Accessibility links

Құрбылары секс-құлдықта ұстады деген оқушының хикаясы


Қызылордада сыныптастары бірнеше ай бойы жезөкшелікке күштеген қыздың хикаясы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Полиция кәмелеттік жасқа толмаған төрт жасөспірімді ұстады, белсенділер бұл мәселенің түбі тереңде жатыр дейді.

БҰЛ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

Қазақстанда 17 жастағы жасөспірімнің анасы қызын 6 ай бойы (кей ақпарат көздері 8 ай дейді) сыныптастары жыныстық құлдықта ұстап, клиенттерден ақша жинағанын айтқаннан кейін, осы сұрақ жиі қойылатын болды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, олар жәбірленуші қызды жүздеген ересек "клиентке" жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген.

Әзірге бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ.

Істі тергеп жатқан Қызылорда полициясы болған жайт жөнінде жалған ақпарат таратпауға үндеп, жәбірленушіні саудаға салды деген жасөспірімдерді құқық қорғаушылардың "ұйымдасқан қылмыстық топ" деп сипаттамағанына қарсы шықты.

Белсенділер мен адвокаттар осы жағдай жөнінде онлайн баспасөз конференциясын өткізгеннен бір күн өткенде құрбысын жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрледі деген төрт жасөспірім ұсталған.

Бұл — Қазақстан билігін қиын жағдайда қалдырған бірінші оқиға емес. Өйткені мектептен бастап құқық қорғау органдарына дейінгі балаларды қорғау жүйесінің әлсіздігі тағы да қоғам назарына ілікті.

"ЖАП-ЖАС ҚЫЗДАР ЖЫНЫСТЫҚ ҚЫЗМЕТ ТҰЗАҒЫНА ТҮСІП ЖАТЫР"

Жәбір көрген қыздың анасы онлайн мәслихатта анонимді сөз сөйледі. Ол қазір қамауда отырған төрт күдіктінің бірі қызының бұрынғы құрбысы болғанын айтты.

Қыздар Қызылордада өздері баратын мектептен 500 метр жерде тұрған. Құрбысын жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрледі деген қыз оның үйіне жиі қонаққа барып жүрген.

Биыл жәбірленуші құрбысымен көбірек уақыт өткізе бастаған. Көбіне соның үйінде түнеп қалатын.

Анасына қызының түзде көп жүретіні ұнамаған, бірақ тыйым салмаған.

Жәбірленушінің айтуынша, үш қыз бен бір жігіттен тұратын топ оны жалаңаш суретін жариялаймыз деп қорқытып, қысым көрсеткен. Қоқан-лоқымен телефонын тартып алған, жыныстық қызмет көрсететіндерді жарнамалайтын сайтқа тіркелуге мәжбүрлеген.

Бірнеше айдан кейін ол өзін секс-құлдықта ұстаған топқа айына 6 мың долларға дейін ақша аударып отырған. Жәбірленуші клиенттерден түскен ақшаны соларға беріп, өзіне жүріп-тұруға ғана азын-аулақ ақша қалдырған. Өзі дұрыс тамақ та ішпеген.

Анасының айтуынша, ақшаны уақтылы аудармаса, топ мүшелері оны ұрып-соғып, оған психологиялық зорлық көрсеткен. Топтағылар қыздың экономикалық құндылығын арттыру үшін оған есірткі де берген.

NeMolchi.kz қорының басшысы Дина Смаилова баспасөз конференциясында жәбірленуші сайтта 18 жастамын деп тіркелгенімен, оның қызметін пайдаланған ер азаматтарды "педофил" деп атауға болады деді.

"Жасы кіші болған, денесі талдырмаш, нәзік. Өте жас көрінеді, 14-15 жастағыға ұқсайды", — деді Смаилова 16 тамызда Азаттыққа берген сұхбатында.

Жәбірленушімен тікелей байланыста болған белсенді оны "эмоционалды тұрғыда күйреген" деп сипаттайды. Қазір қыз мемлекет қорғауына алынған, оған кәсіби психолог көмек көрсетіп жатыр.

"Жәбірленушіні клиенттер күдіктенбес үшін, оларды күліп қарсы алуға мәжбүрлеген. Клиент кеткен соң, ұрып-соққан. Психологиялық, физикалық жарақат қатар алған. Қазір жап-жас қыздарды жыныстық қызмет тұзағына түсіру тенденциясын көріп отырмыз", — дейді Смаилова.

"Сайтта қыздың жасы 18-ге толмағанын көрсететін белгілер бар. Алматыдағы бір істе… клиенттер қыздардың кәмелет жасына толмағанын түсінуі үшін олардың шашын әртүрлі түске бояған", — дейді ол.

"ӨЛТІРЕМІЗ ДЕП ҚОРҚЫТҚАН"

Жәбірленушінің ұзақ уақыт сексуалды құлдықта болғанын естіген әлеуметтік желі қолданушылары мен ақпарат құралдары анасын "Осы айдың басына дейін қызының не істеп жүргенін қалай білмеген" деп сөкті.

Мектеп оқушысы сексуалды құлдыққа түскен соң, сабақтан жиі қалып, түнде үйге қонбауды шығарған. Мамырдан бастап топтың күштеуімен үйіне мүлде келмейтін болған.

Смаилова анасына қарсы айтылған сынды түсінеді, бірақ Қазақстандағы жүйе мектепте жәбір көрген балаларының ісін тергеуге беріп, әділдік іздеген ата-аналарға осылай қысым көрсетеді дейді.

Анасы баспасөз-конференциясында қызының тәртібі мен оқу үлгерімі өзгерген соң, наурыздан бастап мектепке бірнеше рет барғанын айтты.

Қызылорда қаласының орталық алаңы.
Қызылорда қаласының орталық алаңы.

"Мектептен еш көмек болмады. Тек қоқан-лоқы көрсетті. Сондықтан кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ісі бойынша полицияға, жергілікті инспекторға бардым. Олар да солай қысым көрсетті. Қызыңды тартып аламыз, ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытты. Өз ісін білмейтін кісілер, бізге де, қызымызға да ұрысып, отбасымызға саусақпен шұқып көрсетті", — дейді ол.

Жәбірленуші мектепте психологқа да барған. Бірақ психолог оған айқайлаған соң, анасына еш жерге барып, шағынбауды сұраған.

6 тамызда жәбірленуші үйіне келген. Анасы топтағы қыздардың бірі оған 250 мың теңге (520 доллар) бермесең, өлтіреміз деп қорқытқанын айтады.

"Instagram-дағы бір досы қызыма үйге оралуға көмектескен. Бізге бәрін айтып берді. Үсті-басы кір, денесі түгел көгерген. Барлығы сыртында, терісінен-ақ көрініп тұр. Қызыма қол тигізгеннің бәрін сотқа беремін. Мыңнан астам адам. Куәгерлердің және оны қонақ үй мен саунаға апарғанның бәрін [сотқа беремін] — деді анасы.

14 тамызда Қызылорда полициясы күдіктілердің ата-анасына қарсы "кәмелеттік жасқа толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамау" бабымен іс қозғаған.

Жәбірленушінің жасөспірім туысы Азаттыққа анонимді түрде "отбасы ата-аналардың бірінің қылмысқа қатысы болуы мүмкін деп, оған қарсы іс қозғауға тырысып жатыр" деп хабарлады.

Күдіктілерге "кәмелеттік жасқа толмаған баланы жыныстық қатынасқа түсіп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу" деген айып тағылған.

16 тамызда Қызылорда облысының әкімдігі жәбірленуші оқыған мектептің директоры мен қызметкерлері жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.

"Баспасөз конференциясынан кейін белсенді жұмыс істей бастады", — дейді Смаилова биліктің реакциясы жайлы айтып.

Бұған дейін жәбірленушінің анасы полиция Смаиловамен сөйлеспеңіз деп ескерткенін айтқан. Смаилова — полиция қызметкерлерінің жыныстық бопсалау мен жемқорлыққа қатысы барын көп рет әшкерелеген құқық қорғаушы. Ол Қазақстанға оралса, алаяқтық бабы бойынша түрмеге жабылуы мүмкін.

Осының бәрі биліктің резонанс туғызатын қылмыстық істердің алдын-алуға емес, оларды халықтан жасыруға басымдық беретінін көрсетеді.

Смаилова осының салдарынан жәбірленушілерді қолдау желісі жоқ, консервативті аймақтарда сексуалды құлдық өршитінін айтады.

Былтыр Түркістанда 17 жастағы қыз ықтимал клиентімен жыныстық қатынасқа түсуден бас тартқаннан кейін туған кикілжің салдарынан 6-қабаттан секіріп кеткен. Ол да атышулы сайтқа тіркелген еді.

"Қыздың тірі қалғанын білеміз, бірақ бұл істің немен аяқталғанын білмейміз", — дейді құқық қорғаушы.

Азаттықтың Қазақ қызметі Қызылордадағы мектепке және жергілікті полиция қызметіне хабарласып көрді, бірақ мақала жарияланғанға дейін жауап ала алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG