Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Газа секторы бойынша бітім жоспарын қолдады


Израиль әскерінің шабуылынан зардап шеккен Газа секторының оңтүстігінде орналасқан Рафахтағы лагерь. 28 мамыр, 2024 жыл.
Израиль әскерінің шабуылынан зардап шеккен Газа секторының оңтүстігінде орналасқан Рафахтағы лагерь. 28 мамыр, 2024 жыл.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ ұсынған Газа секторындағы ахуалды реттеу жоспарын қолдады. Қауіпсіздік кеңесі 10 маусымда дауысқа салып, мақұлдаған бұл жоспар Газа секторында атысты тоқтатуды, кепілдегі адамдарды кезең-кезеңімен босатуды және сектордан Израиль әскерін шығаруды көздейді.

Азаттықтың Орыс қызметінің (Радио Свобода) тілшісі дауыс беру барысын бақылады. Кеңес мүшелерінің 15-тен 14-і қақтығысқа қатысушы екі тарап – Израиль мен ХАМАС радикал тобын жоспарды "дереу" және "қосымша шартсыз" қабылдауға шақыратын қарарды қолдап дауыс берді. Ресей қалыс қалды.

Бұл жоспарды мамырдың аяғында АҚШ президенті Джо Байден ұсынған. Оның бірінші кезеңіне сәйкес, ХАМАС тобы кепілге алған адамдарды, ал Израиль қамауда отырған палестиналықтарды айырбастау керек және атысты уақытша тоқтату қажет.

Екінші кезеңде кепілдегі адамдардың бәрін босату, соғысты толық тоқтату және Газадағы Израиль әскерін толық шығару көзделген.

Үшінші кезеңге сәйкес, Израиль армиясының операциясы кезінде қираған секторды қалпына келтіру бойынша халықаралық жоспар дайындау керек, ХАМАС тобы кепілге алып кеткен кезде мерт болғандардың сүйегін Израильге беруге тиіс. Газа секторын бақылайтын палестиналық ХАМАС тобы АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған.

Бұған дейін Израиль шарттарға келіскенін хабарлаған. Дүйсенбіде АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд ХАМАС тобы жоспарды орындауға келіссе, сектордағы шайқас бүгін аяқталып қалуы мүмкін деді.

ХАМАС оны дереу орындауға дайын екенін нақты айтқан жоқ, бірақ "қарар қабылданғанын құптаймыз" деп мәлімдеді.

  • Былтыр күзде Израиль елдің оңтүстігіне шабуыл жасаған ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, 250-ден астам адамды ХАМАС күштері Газа секторына күштеп алып кеткен. Әскери операция кезінде 300-ге жуық сарбаз қаза тапты.
  • ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі бірнеше айға созылған соғыста 37 мыңнан астам палестиналық қаза тапты деп мәлімдеді. Жүздеген мың адам үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG