Accessibility links

"Әскерде әлімжеттік көрдім" деген ұлттық ұлан сарбазының шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалды


Ұлттық ұланның Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінде "әлімжеттік көрдім" деген сарбаздың арызынан кейін қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Азаттыққа ішкі істер министрлігі оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығы Асхат Жанболат хабарлады.

Сарбаздың арызынан кейін іс қозғалып, тергеу басталғанын Азаттыққа Қонаев гарнизонының әскери прокуратурасы да растаған.

Тергеу басқармасының мәліметінше, Қылмыстық кодекстің «билікті асыра пайдалану» бабының бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Ұлттық ұланның №3660 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Сапархан Қауынбайдың әкесі Ғани Алтаевтың 4 желтоқсандағы Қонаев гарнизонының әскери прокуратурасына жазған арызы бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар қатардағы жауынгер Сапархан Қауынбайдың 7 желтоқсанда жазған арызы да қылмыстық іске біріктірілді» деп жазылған ішкі істер министрлігі оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығы Асхат Жанболаттың Азаттыққа жіберген хатында.

Қылмыстық істе жауынгер Сапархан Қауынбай жәбірленуші деп танылған. Ол есімдерін атаған, әскери бөлімде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген басқа сарбаздар мен бөлімнің кей қызметшілері «қорғануға құқығы бар куә» деп танылып, тергеліп жатыр.

Тергеу басқармасы Азаттықтың «істе күдіктілер анықталды ма?» деген сұрағына жауап жазбаған. Қорғануға құқығы бар куәлердің нешеу екенін де нақтыламаған.

Сапархан Қауынбайдың әкесі Ғани Алтаев бүгін Азаттыққа «істе тергеуші ауысып, тергеу процесі созылып кетті» деді.

Желтоқсанның басында Ғани Алтаев әскерде жүрген ұлының денсаулығы нашарлағанын айтып, әскери бөлімнен оның денсаулығын тексеруді талап еткен. Кейін Алтаев Азаттыққа ұлының медициналық талдау қорытындысы туралы айтты.

– Ұлым әскерде жүргелі 12 келі салмақ жоғалтты. Басына тиген соққыдан миы зақымдалған, күнде салқын суға жуынғасын гайморит болған, өкпесі суықтаған. Енді ұлыма әскерге келмей тұрып, туберкулез болғансың деп жала жауып жатыр. Балам әскерге сап-сау кеткен. Әскери бөлімде адамға мүлдем жағдай жасалмаған, соны жасырғысы келеді, –деді Ғани Алтаев Азаттыққа.

20 жастағы Сапархан Қауынбай 5 желтоқсанда «әскерге 6 ай бұрын барғандар күнде ұрады, басымнан тебеді» деп Азаттыққа шағымданған. Ол кезде Қауынбай №3660 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Әскери бөлім командирі сарбазды әкесінің шағымынан кейін басқа бөлімге ауыстырған.

№3660 әскери бөлімінің командирі Жангелді Әбдіқадыров сарбаз Сапархан Қауынбайдың сөзін жоққа шығарып, «бөлімде ондай фактілер болған жоқ» деген.

Қазақстан армиясында әлімжеттік жиі болады. Қысымға шыдамаған кейбір сарбаз өзіне қол салып жатады. Ресми дерек бойынша, борышын өтеп жүріп қаза табатын сарбаздардың 20 пайызы суицидтен өлген. Биыл қарашада қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде әлімжеттік барын жоққа шығарып, «сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ» деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын «адамның өз ішіндегі мәселеден» деп санайды.

Видео: "Күнде басымнан тебеді, ұрады". Әскердегі сарбаз әлімжеттік көріп жүргенін айтты (5 желтоқсан 2023 жыл).

"Күнде басымнан тебеді, ұрады". Әскердегі сарбаз әлімжеттік көріп жүргенін айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:16 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG