Accessibility links

АҚШ президенті Палестина мемлекеті туралы мәселе тікелей келіссөздермен шешілгенін қалайды


Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан

АҚШ президенті Джо Байден Палестина мемлекеттілігінің кілті біржақты мойындаулар емес - келіссөздерде жатыр деп санайды. Сәрсенбі күні Ақ үй осындай мәлімдеме жасады. Бір күн бұрын Ирландия, Испания және Норвегия алдағы күндері Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындайтынын мәлімдеген. Reuters агенттігі президенттің реакциясы осы мәлімдеме тұсында жарияланғанына назар аударады.

Вашингтонның реакциясы Еуропаның үш мемлекетінің мәлімдемесіне Вашингтонның алаңдағандығынан хабар бергендей деп жазады Reuters.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан брифинг кезінде Палестина мемлекетін мойындау-мойындамау мәселесін әр мемлекет өзі шешеді деді. Алайда президент тараптардың тікелей келіссөзі ең жақсы амал деп санайды деді ол.

"Палестина мемлекетін өзге елдердің мойындағанын АҚШ қалай қабылдайды" деген сұраққа Салливан "АҚШ одақтастарына өз ұстанымын жеткізеді" деп жауап берді. "Жағдай әрі қарай қалай болатынын көреміз" деді Салливан.

Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138-і мойындаған. Арасында Қытай мен Ресей де бар. Ал Израиль, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия Палестина тәуелсіздігін мойындамаған.

Израиль бірнеше айдан бері қазіргі Палестина автономиясының аумағына кіретін Газа секторында әскери операция жүргізіп жатыр. Ол 7 қазанда ХАМАС тобы Израильге шабуылдағаннан кейін басталған. Жихадшылардың шабуылынан 1200-ден астам адам қаза болған, шамамен 250 адам – израильдік және шетел азаматтары кепілге алынды. Жүзден астамының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.

  • Палестинаның тәуелсіздігі мәселесі Израильмен қатар Палестина араб мемлекетін құруды қарастыратын «екі халық үшін екі мемлекет» тұжырымдамасымен байланысты. Бұл тұжырымдама 1967 жылғы алты күндік соғыстан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 242 қарары түрінде бекітілген. Дегенмен бұл мәселеде Израильде де, Палестина саяси күштері арасында да ешқашан ортақ пікір болған емес: Израиль саясаткерлері тәуелсіз Палестина мемлекеті Израильге тұрақты шабуылдар жасайтын база болады деп қорқады, ал көптеген палестиналық радикалдар еврей мемлекетінің өмір сүруге құқығы жоқ деп санайды.
  • Еуроодақта Палестина автономиясын мемлекет ретінде бірқатар елдер мойындаған. Чехия, Венгрия, Польша, Болгария, Румыния және Кипр одаққа кірмей тұрып мойындаған. Швеция 2014 жылы Палестинаны мемлекет ретінде таныған. "Екі мемлекет" тұжырымдамасын қолдайтын Германия тараптар өзара келіссөз жүргізіп, Палестина мемлекеттігін мойындау соның нәтижесі болуы керек деп санайды.
  • 22 мамырда Францияның сыртқы істер министрі Стефан Сежурне Палестина мемлекетін тану "Франция үшін табу емес", бірақ ол үшін тиісті жағдайлар болуы керек деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG