Accessibility links

Маңғыстауда "Зевс Энерго" өрт сөндірушілері бір аптадан бері ереуілдеп тұр


Маңғыстауда "Зевс Энерго" өрт сөндірушілері жалақыны көбейтуді талап етіп отыр. 6 маусым, 2024 жыл.
Маңғыстауда "Зевс Энерго" өрт сөндірушілері жалақыны көбейтуді талап етіп отыр. 6 маусым, 2024 жыл.

Ақтауда "ҚазТрансОйл" ұлттық мұнай тасымалдау операторының мердігері — "Зевс Энерго" компаниясының 70 өрт сөндірушісі алты күннен бері жалақыны көбейтуді талап етіп жатыр. Ереуілшілер шүберектен күнқағар жасап, қаладағы жұмыс беруші кеңсесінің алдында отыр.

Өрт сөндіруші Саламат Хайтпаевтың Азаттыққа айтуынша, қазір олардың жалақысы — 130 мың теңге, еңбек демалысына 70 мың теңге алады. Олар жалақыны 350 мың теңгеге көбейтуді, әлеуметтік көмек және еңбек демалыстарына сауықтыру пакеттерін қосып беруді талап етеді.

Өрт сөндірушілер бұл талапты биыл ақпанда да қойған. Бірнеше күн жұмысты тоқтатып, компания басшылығының "талап орындалады" деген уәдесінен соң қайта жұмысқа шыққанын айтты.

"Зевс Энерго" өрт сөндірушілері 350 мың теңге жалақыны "негізсіз сұрап отырған жоқпыз" дейді. Олардың сөзінше, аймақтағы өздері сияқты басқа компания жұмысшылары 400 мың теңге жалақы алады.

Өрт сөндірушілер ереуіл басталғалы президентке, үкімет басшысы мен облыс әкіміне бірнеше рет үндеу жолдаған. Әзірге ешбірі жауап берген жоқ.

Олардың сөзінше, мекеменің Ақтаудан бөлек Жаңаөзен, Қаражанбас пен Қаламқас кеніштеріндегі өрт сөндірушілер де жұмысқа шығудан бас тартқан.

Ереуілшілерге 5 маусымда жұмыс беруші мен "ҚазТрансОйл" өкілі барған. Олардың бірі "талапты орындай алмайтынын" айтса, екіншісі "жалақы тендерден соң отыз пайыз көтеріледі" деген.

Олардың жауабына наразылардың көңілі толған жоқ. Өрт сөндірушілер "350 мың теңге жалақы төлеу талабы орындалмайынша кеңсе алдында жатамыз" дейді.

"ҚазТрансОйл" — "Самұрық-Қазына" ұлттық қорына қарайды. Ол мұнай тасымалдаумен айналысады, мұнай құбырларына жауап береді.

Қазақстанда, соның ішінде елдің мұнайлы батыс аймағында, кейінгі бірнеше жылда жұмысшылар ереуілі жиі болып жатыр. Жұмысшылар негізінен еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны өсіруді талап етеді. Бақылаушылардың пікірінше, наразылық түрлі кәсіпорындар мен саладағы мәселелерге назар аудартудың негізгі жолына айналған. Кей компаниялар ереуілге қатысушыларды жұмыстан шығарған. Кейбір ереуілдерден соң компаниялар жұмысшылардың талабын орындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG