Accessibility links

Еуропа соты: Венгрия Еуроодақ заңнамасын өрескел бұзды


Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан.

Еуропа соты Венгрияға Еуропа Одағы мүшелеріне ортақ "босқын қабылдау саясатын сақтамағаны" үшін 200 млн еуро айыппұл салды. Бұл жөнінде BBC хабарлады.

Бұдан бөлек, Еуропа соты Венгрия билігі өз заңын Еуропа стандарттарына сай өзгерткенге дейін күн сайын 1 миллион еуродан төлеуге тиіс деп ұйғарды.

Сот Венгрияның елге кіруге Киевте немесе Белградта босқын мәртебесін алған адамдарға ғана рұқсат беретін 2020 жылғы шешімін заңсыз деп тапты.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан "Еуроодақ шекарасын қорғағаны үшін" алған айыппұлды "шектен тыс" деп атады.

BBC-дің жазуынша, Венгрия 2015 жылғы дағдарыстан кейін Еуроодақ аймағынан тыс жерден келген мигранттарға қатаң саясат ұстанады. Сол жылдары елге миллионнан астам босқын барған, олардың көбі Сириядан болды.

Еуропа Одағы заңнамасына сәйкес, өз еліндегі қудалаудан қашқан кез келген адам халықаралық қорғауға жүгінуге құқылы. Егер адамға отанында түрмеге қамау, азаптау немесе өлім қаупі төнсе, оны кері қайтаруға болмайды.

Бейсенбі, 13 маусымда жарияланған сот хабарламасында Венгрия ЕО саясатынан қасақана жалтарып жатыр, мұндай әрекет "ЕО заңнамасын өрескел бұзғанын" көрсетеді делінген.

1 шілдеден бастап Венгрия кестеге сай кезекті рет Еуроодақ төрағасы міндетін атқаруға ресми түрде кіріседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG