Accessibility links

Белградта Израиль елшілігі алдында жандармды жаралады, шабуылға күдікті оққа ұшқан


Израиль елшілігі алдында тұрған полиция қызметкерлері. Белград, 29 маусым, 2024 жыл.
Израиль елшілігі алдында тұрған полиция қызметкерлері. Белград, 29 маусым, 2024 жыл.

Белградта 29 маусым күні белгісіз біреу таңертең Израиль елшілігі алдында кезекшілік атқарып жүрген Сербия жандармериясының қызметкерін арбалеттен атқан. Жандарм Милош Евремович мойнынан жараланған. Ол күдіктіні атып өлтірген.

Израильдің дипломатиялық кеңсесі сияқты, Сербия билігі де бұл оқиғаны теракт әрекеті деп атады. Сербия ішкі істер министрлігі жандарм өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет еткен және өзіне жасалған шабуылға жауап ретінде оқ атқаны заңды деді.

Оққа ұшқан күдіктінің аты-жөні Милош Руйович екені, жақында ислам дінін қабылдап, есімін Салахуддин деп өзгерткені анықталған. Сербия билігі оны радикалды исламшыл идеологияны ұстанған адам ретінде сипаттайды, деп хабарлады Азаттықтың Балқан қызметі.

Оқиғадан кейін ІІМ басшысы Ивица Дачич терактіге қатысы бар деген күдікпен Белград тұрғыны Игорь Деспотович деген адам қамауға алынғанын мәлімдеді. Бұған дейін ол құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Полиция оны интернеттегі жиһадшылар ресурстарының администраторы болған, Руйович екеуі күн сайын дерлік араласқан дейді. Сербия президенті Александр Вучич бұл іс бойынша бірнеше адам іздестіріліп жатқанын айтты. Ол жараланған жандарм Милош Евремовичтің көңілін сұрап ауруханаға барған.

"Милошқа ерекше батылдығы, салқынқандылығы және терроризмге қарсы күресте міндетін адам орындағаны үшін алғыс айттым", – деп жазды Вучич Instagram парақшасына.

Белградтағы Израиль елшілігі алдында болған оқиғадан кейін Сербияда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG