Accessibility links

Словения үкіметі Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындады


Наразылық митингісінде Палестина туын ұстап тұрған адам. Дублин, 14 қазан, 2023 жыл.
Наразылық митингісінде Палестина туын ұстап тұрған адам. Дублин, 14 қазан, 2023 жыл.

Словения үкіметі Палестинаны тәуелсіз және егемен мемлекет деп мойындады. Бұл туралы бейсенбі, 30 мамырда Словения сыртқы істер министрлігі хабарлады. Үкімет шешімін Ұлттық ассамблея – Словения парламенті бекіткен соң түпкілікті күшіне енеді. Парламент жақын арада дауысқа салады.

Словения сыртқы істер министрі Таня Файон "Словения үкіметі тарихи қадам жасағанына қуаныштымын. Израильдіктер мен палестиналықтар балаларын бейбіт, қауіпсіз және өркендеп жатқан өз мемлекеттерінде тәрбиелеуге құқылы. Палестинаны мойындау — екі ел мен олардың халқын бейбіт өмір сүруге жетелейтін жалғыз жол" деді.

Словения СІМ Еуропаның басқа елдерін де осы әрекетке үндеді. Министрлік Словения Газа секторында атысты тоқтатуды, кепілдегі адамдарды босатуды жақтайтынын және Палестина автономиясын қолдауға реформалар талап ететінін айтты.

28 мамырда Норвегия, Испания мен Ирландия Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындағаң. Израиль бұған жауап ретінде Осло, Дублин мен Мадридтегі елшілерін қайтаратын мәлімдеді.

Бірнеше айдан бері Израиль Газа секторында – қазіргі Палестина автономиясына жататын аймақта – әскери операция жүргізіп жатыр. Ол былтыр 7 қазанда ХАМАС тобы Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасағаннан кейін басталған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден астам адам қаза тапты, 250-ге жуық адамды ХАМАС күштері кепілге алып, Газа секторына күштеп әкеткен. Жүзден астам адамның тадыры әлі күнге белгісіз.

Палестинаның тәуелсіздігі мәселесі Израильмен қатар Палестина араб мемлекетін құруды қарастыратын "екі халық үшін екі мемлекет" тұжырымдамасымен байланысты. Бұл тұжырымдама 1967 жылғы алты күндік соғыстан кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 242-қарарымен бекітілген. Дегенмен бұл мәселеде Израильде де, Палестина саяси күштері арасында да ешқашан ортақ пікір болған емес: Израиль саясаткерлері тәуелсіз Палестина мемлекеті Израильге тұрақты шабуылдар жасайтын базаға айналады деп қауіптенеді, ал көптеген палестиналық радикалдар еврей мемлекетінің өмір сүруге хақы жоқ деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG