Алматы соты экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Ол "Бопсалау", "Өзiнше билiк ету" және "Адамды еркіндігінен заңсыз айыру" баптары бойынша айыпталған. Бұған қоса, сот оның мүлкін тәркілеуді үкім етті.
"Власть" сайтының жазуынша, Гүлмира Сатыбалды денсаулығына байланысты соңғы сөзін айтудан бас тартқан.
Сот оның жүргізушісі болған Мәди Батыршаевты "Адамды еркіндігінен заңсыз айыру" бабы бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға соттады. Сот үкіміне сәйкес, олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Ақпаратқа қарағанда, 2019 жылы Гүлмира Сатыбалды кәсіпкер Абай Жүнісовті "ортақ бизнестен 5 млрд теңге қаражат алды" деп айыптаған. Кәсіпкер айыпқа келіспей, ақшаны қайтарудан бас тартқаннан кейін оны үйінде 165 күн ұстаған. Жақындарының тағдырына алаңдаған кәсіпкердің туыстары үйлері мен көліктерін Сатыбалдымен байланысты адамдардың атына жазып берген деп айтылған.
"Власть" сайтының мәліметінше, Гүлмира Сатыбалды жәбірленуші Алтай Жүнісовке 109 млн теңге және оның ағасы Қасым Жүнісовке 233,9 млн теңге материалдық шығын төлеуге тиіс. Абай Жүнісовке 2,6 млрд теңге материалдық шығын, тағы 10 млн теңге моральдық шығын, бұған қоса, мемлекет кірісіне 1,9 млн теңге өндірілген.
Былтыр Гүлмира Сатыбалдыға екі рет сот үкімі шыққан. 2023 жылы маусымда Қызылорда соты "Бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру" бабы бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айырған еді. Оның алдында Астана соты "Адам ұрлау" және "Өзінше билік ету" баптары бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны жеті жылға соттаған.
Оның бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалды - экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурызда қамалды. Кейін ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған. Биылғы 16 тамызда Өскемен қаласындағы сот Қайрат Сатыбалдыны түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына (3 жыл 3 ай) ауыстырды.
ПІКІРЛЕР