Accessibility links

Қырғызстан соты Украинада "Вагнер" тобында соғысқан азаматын мерзімінен бұрын босатты


Бекназар Бөріғұл (ортада).
Бекназар Бөріғұл (ортада).

Қырғызстандағы Нарын облыстық соты ресейлік "Вагнер" жалдамалы әскер тобы қатарында Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін сотталған Бекназар Бөріғұлұлы атты Қырғызстан азаматын мерзімінен бұрын босатты.

Соттың мәліметінше, Қырғызстан президентінің 2024 жылғы 31 қаңтардағы "Сотталғандарға кешірім беру туралы" жарлығына сәйкес, оның жаза мерзімін 4 жыл 2 айға азайтты, сол себепті ол түрмеден босап шықты. Былтыр желтоқсанның басында Нарын облыстық соты Бөріғұлұлын 5 жылға бостандығынан айырған.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті 27 жастағы Бекназар Бөріғұлұлын 2023 жылы тамызда ұстаған. Комитет бұл адам "Вагнер" қатарына Ресей түрмесінде жазасын өтеп жүргенде қосылды деп хабарлаған. Бөріғұлұлы Қырғызстанға оралғаннан кейін үш аптадан соң қамалған.

Арнайы қызмет оны ұстап, Қылмыстық кодекстің 256-бабы ("Қырғызстан азаматының шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе соғысқа қатысуы немесе теракт жасауға дайындықтан өтуі") бойынша айып таққан.

Бекназар Бөріғұлұлы – Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін сотталып, кейін босап шыққан жалғыз қырғыз азаматы емес. 2023 жылы 10 жылға бостандығынан айырылған қырғызстандық Асқар Құбанышбекұлының ісін Қырғызстан Жоғарғы соты қарап, оған шыққан үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген. 2024 жылы қаңтарда Бішкектің Бірінші май аудандық соты Құбанышбекұлына жеті жыл түрме жазасын кесіп, үш жыл пробациялық бақылауда болады деген шешіммен сот залынан босатқан.

Кейін Құбанышбекұлының Қазақстан арқылы Ресейге кеткені белгілі болды. Сот кезінде ол Ресей азаматтығы мен сол елден уақытша баспана алуға өтініш бергенін айтқан. Маусымның ортасында оның Ресей армиясымен жаңа келісімшартқа отырғаны және Украинадағы соғысқа қайтадан баруды жоспарлап отырғаны белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG