Accessibility links

Қорғаныс министрлігі: Аягөздегі оқу-жаттығу кезінде мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде 13 маусымда мерзімді қызметтегі әскери қызметші оқу-жаттығу барысында жараланып, қазаға ұшыраған. Бұл туралы хабарлаған қорғаныс министрлігі жауынгер қазасына қауіпсіздік ережелері сақталмауы себеп болды деді.

Оқиғаның нақты қай бөлімде болғаны, әскери қызметшінің аты-жөні, жасы белгісіз, министрлік ол туралы айтпады.

Қорғаныс министрлігі бұл оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталады, қылмыстық іс қозғалды деді. "Кінәлі және лауазымды тұлғалар қылмыстық кодекс және тәртіптік жарғы аясында тиісті жауапқа тартылатын болады" деп хабарлады министрлік.

Кейінгі жылдары ақпараттық кеңістікте Қазақстан әскеріндегі қайғылы оқиғалар туралы хабар жиі шығады. Кей жағдайда әскери қызметшілер оқу-жаттығу кезіндегі жазатайым оқиғадан көз жұмды десе, басқа жағдайларда өлімге жарақаттар мен аурулар себеп болды дейді. Көбіне марқұмдардың туыстары ресми дерекке күмән келтіріп жатады, олар өлімге әскердегі әлімжеттік, бұйрық беретін офицерлердің қабілетсіздігі мен немқұрайдығы себеп болды деп есептейді.

Жақында әскерде жұмбақ жағдайда қайтыс болған екі сарбаздың, комаға түскен бір жауынгердің аналары Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, қозғалған қылмыстық істердің баяу не мүлдем жүрмей жатқанына шағымданды. Олардың бірі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі әділ тергеуді талап етті.

2022 жылы Қазақстан қорғаныс министрлігі бейбіт уақытта әскердегі өлімге жол бермейтін бағдарлама әзірлейтінін хабарлаған. Министр Руслан Жақсылықов әскери қолбасшылармен жиын өткізіп, "бейбіт уақытта әскери қызметкерлердің жаралануы мен қаза болуына жол бермеу үшін барлық лауазымды тұлғалар іс-шара қолдануға тиіс" деген тапсырма берген.

2023 жылы қарашада Жақсылықов "сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ" деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын "адамның өз басындағы мәселемен" байланыстырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG