Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөлімінде жатыр. Анасы ұлына "әлімжеттік жасаған" деп санайды. Дәрігерлердің айтуынша, сарбаздың денсаулығы нашар.
Сарбаздың анасы Жанна Жаналина ұлының жағдайы туралы 9 маусымда естіген. Әскери полиция қызметкері түскі сағат 12.00 шамасында хабарласып, "Нұржігіттің ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпунктке түскенін" айтқан.
– [Әскери полицей] "уайымдамаңыз, бәрі жақсы" деді. Баламда бәрі дұрыс болса, балам маған хабарлассын дедім. Жексенбі күні балалар ата-аналарына хабарласады. Әскери полицей "жарайды, айтамыз" деді. Түстен соң командирі хабарласып, ұлыңыз жансақтау бөліміне түсті деп айтты. "Есі бар ма?" деп сұрап едім, "ес-түссіз жатыр" деді. Ол – кома ғой, – деді сарбаздың анасы Азаттыққа 10 маусымда.
Жанна Жаналинаның сөзінше, әскери бөлімнен хабарласқанда Нұржігітке "ешкім саусағын тигізбеді, бізде ондай жоқ, камералар тұр" деп айтқан. Сарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Дәрігерлердің анасына айтуынша, сарбазға пневмония диагнозы қойылған.
Жаналина "тергеуші маған Нұржігітке әлімжеттік жасаған деп айтты" дейді. Азаттық осы іс бойынша тергеушінің өзіне хабарласты, ол жауап беруден бас тартып, ішкі істер министрлігіне жүгінуді сұрады. ІІМ сұрақтарға әлі жауап бермеді.
Нұржігіт Әбділпатта әскерге биыл мамырда алынған. Ол Шымкенттегі "Авиценна" жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Демалыста Қостанайдағы үйіне барғанда әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан. Анасы "ұлым әскерге сап-сау кетті" дейді. Жанна Жаналина 10 маусымда Қостанайдан Қордайдағы ауруханада жатқан ұлына барған.
– Халі өте нашар деді. Дәрігерлер комада жатыр дейді. Өкпесі, бауыры, бүйрегі…. Бала өзі демала алмайды, аппарат қосылып тұр. Баланың жағдайы қалай болатынын білмеймін. Дәрігерлер "тек Құдайға сыйынып отырыңыздар, қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз" деді. Оқиға туралы бірден айтпады, іс-әрекеттер қабылдамаған. Ешкім жауапкершілік алғысы келмейді, жауап бергісі келмейді, – дейді сарбаздың анасы.
Азаттық қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпаттаның жағдайы бойынша 10 маусымда қорғаныс министрлігіне хабарласқан. Баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды сұрады, ресми сауалға әзірге жауап келмеді. Сарбаздың анасы сөйлескен дәрігер Азаттық тілшісіне жауап бере алмайтынын айтты. Нұржігіттің жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған әскери бөлім қызметкері де жауап беруден бас тартты.
Қазақстан армиясында әлімжеттік жиі болады. Қысымға шыдамаған кейбір сарбаз өзіне қол салып жатады. Ресми дерек бойынша, борышын өтеп жүріп қаза табатын сарбаздардың 20 пайызы суицидтен өлген. Бұған дейін қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде әлімжеттік барын жоққа шығарып, "сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ" деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын "адамның өз ішіндегі мәселеден" деп айтқан
2022 жылы сәуірде Маңғыстау облысынан әскери қызметке алынған Әлібек Қалбай Отардағы №30212 әскери бөліміне түсіп, төрт күннен соң түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Таңертең сапқа тұрғызғанда есінен танып, госпитальге жеткізілген, бірақ дәрігерлер құтқара алмаған. 2023 жылы бұл іс бойынша сотқа тартылған жалғыз әскери қызметкер Айболат Аманжолов тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны әскери қызмет жарғысы ережелерін бұзып, адамды өлімге жеткізгені үшін кінәлі деп есептеді.
ПІКІРЛЕР