерген, бірақ шабуылды өзі өндірген дронмен жүзеге асырған, америкалық ракеталарды ұшырмаған.
Украина президенті Владимир Зеленский кейінгі уақытта Батыс елдерін алыс қашықтыққа ұшатын ракеталарға қойылған шектеулерді алып тастауға үндеп келеді. Ол бұл сөзін дүйсенбі күні, Ресей Украина энергетика нысандарын жаппай шабуылдағаннан кейін тағы қайталады.
Пентагонның ресми өкілі, генерал-майор Патрик Райдер 27 тамыздағы брифингте украиндар Ресеге "қарсы шабуылдай" алады, бірақ ішкі Ресейді алыстан атқылау туралы "саясатымыз өзгерген жоқ" деді. Politico басылымының жазуынша, Ақ үй Ресейді алысқа ұшатын ракетамен атқылау Кремльді одан да агрессиялы әрекеттерге итермелейді деп қауіптенеді. Мәскеу болса, мұндай қадам жағдайды ушықтырады деп, қарымта қадам жасайтынын мәлімдеді.
АҚШ-қа Умеровпен бірге барған Андрей Ермак Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Джеймс О’Брайенмен кездесіп, Ресейдің Украина энергетика объектілеріне шабуылын, Украина әскеріне қажет көмекті және Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді талқылаған.
"Санкциялар Ресей экономикасына ауыр тиіп жатыр, бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Санкциялық шектеулерді күшейтуді жалғастыруымыз қажет. Ресей үшін соғыс күні қымбаттай беруі керек" деді Ермак.
ПІКІРЛЕР