Accessibility links

МАГАТЭ: Запорожье АЭС-інде қауіпсіздік талаптары түгелдей бұзылған


Запорожье атом электр станциясы аумағына кіреберіс жолдағы белгі.
Запорожье атом электр станциясы аумағына кіреберіс жолдағы белгі.

Украинаның Запорожье атом электр станциясындағы жағдай қауіпті болып тұр, онда ядролық қауіпсіздіктің "жеті тірегі" деп аталатын негізгі жеті талаптың бәрі бұзылған. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) директоры Рафаэль Гросси ұйымның басқарушы кеңесі алдында баяндама жасағанда осылай деп мәлімдеді.

Биыл сәуірде Запорожье атом электр станциясы кейінгі бір жарым жылда алғаш рет тікелей шабуылға ұшыраған. Соғыс кезіндегі жағдайларға байланысты станция жұмысына қажет электр жарығы мен су жиі өшіп қалады.

Сәуірден бастап Запорожье АЭС-індегі алты реактордың бәрі "салқын үзіліс" күйінде тұр. МАГАТЭ инспекторларында станцияның қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйін білу және АЭС қызметкерлерімен сөйлесу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. 28 мамырда Гросси Запорожье АЭС-індегі жағдайды "Росатом" басшысы Алексей Лихачевпен талқылаған.

МАГАТЭ инспекциясы Украина билігі бақылауындағы аймақтарда орналасқан Украинаның қалған төрт атом электр станциясында кедергісіз жұмыс істеп жатыр. Ондағы жағдай қатты алаңдатпайды, дегенмен бөлшектер жеткізу кезіндегі үзілістер мен қызметкерлердің уайымдап жүргені байқалады.

  • Запорожье АЭС – Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы. Қазір ол Ресей әскерінің қолындағы Запорожье облысының бір бөлігіне қарайды, оны "Росатомның" еншілес кәсіпорны – "Росэнергоатом" АҚ басқарады. Станция аумағы кейде шабуылға ұшырайды, бұған Украина мен Ресей бірін бірі айыптайды. Украина билігі Ресей армиясы Запорожье атом электр станциясын әскери техниканы сақтауға және әскерін орналастыруға пайдаланған деп мәлімдеді.
  • "Жеті тірек" немесе ядролық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын МАГАТЭ әзірлеген. Атом станциясы мен оның барлық жүйесі физикалық тұрғыдан бүтін болуы шарт; қауіпсіздік жүйесінің бәрі үздіксіз жұмыс істеуі керек; қызметкерлер өз жұмыс міндетін атқарып, сыртқы қысымсыз шешім қабылдауға тиіс; тұрақты және үздіксіз электр жарығы болуы керек; радиация деңгейі үнемі бақылауда болуға тиіс; реттеуші компаниямен және басқа органдармен үздіксіз байланыста болуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG