Accessibility links

Қостанайда әйелін өлтірді деп айыпталған экс-полицей 9 жылға сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

5 маусымда Қостанай қалалық соты "әйелін өлтірді" деп айыпталған полиция департаменті патрульдік полиция батальонының бұрынғы инспекторын кінәлі деп танып, 9 жылға бостандығынан айырды. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" (99-бабы 1-бөлігі) бабында қылмыс жасағаны дәлелденген айыпкерге сегіз жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы берілетіні жазылған.

"Прокурор айыптау актісінде сотталушының жасаған ісіне шын өкінгенін және қылмыстық іске жәбірленушінің адамгершілікке жат мінез-құлқы себеп болғанын жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп көрсетеді. Ауырлататын мән-жай – оның антты бұзып құқық бұзушылық жасағаны. Аталған жайттарды сот назарға алды", – деп жазылған сот хабарламасында.

Іс материалдарында ерлі-зайыпты арасында жанжал болып, ер адам әйелін тұрмыстық электр құралдың кабелімен қылқындырып өлтіргені, кейін қылмысын жасыру үшін мәйітті гаражға апарып, оны өзіне қол жұмсағандай етіп көрсетуге тырысқаны айтылған деп жазды соттың баспасөз қызметі.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші тұншығып өлген.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, сотта экс-полицейдің қорғаушысы оған "Адам өлтіру" бабында қарастырылған ең төмен жаза беруді сұраған.

Ал жәбірленуші тарап сотталушыға қатаң жаза тағайындалсын деген талап айтқан.

Сотталушы "полиция аға лейтенанты" шенінен айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG