Accessibility links

Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында бес адам зардап шекті


Ақтөбе феррорқорытпа зауытында бес жұмысшы күйіп қалды. Төтенше оқиға 19 маусым түстен кейін болған. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдемді сағат 16.02 шамасында зауыт медбикесі шақырған.

– Өндірісте жарақат алған бес адамның төртеуі облыстық ауруханада ем алып жатыр. Бәрінің де қолы күйген. Денесінің 5 пайыздан 13 пайызға дейінгі бөлігін күйік шалған төрт адам травматология бөлімінде жатыр. 42 жастағы ер адам ауруханаға жатудан бас тартты. Оның бетін жалын шарпып, екі иығы күйген, – деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өндірістен өрт шықпағанын айтты. Мұны кәсіпорынның баспасөз қызметі де растап отыр.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының мәліметінше, бес жұмысшы кокс күлін тиеп жатқан кезде күйіп қалған. Оның екеуі мердігер компанияның жұмысшысы. "Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар тексеріп жатыр" деп хабарлады ферроқорытпа зауыты.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – жылына 700 мың тоннадан астам ферроқорытпа өндіретін ірі өндіріс орны. "Қазхром" трансұлттық компаниясына қарасты зауытта 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG