Accessibility links

Қызылордада құлдықта болған оқушы ісі бойынша 8 күдікті ұсталған, бірі үйқамақта отыр


Қызылорда қаласының орталық алаңы.
Қызылорда қаласының орталық алаңы.

Ішкі істер министрлігі Қызылордада құрбылары секс-құлдықта ұстады деген оқушының ісіне байланысты сот 8 күдіктіні қамауда ұстау туралы шешім қабылдаған, біреуі үйқамақта отыр деп хабарлады. ІІМ Қызылорда полициясы "Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр деді.

Бұдан бөлек, ІІМ қылмыстық іске байланысты "Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притон ұйымдастыру я оларды ұстау", "Бопсалау", "Есірткі, психотроптық заттар қолдануға көндiру", "Қинау", "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша мiндеттердi орындамау" баптары бойынша тергеу жүріп жатыр деген "ҚазАқпарат" агенттігіне берген жауабында.

Министрлік жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты жүргізілген қызметтік тексерістен кейін Қызылорда облысы полиция департаментінің бірқатар қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды деп мәлімдеді.

Бұған дейін құрбысын жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрледі деген төрт жасөспірім ұсталды деп айтылған.

Қызылордада сыныптастары бірнеше ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген қыздың хикаясы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Бұл туралы тамыздың ортасында NeMolchi.kz қоры хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, үш қыз бен бір жігіттен тұратын топ оны "жалаңаш суретіңді жариялаймыз" деп бопсалап, қысым көрсеткен. Қоқан-лоқымен телефонын тартып алған, жыныстық қызмет көрсететіндерді жарнамалайтын сайтқа тіркелуге мәжбүрлеген.

Бірнеше айдан кейін ол өзін секс-құлдықта ұстаған топқа айына 6 мың долларға дейін ақша аударып отырған. Жәбірленуші клиенттерден түскен ақшаны соларға беріп, өзіне жүріп-тұруға ғана азын-аулақ ақша қалдырған.

Анасының сөзінше, ақшаны уақытылы аудармаса, топ мүшелері оны ұрып-соғып, психологиялық зорлық көрсеткен. Топтағылар қыздың экономикалық құндылығын арттыру үшін оған есірткі де берген.

16 тамызда Қызылорда облысы әкімдігі жәбірленуші оқыған мектептің директоры мен қызметкерлері жұмыстан босатылды деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG