Accessibility links

Сот "Панама құжаттары" ісі бойынша айыпталғандардың бәрін ақтады


 Mossack Fonseca заң фирмасының негізін қалаған Юрген Моссак.
Mossack Fonseca заң фирмасының негізін қалаған Юрген Моссак.

Панама соты "Панама құжаттары" аясында ақшаны жылыстату істері бойынша айып тағылғандардың бәрін ақтады. Сот ақтаған 28 адамның арасында панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының негізін қалағандардың бірі Юрген Моссак та бар. Бұған қоса судья осы компанияның негізін қалаған тағы бір адам, биыл мамыр айында қайтыс болған Рамон Фонсекиді қудалауды доғарды.

2016 жылы Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) өз зерттеуін жариялағаннан кейін Mossack Fonseca аты әлемге әйгілі болды. 200 мыңнан астам офшорлық компания туралы ақпарат интернетте жарияланды.

"Панама құжаттары" деп аталатын компания архивіндегі құжаттарға сүйенген зерттеу әлемдік деңгейде танымал тұлғалардың офшор компаниялармен байланысын әшкере етті. Мұндай фирмалардың көмегімен белгілі адамдар салық төлеуден жалтарған немесе ақшаны жылыстату үшін мүлікті, активтерді және пайданы жасырған деп жазды зерттеу авторлары.

Зерттеу жүргізген журналистер Панама компаниясының қызметін Ресей президенті Владимир Путинге және Украинаның экс-президенті Петр Порошенкоға, Сирия президенті Башар Асадқа, Қытай президенті Си Цзиньпинге жақын адамдар пайдаланғанын анықтады. 2016 жылы премьер-министр қызметін атқарған Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон әкесінің офшорлық инвестициялық қорымен байланысы үшін сынға қалды. Құжатта аргентиналық футболшы Лионель Месси мен испан режиссері Педро Альмодовар да аталды.

Бұл зерттеу жарияланғаннан кейін кей елдерде билік басындағылар қызметінен кетуге мәжбүр болған еді.

Mossack Fonseca заң фирмасының әлемдегі саясаткер, бизнесмен және әйгілі адамдардың офшор-шоттары жайлы ақпаратын растайтын құжаттарда Орталық Азия елдерінің жүздеген, соның арасында Қазақстаннан ондаған азаматы бары анықталды.

Қазақстанның сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы әрі елдің вице-премьері Дариға Назарбаеваның, оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің, миллионер Сержан Жұмашевтің, ENRC металлургия кәсіпорны иелерінің бірі Патох Шодиевтің, бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың офшорлары туралы ақпарат бары белгілі болды. "Панама құжаттарында" қазақстандық Ерлан Сағадиевтің, Серікжан Мәмбеталиннің және өзге адамдардың аты-жөні аталды.

Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жариялаған "Панама құжаттары" Қазақстанда ешқандай реакция туғызған жоқ. Қазақстан бас прокуратурасы сол кезде бұл құжаттарда көрсетілген деректер бойынша тергеу бастамау себебін "зерттеудегі ақпараттардың дереккөзі туралы сенімді мәлімет жоқ" деп түсіндірген. Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаева да офшор құжаттары жайлы ешқандай пікір білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG