Accessibility links

Путин: Тәліптер - Ресейдің терроризммен күрестегі одақтасы


Ресей президенті Владимир Путин Астанадағы саммитте. 4 шілде 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Астанадағы саммитте. 4 шілде 2024 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Ауғанстандағы билікті уысында ұстап отырған "Талибан" радикалды қозғалысын Ресейдің терроризмдегі одақтасы деп атады. Бірақ ол тәліптердің Ресейде тееррорлық ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынғанын сөз етпеді.

"Талибан" қозғалысы сол елдегі билікті бақылап отырғанын ескеруіміз керек. Сондықтан бұл жағынан келгенде тәліптер сөзсіз біз үшін терроризммен күресте одақтас" деп айтқан Путин Астанадағы ШЫҰ саммитінен кейін журналистерге.

Тәліптер қазір "Ислам мемлекеті" тобымен (Қазақстан мен Ресейде террорлық ұйым деп танылған) қарулы қақтығыс жүргізіп жатыр. ИМ-ның Ауғанстандағы "Уәлаят Хорасан" қанаты Мәскеудегі "Крокус Сити Холлдағы" терактіні (114 адам қаза тапқан) өз мойнына алған еді. Бірақ Ресей билігі бұл терактіден Украина мен Батыстың "ізін" көрген. "Талибан" "Крокус Ситидегі" терактіні тергеуге көмектескен-көмектеспегені белгісіз.

Ресейде "Талибан" террорлық ұйым деп танылған. Ал Қазақстан "Талибанды" мұндай тізімнен шығарып тастаған еді.

Журналистер Путинге Украинадағы соғысқа қатысты да сұрақтар қойды. Ол Украина Мәскеу қойған бірқатар талаптарды орындамай соғысты тоқтату мүмкін емес деп мәлімдеді.

"Қарсы тарапты Ресейге де қолайлы болатын қадамдар жасауға көндіру керекпіз" деді ол. Бұған дейін Путин Киев Ресейдің Украинада аннексиялап алған төрт облысы мен Қырымды мойындап, НАТО-ға кіру талабынан бас тартуы керек деген еді.

Путин Украинаны билігін тағы да "заңсыз" деп атады. Ол Украина Жоғарғы Радасына (Путин бұған дейін Украина парламентін легетимді билік органы деген еді) қайырылудан пайда жоқ дейді.

Ресей басшысы Мәскеу мен Киев арасына ара ағайын болып жатқандардың ісін қолдайтынын айтады, бірақ олардың көмегімен бейбіт келісімге келуге мүмкіндік аз деп санайды. Путин АҚШ президенттігіне республикашылдар атынан түсіп жатқан Дональд Трамптың "Украинадағы қақтығысты тоқтатуды қалаймын" деген сөзін маңызды деп санайтынын айта келе, "бірақ нақты ұсыныс көрмедім" деді.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан осы аптада Киевке келгендее Украина президенті Владимир Зеленскийден Ресеймен келіссөздің алдында қақтығысты тоқтату жолдарын қарастыруды сұраған. Орбан бұл келіссөз процесін жылдамдатуы мүмкін деп санайды.

Зеленский Орбанның осындай ұсыныс жасағанын жоққа шығармады, бірақ Украинаның бейбітшілік формуласы деп аталатын бейбіт жоспарын атап өтті. Бұл жоспарда Украина аумағынан Ресей әскерін түгел шығару қарастырылған. 4 шілдеде Зеленский Bloomberg басылымына берген сұхбатында "нақты жоспар болмаса, қақтығыс тоқтамайды, уақытша үзіліс алады" деген.

Бұған дейін Киев соғысты уақытша тоқтатуды я қазір қақтығыс болып жатқан майдан шебінде тоқтатуды қаламайтынын айтқан. Киев бұл қарсылас тараптың күш жинап, қақтығысты қайта бастауына жол ашады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG