Accessibility links

Израиль мен ХАМАС қақтығысы: ең маңызды 5 сұраққа жауап


Израиль әскері мен ХАМАС арасында қақтығыс жалғасып жатқан тұста Газа секторындағы үйінен көшіп бара жатқан отбасы. 13 қазан 2023 жыл.
Израиль әскері мен ХАМАС арасында қақтығыс жалғасып жатқан тұста Газа секторындағы үйінен көшіп бара жатқан отбасы. 13 қазан 2023 жыл.

Израиль мен ХАМАС арасында ондаған жылдар бойы шешілмеген кикілжің тағы бір қақтығысқа ұласты. Бұл кикілжіңге сыртқы күштер де тартылып, Таяу Шығыстың тұрақтылығына қауіп төнді.

ҚАҚТЫҒЫС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Бұл кикілжің Израильдің өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету талабы және палестиналықтардың жеке мемлекет құруға талпынысымен байланысты.

Израильдің негізін қалаушы Давид Бен-Гурион 1948 жылы 14 мамырда қудалауға ұшыраған еврейлердің жеке мемлекетін құрды. Еврейлер қазіргі Израиль мемлекетінің территориясын өздерінің тарихи мекені санайды.

Палестиналықтар өз жерінде басқа мемлекеттің құрылуын “нақба” (апат) деп атады. Олар әп-сәтте бар мүлкінен, дербес мемлекет болу мүмкіндігінен айырылды.

Осыдан кейін соғыс басталды. Ол кезде Ұлыбританияға қарайтын Палестинадағы араб халқының жартысына жуығы — 700 мың адам туған жерін тастап, Иордания, Ливан, Сирия, Газа секторы, Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимге көшуге мәжбүр болды.

Газа секторында Израиль әскері соққысынан қираған үйінділерге қонған көгершін. 11 қазан 2023 жыл.
Газа секторында Израиль әскері соққысынан қираған үйінділерге қонған көгершін. 11 қазан 2023 жыл.

АҚШ-тың жақын одақтасы Израиль палестиналықтарды үйінен қуғанын жоққа шығарады. Тель-Авив "мемлекет болып құрылған күннің ертеңіне бізге бес араб мемлекеті шабуыл жасады" дейді.

1949 жылы тараптар келісімге келіп, соғыс тоқтағанымен, бейбітшілік орнаған жоқ.

Қазір соғыс жағдайында қалған палестиналықтар Израиль халқының 20 пайызын құрайды.

ТАРИХТА ҚАНДАЙ ҚАҚТЫҒЫСТАР БОЛДЫ?

1967 жылы Израиль Египет пен Сирияға соққы жасап, 6 күндік соғыс бастады. Тель-Авив бұл соғыста Иордан өзенінің батыс жағалауын, Шығыс Иерусалим мен Голан жотасын басып алды.

1973 жылы Египет пен Сирия Суэц каналы мен Голан жотасының бойындағы Израиль жерлеріне шабуыл жасап, Араб-Израиль соғысы басталды. Израиль үш апта ішінде қос мемлекеттің біріккен әскеріне тойтарыс берді.

1982 жылы Израиль Ливанға басып кіріп, Ясир Арафат бастаған мыңдаған палестиналық жауынгер 10 апта қоршауда отырып, соңында теңіз арқылы қашты.

2006 жылы Ливанда “Хезболла” тобының содырлары Израильдің 2 жауынгерін қолға түсіріп, Тель-Авив оған зорлықпен жауап бергенде тағы да соғыс өрті тұтанды.

2005 жылы Израиль Газа секторынан кетті. Тель-Авив бұл жерді 1967 жылы Египеттен тартып алған еді. 2006, 2008, 2012, 2014, 2021 жылдары Израиль Газа секторына әуе және зымыран соққы жасады. Аталған соғыстардан бөлек, 1987-1993, 2000-2005 жылдары палестиналықтар екі рет көтерілді. Екінші көтеріліс кезінде ХАМАС террористері Израиль азаматтарының көзін жою үшін өздерін жарып, бірнеше теракт ұйымдастырды.

Израиль солдаттары Газа секторына жақын маңда жүр, 11 қазан 2023 жыл.
Израиль солдаттары Газа секторына жақын маңда жүр, 11 қазан 2023 жыл.

БЕЙБІТ КЕЛІСІМ ОРНАТУҒА ТАЛПЫНЫС ЖАСАЛДЫ МА?

1979 жылы Египет пен Израиль 30 жылға созылған жауластыққа нүкте қоятын бейбіт келісімге отырды. 1993 жылы Израильдің премьер-министрі Ицхак Рабин мен Ясир Арафат қол алысып, Палестинаның шектеулі автономиясы туралы Осло келісіміне қол қойды. 1994 жылы Израиль Иорданиямен бейбіт келісімге келді.

2000 жылы Кэмп-Дэвидте өткен саммитте АҚШ президенті Билл Клинтон, Израильдің премьер-министрі Эхуд Барак пен Ясир Арафат түпкілікті ортақ шешімге келе алмады.

2002 жылы Араб елдері Израиль 1967 жылы басып алған жерлерінен кетіп, Палестина мемлекетін құрып, палестиналық босқындар үшін әділ шешім қабылданса, Тель-Авивпен қарым-қатынасын түзетуге уәде берді.

2014 жылы Вашингтонда қайта кездескен Израиль мен Палестина өкілдері тағы да ортақ шешім таба алмады. Содан бері бейбіт келісімге келу процесі тығырыққа тірелді.

Кейінірек палестиналықтар АҚШ президенті Дональд Трампқа бойкот жариялады. Өйткені Дональд Трамп АҚШ саясатын толық өзгертіп, бейбітшілік формуласы — қос мемлекет құру шешімін қолдаудан бас тартты.

ҚАЗІРГІ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

АҚШ президенті Джо Байден Таяу Шығыста үлкен келісім жасағысы келеді. Бұл келісім аясында Израиль мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасын жақсарту көзделген.

Соңғы соғыс Эр-Рияд және Израильмен бейбіт келісімге келген басқа да араб мемлекеттеріне дипломатиялық тұрғыдан тиімсіз.

ИЗРАИЛЬ МЕН ПАЛЕСТИНА АРАСЫНДА ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ БАР?

Даудың өзегінде қос мемлекет құру, Израильдегі елдімекендер, Иерусалим мәртебесі мен босқындар мәселесі жатыр.

Қос мемлекет құру шешіміне сәйкес, Батыс жағалау мен Газа секторында палестиналықтардың мемлекеті болуы тиіс. ХАМАС екі мемлекет болғанын қаламайды, содырлар Израильдің көзін жоюға уәде берген. Израиль Палестина аумағы Израильге қауіп төндірмеуі үшін толықтай демилитаризациялануы тиіс деген талап қойып отыр.

ХАМАС содырларының шабуылына жауап берген Израиль әскерінің әуе соққысынан кейін Газа секторында көтерілген қара түтін. 12 қазан 2023 жыл.
ХАМАС содырларының шабуылына жауап берген Израиль әскерінің әуе соққысынан кейін Газа секторында көтерілген қара түтін. 12 қазан 2023 жыл.

Көп мемлекет Израильдің 1967 жылы басып алған жерлеріне еврейлер тұрғызған елдімекендерді заңсыз санайды. Израиль бұған келіспейді, тарихқа сілтеп және Інжіл бойынша мұнда тұруға тарихи құқығымыз бар дейді. Бұл елдімекендердің аумағы күннен күнге кеңейіп барады, бұл да — Израиль, палестиналықтар мен халықаралық қауымдастық арасындағы тағы бір даулы мәселе.

Палестиналықтар мұсылмандар, еврейлер мен христиандар үшін қасиетті орын саналатын Шығыс Иерусалимді өз мемлекетінің астанасы еткісі келеді. Израиль Иерусалим "бөлінбейтін мәңгі" астана болып қалуы тиіс деп санайды. Израильдің Иерусалимнің шығыс бөлігін иелену талабы халықаралық деңгейде құпталмаған. Трамп 2018 жылы Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындап, АҚШ елшілігін Тель-Авивтен сол жаққа көшірген.

Палестиналық босқындар 5,6 миллионнан асады. Бұл — 1948 жылы Палестинадан қашып, Иордания, Ливан, Сирия, Израиль оккупациялаған Батыс жағалау мен Газа секторын паналаған азаматтардың ұрпағы. Палестина сыртқы істер министрлігінің дерегінше, тіркелген босқындардың жартысына жуығы — азаматтығы жоқ адамдар, олардың көбі лық толы лагерьлерде тұрады.

Палестиналықтар бұрыннан босқындарға үйіне оралуға рұқсат берілсін деген талап қойып келеді. Израиль палестиналық босқындарды өз территориясына кіргізгісі келмейді.

Қарай отырыңыз: Израиль мен палестиналықтар неге қақтығыса береді?

Израиль мен палестиналықтар неге қақтығыса береді? Түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:54 0:00

XS
SM
MD
LG