Accessibility links

ЕО елшілері Ресей экономикасына қарсы 14-санкция пакетін мақұлдады


Еуроодақ елдерінің елшілері Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына байланысты Мәскеуге қарсы салынатын 14-санкция пакетіне келісті. Бұл туралы Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының Брюссельдегі тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады. Ресейден шығатын сұйылтылған табиғи газға және мұнай тасымалдауға санкция салынуы мүмкін.

Қазір Еуропа одағына төрағалық етіп отырған Бельгия өкілдігі "жаңа шаралар қолдану көзделген" 14-санкция пакеті "бұған дейін салынған санкциялар әсерін барынша арттырады" дейді.

Жоба құжатына сүйенген EUobserver сайты жаңа санкция пакеті ресейлік сұйылтылған табиғи газды ауыстырып тиеуге және гелий экспорттауға тыйым салады, қос мақсатта қолданылатын технологияларды алуға және Украинадан ұрланған өнер туындыларын сатуға шектеу қояды деп жазды.

Ресейге салынатын кейінгі санкцияларды Германия тежеген еді. Берлин еуропалық компанияларды оның үшінші елдердегі еншілес компаниялары мен серіктестері санкция бұзғаны үшін жауапқа тартуға қарсы болды. Мұны Азаттық радиосы, EUobserver және Reuters агенттігі жазған. Йозвяктың хабарлауынша, сәрсенбі, 19 маусымда тараптар бұл мәселе бойынша мәмілеге келген.

Санкция тізіміне "Русская медная компания" негізін қалаған Игорь Алтушкин, "Луганск халық республикасы" (ЛХР) "елшісі" Родион Мирошник, әнші Полина Гагарина, Ресей президенті әкімшілігінің бұрынғы қызметкері, "Интернетті дамыту институты" бас директоры Алексей Гореславский, "Балтика" компаниясының бұрынғы президенті Таймураз Боллоев және тағы басқалар енуі мүмкін.

Ал санкцияға ілінген заңды тұлғалар арасында "Спецхимия" әскери-өнеркәсіп компаниясы (жарылғыш заттар шығарады), "Маяк" машина жасау зауыты (авиациялық қосалқы бөлшектер шығарады) және "ЦНИИТОЧМАШ" (қару-жарақ бойынша) бар.

Жаңа санкция пакетін 27-28 маусымда Брюссельде өткелі отырған Еуроодақ саммиті кезінде немесе оның алдында қабылдауы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG