Украина президенті Владимир Зеленский Украина әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещукті қызметінен босатты. Президент жарлығында қызметтен алу себебі айтылмаған. Бір күн бұрын Украина әскері Батыс елдерінің Киевке берген F-16 жойғыш ұшақтарының бірі апатқа ұшырағанын, ұшқыш Алексей Месь қаза болғанын растаған.
Ақпаратқа қарағанда, ұшақты Ресей әскері жоймаған. Апат себебі анықталып жатыр. Бұл украин қоғамында резонанс тудырды – мәселе бір ай бұрын ғана Украинаға әкелінген F-16 ұшағының алғаш рет апатқа ұшырап, тәжірибелі ұшқыштардың бірінің қазасы жөнінде болып отыр.
Зеленский видео жазып, Олещукті қызметінен алғанын растады. Ол әуе күштерінің қызметкерлеріне алғыс айтып, "қолбасшылықты нығайтып", "адамдарды сақтау" керектігін жеткізді.
Әуе күштерінің қолбасшысы міндетін генерал-лейтенант Анатолий Кривоножко атқармақ. Бұл жөнінде Украина қарулы күштері бас штабы хабарлады.
F-16 жойғыш ұшағы 26 тамызда Ресей әскерінің ракета шабуылына тойтарыс беру кезінде апатқа ұшыраған. Месь осы жазда аталған ұшақты басқаруды үйренген санаулы ұшқыштардың бірі еді. Украина қарулы күштері Алексей Месь "Ресей әскерінің жаппай ракета соққысы кезінде ресейлік үш қанатты ракета мен бір дронды" жойғанын айтты. Ұшқыш "өз өмірін қиып" "украиналықтарды Ресейдің ракеталарынан құтқарды" деді басқарма өкілдері.
Украина әуе күштеріндегі анонимді дереккөзге сүйенген "Америка дауысы" сайтының Украина қызметінің жазуынша, апат себебіне қатысты түрлі болжамдар айтылып жатыр: арасында әуе шабуылына қарсы жүйенің "достық ниетте атқылауы", техникалық ақау және ұшқыштың қателігі. Украина әскерін сынаумен танылған Жоғарғы рада депутаты Марьяна Безуглая ұшақты украиналық Patriot жүйесі атып түсірген болуы мүмкін деп жазды. Осыдан кейін әлеуметтік желіде Олещук депутатты "америкалық қару өндірушінің беделіне нұқсан келтірді" деп айыптады.
- Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Ресей әскері дүйсенбі күні жіберген ракеталар мен дрондарды жою кезінде F-16 ұшағын қолданғанын айтқан.
- The Wall Street Journal басылымының жазуынша, жуырда Киев алты F-16 жойғыш ұшағын алған. CNN-нің хабарлауынша, украин ұшқыштары АҚШ-та оқуды былтыр күзде бастаған. Оқу процесі әдетте шамамен бір жылға созылады. Ал Украина әскері соғысқа байланысты алты ай дайындықтан өткен.