Accessibility links

АҚШ пен Украина қауіпсіздік саласы бойынша келісімге қол қойды


Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Джо Байден.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Джо Байден.

АҚШ президенті Джо Байден мен Украина президенті Владимир Зеленский екі ел арасындағы қауіпсіздік саласы бойынша 10 жылға келісім жасасты. Олар құжатқа Италияда өтіп жатқан "Үлкен жетілік" саммиті аясында қол қойды. Зеленский экономикасы дамыған G7 елдері басшыларының жиынына шақырылған, онда Ресеймен соғысып жатқан Украинаны қолдау мәселесі де талқыланды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, келісім мәтінінде бұл құжат Украинаны НАТО-ға қосуға көмектесуге арналған делінген.

Келісімде АҚШ Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейтді деп жазылған. Вашингтон ұзақ уақыт Украинаға қару-жарақ жеткізіп отыруға, оның әскерилерін оқытып, кеңес беріп отыруға міндеттеме алды.

Америкалық The Washington Post газеті келісім конгресс мақұлдауын қажет етпейтін болғандықтан, оны кез келген уақытта кез келген Америка президенті жоя алады деп жазды.

Келісімге қол қойылғаннан кейін сөз сөйлеген Джо Байден Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізу оның агрессиядан қорғану қабілетіне байланысты деді. Ол әлемнің өзі егемендік пен БҰҰ жарғысын құрметтеуге сүйенуі керек екенін айтты. Байденнің сөзінше, G7 елдері әлі де Украинаны қолдауға дайын, ал Италиядағы саммит шешімдері Киевтің жетістігі үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Байден АҚШ-тың Ресей аумағына алысқа ұшатын ракетамен соққы жасау туралы ұстанымы өзгермегенін айтты (АҚШ мұндай соққыларға қарсы), ол бұл келісімде АҚШ әскери күштерін Украинаға жіберу мүмкіндігі қарастырылмады деді.

Зеленский келісімге келген күнді "тарихи күн" деп атап, бұл Украинаның тәуелсіздік алғаннан бері жасасқан ең маңызды екіжақты келісімі деп мәлімдеді.

Зеленский тағы да Украинаға "Пэтриот" әуе қорғанысы жүйесінің жеті данасын беруді сұрады. Байден жақын арада Украинаға қосымша әуе қорғанысы кешендері жеткізіледі деді. Олардың саны әзірге белгісіз.

Байден Қытайды сынға алып, Пекин Ресейге материалдар мен жабдықтар жеткізіп, қолдау көрсетіп отыр деді. Зеленский Қытай басшысы Си Цзиньпиннің оған Пекин Ресейге қару бермейді деп айтқанын еске салды.

Бұған дейін Киев НАТО-ға мүше он шақты елмен осындай келісім жасасқан. 13 маусымда Италиядағы саммит аясында Жапониямен осындай келісімге қол қойды. Украина бұл құжаттар маңызды болса да, бұл НАТО-ға мүшелікке жетпейді деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG