Accessibility links

Шымкент соты абақтыда дерті асқынып, ауруханада көз жұмған тұрғынды кінәлі деп тапты


Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты. 30 маусым, 2023 жыл.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты. 30 маусым, 2023 жыл.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты тергеу изоляторында 7 ай отырған кезде ауруы асқынып, ауруханада көз жұмған 30 жастағы Бейбарыс Сүлейменді Қылмыстық кодекстің "Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Бұзақылық", "Өзінше билік ету" баптары бойынша айыпты деп таныды. Айыпталушының қайтыс болуына байланысты сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Марқұмның туыстары сот үкіміне келіспейді.

Бейбарыс Сүлейменмен бірге қамауға алынған бес адамның екеуі "заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды" деген айыппен, тағы біреуі дәл сол бапқа қоса "заңсыз қару иемденіп, сақтады" деген айыппен кінәлі деп танылып, үшеуі де екі жарым жылдық шартты жаза алды.

Сот қалған екі адамды бас еркіндігінен айыруға үкім етті. Олардың бірі "Тонау" және "Бұзақылық" баптарымен айыпталып, бес жарым жылға сотталды. Екіншісі "Бұзақылық" бабымен төрт жыл мерзімге бостандығынан айырылды.

Шымкент абақтысында дерті асқынған тұтқын ауруханада көз жұмды
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:12 0:00

Бейбарыс Сүлеймен және оның серіктері "2021-2023 жылы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында Loto Club ойынханасын ашып, Қазақстанда тыйым салынған электронды ойын түрлерін таратты, бухгалтерлік және қаржылық есеп туралы заң талабын бұзды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны қаржыландырды, заңсыз қару иемденіп, сақтады" деген күдікке ілінген.

Бірақ сот тергеуі барысында айыптаушылардың "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құрмағаны", "қылмыстық топты қаржыландырмағаны" анықталып, ақталды.

Сот Бейбарыс Сүлейменнің "заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырмағанын", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрмағанын" анықтап, марқұмды мұндай айыптардан ақтады.

Сот жауапқа тартылғандарға тағылған өзге айыптар дәлелденді деп санайды. Сотталушылар кінәсін ішінара мойындап, судьядан өздерін бас еркіндігінен айырмауды сұраған.

Бейбарыс Сүлеймен мен оның серіктері 2023 жылы сәуірде ұсталып, №69 түзеу мекемесіне қамалған. Қант диабеті дертімен ауыратын Сүлейменнің дерті асқынып, 22 қарашада ауруханада қайтыс болды. Ата-анасы тергеу органдарын Бейбарысты "азаптады, уақытылы дәрі бермеді" деп кінәлаған. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті тұтқынды азаптау туралы айыптарды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG